Әдебиет • 25 Қазан, 2018

Манап Көкеновтің ­­90 жылдығына орай мәдени шара өтті

1500 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен аптада Жаңақорған ауданында халық ақыны Манап Көкеновтің ­­90 жылдығына орай мәдени шара өтті.

Манап Көкеновтің ­­90 жылдығына орай мәдени шара өтті

Манап Көкенов 1928 жылы 20 мамырда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 15 жасын­да дүбірлі дода­ларға қатысқан болашақ халық ақыны, 16 жасынан Қызыл отау меңгерушісі болып қызмет ат­қар­ды. Көзі тірісінде-ақ айтыс мектебі ашыл­ған ақынның шә­кірт­тері Замадин Иба­дуллаев, Ния­толла Раманқұлов, Елена Әбді­қа­лықова, Әбілхайыр Сыз­дықов айтыстың ерен жүйрік­теріне айналды. М.Көкенов айтыс ақыны ғана емес, мәдени және тарихи ескерткіштерді зерт­теуші, халық мұрасын қас­тер­леп жинаушы және насихатшы бола білді. «Әзірет Сұл­тан» қорық-мұражайының кітапха­насын 3-4 ғасырлық тарихы бар 14 кітап пен деректі құжа­т­тармен то­лықтырды. Сол секілді Сү­гір­дің ұстазы композитор Әл­шекей Бектібаевтің 14 күйін зерттеп, оның 9 күйін қазақ телерадиосы арқылы эфирге шығарды. 

Ақынның 90 жылдығына арналған мерейлі мерекеде Манап ауылы тұр­ғын­­да­рына тамаша тарту жасалды. 100 орындық Алла үйінің ашылу сал­танатында «Ақмешіт-Сыр­да­рия» ме­шітінің бас имамы Болат­бек Әбуов ізгі тілегін білді­ріп, Құран кітабын тарту етті. Облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамов, аудан әкімі Ғалым Әміреев пен бірқатар ардагер жылы лебізін білдіріп, ақ батасын берді.

Мерейтойға жиналғандар «Ма­нап салған ізбенен» атты этно-көр­ме­ қа­лашығын араласа, «Ақын әле­мі»­ театрландырылған қойылым көпшілік көңілінен шықты. Бұл кеште «Сүлейлердің соң­­­ғы тұяғы» атты ақын­ның таң­­­­­дамалы жинақ кітабы мен «Manap.kz» сайтының тұсауы кесілді. 

Ал М.Көкенов атындағы аудан­дық мәдениет үйінде халық ақынының бюсті ашылды. Сондай-ақ айтыстың ақ­таң­геріне арналған республи­калық ретро айтыс өтті, оған Абаш Кә­кенов, Айтақын Бұл­ғақов, Дәу­леткерей Кәпұлы, Бек­арыс Шойбеков, Әбілхайыр Сыз­дықов сынды айтыс саң­лақ­тары қатысты. Ақынның мерейтойына орай ұйым­дастырылған шаралар спорт сайыстарымен жалғасын тап­ты. 2006-2013 жылы туған жас­өспі­рімдер арасында таэквондодан облыс­тық ашық турнир өтті. Спорт­тық шараға Қы­зылорда қаласы, Шиелі және Жаңақорған ауданынан келген сегіз команданың 163 спорт­шысы қатысты.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»