Парламент • 20 Қазан, 2018

Сенаторлар Батыс Қазақстан облысын аралады

372 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысына жұмыс бабымен келген Парламент Сенатының депутаттары Бірғаным Әйтімова, Ерболат Мұқаев және Нариман Төреғалиев Теректі ауданының тыныс-тіршілігімен танысты.

Сенаторлар Батыс Қазақстан облысын аралады

Депутаттар  «Жайық-Шалқар» арнасындағы қалқымалы су станциясының жұмысымен танысты. Мал жайылымын суландыруға арналған Орал-Шалқар арнасына су толтыру мақсатында «RealStrоyInvest» мекемесі 2017 жылы басталған құрылыс аяқталған болатын. Бұл құрылыс тек мал шаруашылығына емес, көкөніс, бау-бақша салуға да оң ықпал етері сөзсіз. Осы арна көмегімен 300 мың гектар жер суландырылатын болады.

Депутаттар Ақжайық ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. 2012 жылы пайдалануға берілген 120 орындық Ақжайық ауылындағы «Айгөлек» балабақшасында бөбекжай ұжымымен кездесіп, мектепке дейінгі балалар мекемесінің жағдайымен танысты.

Теректі аудандық аурухана директоры Б.Құбаев өзі басқарып отырған мекеменің бүгінгі жай-күйін баяндады. Күніне 50-60 емделушіні қабылдайтын ауруханада дәрігерлер жетіспейтіні айтылды, мұнда бүгінгі таңда 4 маман керек болып отыр.

Депутаттар 1926 жылы ашылған Ақжайық мектебінде де болды. Қазір 517 оқушыға 70 мұғалім білім беріп отырған мектепте музей жұмыс істейді. Сенат депутаты Б.Әйтімова мұғалімдердің ағылшын тіліндегі білім деңгейіне куә боп, оқушылардың арман-мақсаттары туралы пікір алмасты.

Ауылдық Мәдениет үйінде өткен кездесуге Шалқар, Аңқаты, Ақсоғым, Шағатай, Ақжайық ауылдық округінің тұрғындары, ардагерлер, білім беру, медицина саласының қызметкерлері және жастар қатысты. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы жиындағы басты тақырып болды.

Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова аудандағы жұмыстарға оң баға беретінін жеткізіп, Елбасының Жолдауын жан-жақты түсіндіріп берді.

- Жолдаудың басты мақсаты – қазақстандықтардың әл-ауқатын аттыру боп табылады. Елбасының Жолдауын халыққа жеткізу мақсатында Сенаттың барлық комитеті еліміздің түкпір-түкпірінде осындай кездесулер өткізуді жоспарлаған болатын. Қарапайым халықпен бетпе-бет жүздесіп, сұрақтарына жауап беріп, пікірлерін тыңдауды құп көреміз,  деді Б.Әйтімова.

Жиын барысында Сенат депутаттары Нариман Төреғалиев және Ерболат Мұқаев Жолдауда көрсетілген 10 басым міндеттің әрқайсысына жеке-жеке тоқталды.