Руханият • 20 Қазан, 2018

Мектеп туризмі отансүйгіштікке бастайды

811 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ  елі үшін Отырардың орны бөлек екені талас тудырмасы хақ. Оның тарихын танып білуді, тағылым алуды жандандыра түсу мақсатында  бүгінде аудандағы   жас туристер станциясы, мектептердегі  музейлер көптің көңілінен шығатын қадамдар жасауда. Облыстағы және еліміздің басқа да өңірлеріндегі мектептердің өтініштерімен оқушыларға Отырар тарихын таныстыратын  тегін экскурсиялар ұйымдастырып келеді. 

Мектеп туризмі отансүйгіштікке бастайды

Білім мен тәрбие ошақтарындағы арнайы өлкетану үйірмелерімен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің  ғылыми қызметкерлері тығыз байланыс орнатқан. Жақында осы музейде мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасының артуы» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Өз жеріңді танып біл!» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек» деген ой-пікіріне қолдау білдірген жиын өтті.

Мектеп туризмін жандандыру оқушыларымызды тарихи жәрігерлерге бай мұраларымызбен таныстырудан басталатыны талқыланған жиынға зиялы қауым, білім беру мекемелерінің  өкілдері мен музей қызметкерлері қатысты.  Қорық-музей басшысы Айбек Жандосов пен  «Нұр Отан» партиясы Отырар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Абай Құрман бұл жолғы Жолдаудың ерекшеліктеріне тоқталып,  халықтың табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғанын баяндады. Ардагер Нұртаза Алдабергенов Жолдауды насихаттау мен оған үлес қосу әр азаматтың міндеті екенін алға тартып жұртты жұмыла жұмыс істеуге шақырды. «Рухымызды жігерлендірген Жолдау» тақыбырында баяндама жасаған Отырар музейінің бөлім меңгерушісі Досхан Жұмаханұлы оқушыларды тарихи жәдігерлерге толы бай мұрамен кеңінен таныстыруға бағытталған ұжымның жұмыс жоспарымен бөлісті.

– Елбасы Жолдауында турзимді дамытуға айрықша көңіл бөлінген. Осы мақсатта туризмді дамыту жөнінде бағдарлама әзірленіп жатыр.  Жыл соңына дейін туризм туралы заңға өзгерістер енгізімекші. Соған сай Отырар музейінің экспозициясы қайта жасақталып жаңғыртылды. Аудан әкімі Ерлан Айтахановтың ұсынысымен, министрліктің қолдауымен Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи орындарды шетелдік туристерге кеңінен насихаттау мақсатында Отырар қала жұртында Сапар орталығы салынбақшы.

Оның базасында мәдени ақпараттық және шығармашылық инновациялар орталығы жұмыс істейтін болады. Музей функцияларын мәдени ағарту деңгейіне жеткізіп, тарих ғылымы, археология, реставрация, өнертанумен ұштастыруға жағдай жасалады. Археологтарға арналған қонақ үйлер, заманауи технологиялармен жабдықталған бөлмелер, экспозиция залдары салынады.

Осынау оң қадамдар арқылы Елбасының «Өз жеріңді танып біл!» атты бастамасын бағдаршам етіп  мектеп туризмін қайта жаңғыртуға күш салатын боламыз, – дейді бөлім меңгерушісі Д. Жұмаханұлы.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше