Аймақтар • 23 Қазан, 2018

Алматыда деректі фильмдер фестивалі өтті

71 реткөрсетілді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де III Халықаралық Түркі дүниесі деректі фильмдер фестивалінің қазақстандық бағдарламасы салтанатты түрде ашылды. Бұл шара Түркі әлемі журналистер федерациясы мен Қазақ Ұлттық университетінің ұйымдастыруымен өтті.

Кинофестивальдың салтанатты ашылу рәсімінде Түркі әлемі журналистер федерациясының президенті Мендерес Дэмир, Түркияның Алматыдағы бас консулы Рыза Қаған Йылмаз, ҚазҰУ-дің бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев және Қазақстан атынан қатысқан «Кәмила әже» деректі фильмінің бас кейіпкері Кәмила Қасымова  шараның құрметті қонағы болды. «Деректі фильмдер фестивалі түркі әлемі елдерінің көпқырлы мәдени өміріндегі маңызды және елеулі оқиғалардың біріне айналды. Жалпы түркі мұрасын сақтауға, рухани байланысты нығайтуға, түркі тілдес елдердің шығармашылық интеграциясына арналған кинофестивальді өткізу біз үшін үлкен мәртебе. Осы орайда түркі дүниесінің рухани құндылықтарын насихаттап, кинофестивальді өткізуге ерекше үлес қосып жүрген Түркі әлемі журналистер федерациясының президенті, ұйымдастыру комитетінің төрағасы Мендерес Дэмир мырзаға алғысымыз шексіз»,–деді М.Бүркітбаев.

«Сегіз ел, сегіз шаһар – бір фестиваль» ұранымен өтіп жатқан фестиваль өткен жылдары Түркияның Стамбул қаласында басталып, Әзірбайжанның Баку шаһарында жалғасын тапса, үшінші рет қазақ елінде шымылдығын түрді. Әр елдегі киношерудің арнаулы бір тақырыпты қамтитындығы – фестивальдің басты ерекшелігі. Алматыда ұйымдастырылған фестиваль ана тақырыбына арналды. «Түркі Ана» атты ортақ атаумен жинақталған деректі фильмдер топтамасы тарқатқан сегіз түркі елі аналарының жан тебірентерлік қызық та мехнатты өмірі көрерменді терең ойда қалдырды. Ұлты, тілі, елі мен жерінде айырмашылық болғанымен, барлық анаға ортақ мейірім, сүйіспеншілік, кешірім, күрес ұғымы бірдей болатынын, олар үшін бұл құндылықтар мәнінің ешқашан өзгермейтінін әр елдің режиссері өмірден алынған қарапайым оқиғаларды қабыстыра отырып, шебер ширата білді.

Жыл өткен сайын кинофестивальдің географиялық аумағының кеңейіп келе жатқаны режиссерлердің деректі фильмге қызығушылығын ғана емес, оның түркі елдері тарапынан зор қолдауға ие екенін де көрсетеді. Алатыдағы фестивальде Түркия, Қазақстан, Түркіменстан, Қырғыз Республикасы, Кипр, Өзбекстан және Ресейдің (Башқұртстан және Татарстан) ең таңдаулы кино туындылары өзара сынға түсіп, әр елдегі деректі фильмнің даму деңгейі белгіленіп, таразыға түсті. Фильм мазмұны қазіргі әлеуметтік, мәдени, рухани және қоғамдық маңызы зор тақырыптарға, сондай-ақ жастар тәрбиесіне көбірек бағытталған.

Кинофестивальге 140 режиссердің жұмысы қабылданып, оның ішінен тек 12 фильм ғана ақтық сынға жолдама алған. Көпшіліктің сұрауы бойынша фестиваль ережесіне биылғы жылы бірқатар өзгерістер енгізіліп, кәсіби режиссерлер мен студенттер жеке-жеке сынға түсті. Түркітілдес елдерде деректі фильм саласын дамыту мақсатымен ұйымдастырылған фестивальдің құрметті қонақтары келер жылғы  шараның тақырыбы «Түркі Атасы болсын» деген ұйғарымға келді. Түркі елдеріндегі ер адамдардың азаматтық, психологиялық, моральдық, тұлғалық бейнесін көркем тәсілмен көрсету, оның отбасындағы, қоғамдағы орнын сипаттап, салыстыру арқылы бір-біріне ұқсастығын, туыстығын немесе даралығын ашатын деректі фильмдер көрерменнің барлық тобы үшін қызықты болары сөзсіз.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Жаңа кітаптың тұсаукесері өтті

Аймақтар • Бүгін, 18:03

Ұқсас жаңалықтар