Қазақстан • 24 Қазан, 2018

«Қорғастан» құндыз киімдерді жасырып алып өтпекші болды

421 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күздің қара суығы алқымнан ала бастағалы бері «Хоргос» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында маусымдық тауарларға деген сұраныстың көптігі күннен-күнге арта түсуде. Оған Қытай мен екі ортада күнделікті сауда-саттық мақсатымен қатынайтын адамдардың саны да төрт мыңнан асып жығылатыны дәлел.

«Қорғастан» құндыз киімдерді жасырып алып өтпекші болды

Осы орайда, ары-бері сапырылысып жақтан жолаушылар контингентінің ішінде  небір теріс пиғылды пенделер де аз емес. Олар кедендік тексеру кезінде тауарларды жасырып өтудің небір  әдістерін қолдануға тырысады. Себебі, қымбат бағалы киімдердің кедендік баж салығының тарифі жоғары болғандықтан, кеден заңына бағыну ондай адамдарға онша тиімді емес. Сондықтан да қулықтың қырық қалтарысын қолданудың небір әдістерін ойластырады. Осындай қысылтаяң сәттерде бірлесе іс-әрекет ету шаралары ғана тиімді нәтиже беретіні сөзсіз.

Жуырда, яғни 22 қазан күні кезекті кедендік тексеру кезінде теріс пиғылды контрабандистердің жымысқы әрекеті кеденшілердің назарынан тыс қалмады. Кеденшілер мен шекара қызметі және «Қорғас» полиция бөлімі қызметкерлерімен бірлесе отырып әрекет етудің нәтижесінде 70 дана қымбат бағалы терілерден (негізінен құндыз) тігілген сырт киімдер ұсталды. Бұл туралы Алматы облыстық мемлекеттік кірістер департаменті «Алтынкөл» кеден бекетінің баспасөз қызметі хабар таратты.

Қазіргі уақытта ұсталған тауарлардың кедендік құнын анықтау және аталмыш тауарларға қатысы бар адамдарды жауапкершілікке тарту мәселелері қолға алынуда.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ