Қазақстан • 24 Қазан, 2018

Солтүстік Қазақстан әртістері Буливар фестиваліне қатысты

337 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының труппасы Бухарест қаласында өткен «Буливардағы театр фестивалі» шарасына арнайы шақыртумен қатысып, 1986 жылғы  Желтоқсан көтерілісінің желісімен сахналанған «86» спектаклін қойды.

Солтүстік Қазақстан әртістері Буливар фестиваліне қатысты

Болгария, Италия, Ресей, Франция және тағы да басқа елдердің театр тарландарымен терезесі тең өнер көрсеткен жерлестеріміз шетелдіктердің ерекше ілтипатына бөленді. 2000 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұжым өмірінде айшықты сәттер көп. 2003 жылы алғаш рет Каир қаласында ұйымдастырылған халықаралық фестивальге қатысып, алғашқы қадамы жоғары бағаланған болатын. Енді,міне,  Қазақстан атынан жалғыз барған өнер ошағы Еуропа төрінде де де айшықты із қалдырды.

«Биыл Алматыда өткен халықаралық фестивальда біз сахналаған «86» қойылымы осы шараны ұйымдастырушы Аралука ханымға ұнап қалса керек, Румынияға келуімізді қатты өтінген болатын. Ондағы көрермендер қазақ тілін түсінбесе де, сахнадағы әрекеттерге, музыкалық үйлесімділікке, әуезді әндерге керемет  эмоциялық көңіл-күймен жауап беріп, ду қол шапалақпен қошемет білдіріп отырды», дейді С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев.

Театр қараша айында өтетін Қазақстан мен Ресей арасындағы 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумына арнайы қойылым ұсынбақ.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы