Аймақтар • 24 Қазан, 2018

Алматыда Біріккен Ұлттар ұйымының үйі ашылды

429 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мегаполистегі Ботаника бағы мен «Атакент» көрме орталығына және негізгі магистральдарға жақын орын тепкен сәулетті ғимараттың ашылу рәсіміне елшілік корпустарының және БҰҰ-ның 14 өңірлік офистерінің өкілдері қатысты.

Алматыда Біріккен Ұлттар ұйымының үйі ашылды

Жаңа нысан беделді ұйымның жоғары халықаралық стандарттарына және қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған. Мұнда БҰҰ-ның агенттіктері мен әкімшілік өкілдері жұмыс жасайтын болады. Кеңсенің ашылу рәсіміне арнайы келген ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орта Азия елдері бойынша өңірлік директоры Афшан Хан Алматыдағы жаңа офистің өңірлік өкілдіктер қызметіне тың серпіліс беретінін және Қазақстанның өркендеуіне зор үлес қосатынын, ал Қазақстанның ББҰ одан әрі дамуына барынша ықпал ететінін атап өтті.

 – Өз кезегінде БҰҰ Бас хатшысының атынан Қазақстанға, сыртқы істер министрлігіне, қала әкімшілігіне осындай игі шараларды жүзеге асырғандары және барлық өңірлерде тұрақты дамуды мақсат еткендері үшін алғыс айтамын. Бұл жаңа офис халықаралық ұйымдармен ғана емес, сонымен қатар елдің дарынды жастарымен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жаңа мүмкіндіктер береді, – деді Афшан Хан.

Бұған дейін шаһарда іске қосылған «Қала адамдар үшін» концепциясы аясында қоғамдық кеңістік модернизациялануда, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалған. БҰҰ-ның даму Бағдарламасына сай «Тұрақты көлік» жобасы да жүйелі жүзеге асып келеді. Мемлекет басшысының институционалды реформаларының арқасында тұрақты экономикалық өсім қамтамасыз етілген. Алматыда 29 консулдық пен сауда өкілдіктері бар, сонымен қатар ірі трансұлттық компаниялардың 60-тан астам кеңселері орналасқан.

Алматының тұрақты даму қағидасын ұстанатынын тілге тиек еткен қала әкімі Бауыржан Байбек: «Қазақстан – бейбітшілікті сүйетін әрі қауіпсіз ел. Біз қаланы халықаралық ұйымдардың өңірлік хабына айналдыру үшін жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа үйінің тұсаукесері біздің ортақ ынтымағымыздың тарихына алтын әріптермен жазылатынына сенімдімін» деп атап өтті.      

Аталған ұйымның еліміздегі  өкілдігі жаңа ғимаратқа биылғы жылдың соңына дейін көшеді деп жоспарланған.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ