Қарулану жарысы қайта бастала ма?
АҚШ президенті Дональд Трамп 20 қазанда Ақ үй мен Кремль арасындағы Орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімшарттан бас тартатынын мәлімдеді. 1987 жылы АҚШ президенті Рональд Рейган мен КСРО-ның бас xатшысы Михаил Горбачев қол қойған бұл келісімшарттың басты мақсаты құрлықта орналасқан ядролық зеңбіректер мен басқа да зеңбіректерді орта және қысқа қашықтыққа тасымалдай алатын зымырандарды жою болатын. Теңізде және әуеде пайдаланылатын зымырандар бұл талапқа кірген жоқ.
Орта қашықтыққа ұшатын зымырандарға 500 шақырым мен 5500 шақырымға дейін ұшып бара алатын баллистикалық және қанатты зымырандар жатады (1000 шақырымға дейін – қысқа қашықтық, 1000 шақырымнан 3000 шақырымға дейін – орташа қашықтық, 3000 шақырымнан 5500 шақырымға дейін – орта қашықтық). Келісімшартқа сәйкес, АҚШ пен КСРО, кейінірек АҚШ пен Ресей осындай бірнеше категориялардағы зымырандарды жасап шығармауға, сақтамауға және орналастырмауға міндетті еді. Алайда аталған Келісім орта және қысқа қашықтыққа ядролық зеңбіректерді тасымалдай алатын зымырандарды жоюды ғана қамтып, ядролық зеңбіректерді қысқартуды немесе жоюды мақсат еткен жоқ.
Бұл мәселелерді тәптіштеп түсіндірудің өз себебі бар. АҚШ пен Ресей Келісімшартқа сәйкес өз елдерінде орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жоюға және жаңаларын жасап шығармауға уағдаласып жатқан кезде өзге алып ел өз жерінде дәл осы категорияларға жататын зымырандардың санын көбейтіп жатты. Ол – Қытай елі.
АҚШ тарапы осы жолы Келісімшарттан шығуды қарастырып отырғанын мәлімдеді. Бұған Ресейдің 2014 жылдан бастап жаңа қанатты зымырандарды жасап жатқанымен байланысты екенін алға тартып, солтүстіктегі көршімізді кінәлап отыр. Әйтсе де президент Д.Трамп АҚШ тарапының мұндай байламға келуінің басты себептерінің бірі ретінде Қытайдың да осы салада күшейгенін атап өтті. АҚШ әскерінің бірқатар жоғары шенді тұлғалары Келісімшартқа Қытай да қосылса, бұл елде жасалған 2000 зымыранның 95 пайызы болмас еді дегенді алға тартады. Ендеше, Қытайда бүгінде 1900 орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымыран бар деп қорытынды жасауға болады.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласының белгілі маманы, АҚШ Республикашылар партиясының мүшесі, сенатор Томас Коттон 21 қазанда былай деп мәлімдеді: «АҚШ-тың Келісімшарттан шығуға қатысты шешімінің астарында Ресейден бұрын Қытай факторы жатыр. Өйткені орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарға қатысты Қытайға ешқандай шектеу қойылмаған, сондықтан бұл ел көптеген зымыранды жасап шығарып, өз елінде орналастырып, АҚШ пен оның одақтастарына үлкен қауіп төндіріп отыр. Ал АҚШ болса ондай зымырандарды жойып, жаңадан жасап шығармауға міндеттеме алып келді».
АҚШ-тың әскери билігі де Шығыс Азия елдері мен НАТО-ға мүше елдердің қауіпсіздігіне Қытайдың зымырандарынан төніп тұрған қауіп туралы мәлімдемелер жасап отыр. Осы жылдың наурыз айында АҚШ Сенатының әскери мәселелерге қатысты комитетінде Азия және Тынық мұxиты аймағындағы америкалық бірлескен әскердің қолбасшысы Гарри Харрис (қазіргі АҚШ-тың Оңтүстік Кореядағы елшісі): «Қытай әскері баллистикалық зымырандар жасау саласында көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, әртүрлі категориядағы зымырандарды жасап, олардың форматтары мен дәлділік көрсеткіштерін жақсартуға көп күш жұмсап отыр. Олардың арасында, әсіресе теxнологиялық тұрғыдан ең қатты дамып келе жатқаны – орташа қашықтықтағы зымырандар (IRBM). Қытай еліндегі зымырандардың 90 пайыздан астамы зымыранның дәл осы түрі», деп мәлімдеген еді. Оның айтуынша, қытайлық бұқаралық ақпарат құралдары елдегі жаңа зымырандарды үлкен мақтанышпен жарнамалаған сайын олардың ешкімге қарсы қолданылмайтынын қайталап жүр. Бірақ әр зымыранның қандай қашықтыққа ұшып бара алатыны жайындағы ақпараттан қай зымыранның қай елге қарсы жасалғаны жайлы анық түсінуге болады. «Егер қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандар Тайвань мен осы аймақтағы америкалық ұшақ тасымалдаушы кемелерді нысанға алып отырса, орта қашықтықтағы зымырандар Жапонияда орналасқан америкалық әскери базалар мен америкалық Гуам аралдарын нысанаға алған. Осындай қауіпке тежеу қою үшін АҚШ әскері де Қытай территориясын нысанаға ала алатын зымырандарды қолда ұстап тұруы қажет. Бірақ АҚШ пен Ресей арасындағы Келісімшартқа сәйкес америкалық тарап жерде орналастырылатын орта қашықтықтағы зымырандарды иелене алмайды, сондықтан АҚШ пен Қытай арасында теңсіздік жағдайы туындады», деді Г.Харрис.
Осылайша АҚШ өкілі Ақ үй тарапының Қытайдың орта қашықтыққа ұшатын зымырандарына қарсы шара қолдануға қолы байланып отырғанын алға тартып, Аспанасты еліне қарсы күші төмендеп отырғанына алаңдаушылық танытты. Бұл Шығыс Азиядағы елдердің, соның ішінде әсіресе Жапонияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесімен тікелей байланысты. Яғни, Қытай әскерінің қолында Жапонияға дейін ядролық зеңбірек тасымалдай алатын жүздеген орта қашықтықтағы баллистикалық және қанатты зымыран бар. Ал Жапонияда оның біреуі де жоқ. Ал одақтас мемлекет ретінде Қытай және басқа елдерден Жапонияны қорғауға міндетті АҚШ-тың өзінде ондай зымырандардың аз, тіпті жоқтың қасы екенін ескерсек, онда расында Шығыс Азия аймағында әскери және қару-жарақтық теңсіздік туындағанын байқау қиын емес.
АҚШ партияларының өкілдері, АҚШ-тың барлық президенттері тежегіш күшті мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған саясаттың басты тұғыры етіп келді. Бірақ, орта қашықтықтағы зымырандарды азайту мен жоюды көздеген Келісімшарттың талаптарын орындау АҚШ-тың тежегіш күшін әлсіретіп, қауіпсіздік тұрғысынан тиімсіз жағдайға әкеп соқты.
Орта қашықтыққа ұшатын зымырандарын көптеп ұстап отырған Қытай ғана емес. Соңғы жылдары Солтүстік Кореяның өзі АҚШ-қа сес көрсеткені белгілі. Сондықтан америкалық саясаткерлер арасында АҚШ-тың аталған Келісімшарттан шығып, Шығыс Азиядағы қару-жарақтық теңдікті орнату қажеттілігі туралы біраз уақыттан бері айтылып келе жатыр. Тіпті, АҚШ тарапынан аймақтағы одақтас мемлекет болып отырған Жапонияға қатысты нақты мәлімдемелер де жасалған болатын. Мысалы, бүгінгі таңда Д.Трамп әкімшілігінде Шығыс Азия аймағындағы қауіпсіздік мәселелеріне жауапты қорғаныс министрінің көмекшісі қызметін атқарып отырған Рандалл Шрайвер «Project 2049 Institute» атты аналитикалық орталықты басқарып жүрген кезде 2011 жылы дайындаған «ХХІ ғасырдағы Азиядағы одақ» атты қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына қатысты стратегиялық құжатта Жапонияға қатысты төмендегідей мәлімдемелер жасаған: «Қытай Жапонияға шабуыл жасай алатын орта қашықтықтағы зымырандарды көптеп орналастырып, қауіп төндіріп тұрғанына қарамастан, Жапонияда ондай қауіпті тежей алатын күш жоқ. Егер Қытай Жапонияға шабуыл жасай қалса, оған лайықты тойтарыс берілуі үшін, Қытай иеленіп отырған орта қашықтықтағы зымырандар Жапонияда да болуы керек. Сонда ғана Жапония Қытайдан келер қауіпті тежей алуы мүмкін. Егер Жапония өзін-өзі қорғау мақсатында орта қашықтықтағы зымырандарды жасап шығарып, оларды тиісті жерлерге орналастырмаса, онда Қытайдан келетін қауіпке қарсы жалғыз тежегіш күш АҚШ-тың зымырандары ғана болып қала береді. Бірақ АҚШ-тың бұл категориядағы зымырандарына АҚШ пен Ресей арасындағы Келісімшарт тыйым салып отырғанын ескерсек, Қытайдан келер қауіпке қарсы тежегіш күшті қамтамасыз ету мақсатында АҚШ аталған Келісімшарттан шығуды қарастырғаны жөн».
Осылайша Жапонияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың Келісімшарт талаптарын орындаудан бас тартуы тиіс деген ұсыныстар америкалықтар арасында осыдан жеті жыл бұрын айтыла бастаған еді. Оның үстіне мұндай ұсынысты жасаған адам бүгінгі таңда АҚШ Қорғаныс министрінің көмекшісі ретінде жоғары лауазымды және жауапты қызмет атқарып жүргенін ескерсек, Д.Трамп әкімшілігі АҚШ пен Ресей арасындағы аталған Келісімшарттан бас тартса, Жапония үкіметі оған қарсы болмайтыны анық. Өйткені ондай жағдайда АҚШ-тың орта қашықтыққа ұшатын зымырандары жапон жеріне де орналастырылады және бұл Жапония үшін сырттан келер қауіпке қарсы тежегіш күшке айналады.
Алайда АҚШ өзі мен одақтастарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Келісімшарттан бас тартқан жағдайда мұндай әрекеті арқылы Ресей және Қытай мемлекеттерімен қарым-қатынастарын одан әрі нашарлатып алатыны айтпаса да белгілі. Оған қоса, АҚШ-тың мұндай шешімі Қытай мен Ресейді одақтас санайтын Солтүстік Кореяның да ядролық қаруды жоюға қатысты АҚШ және Оңтүстік Корея басшыларымен өткізіп келген келіссөздеріне кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Азия-Тынық мұxит аймағындағы, әсіресе Шығыс Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған АҚШ-тың саясаты «былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» дәл өзі болып тұр. Қайткен күнде де Шығыс Азиядағы ахуал әлі де өзгермей, тіпті xалықаралық қатынастар жүйесінде ең маңызды орында тұратыны анық.
Батырxан ҚҰРМАНСЕЙІТ,
шығыстанушы,
арнайы «Егемен Қазақстан» үшін