Назарбаев орталығында өткен форум жұмысына Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, сондай-ақ Парламент пен қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері және жастар бірлестіктерінің жетекшілері қатысты.
Жиынды ашқан Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев: «Осыдан 15 жыл бұрын Қазақстанның азаматтық альянсының бастамасымен елімізде алғаш рет үкіметтік емес ұйымдар өз жұмысын бастаған болатын. Осы арқылы мемлекет пен қоғам, азаматтар мен билік арасындағы конструктивтік диалогқа, қоғамдық келісім мен татулыққа қол жеткіздік», деді.
Ведомство басшысының айтуынша, Қазақстанның бұл тәжірибесі халықаралық деңгейде қолдау тауып отыр. Сонымен қатар министр мәлімдемесінде ҮЕҰ өкілдері үшін жағымды жаңалығын жеткізді. «Форум барысында аталған салаға қатысты жағымды жаңалықпен бөліскім келеді. Астанада азаматтық бастамалар орталығының құрылысы басталды. Одан бөлек әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған бірқатар жобалар қолға алынуда. Еліміздің барлық өңірлері бойынша әлеуметтік жобалардың карталары жасалады. Жалпы, Астанаға бүкіл республика бойынша Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың шамамен 11%-ы келеді», деді министр.
Бүгінгі таңда ҮЕҰ бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. 5300 ҮЕҰ тіркелген, бұл республикадағы барлық ҮЕҰ ¼ бөлігін құрайды. Астана қаласында 2700 ҮЕҰ тіркелген. Бұл республика бойынша 12%-ды құрайды.
Президиум мүшесі Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов ҮЕҰ азаматтық қоғамдағы маңызды жұмыстарды атқарушы ғана емес, мемлекеттік әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы сенімді серігіне айналғанын айтты. «Бүгінде Астана әкімдігі мен 30-дан астам ҮЕҰ бірлесіп 464 миллион теңгеге 66 әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырды. Бұдан бөлек мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда ҮЕҰ қоғамдық пікірді ескере отырып жұмыс істеу мүмкіндігін туғызады. Сондықтан бүгінгі форумда біз қоғамды дамытуға бағытталған әрбір жоба мен басқа да шешілмей жатқан мәселелерді көтеріп, бірлесіп қарастыратын боламыз», деді Бақыт Сұлтанов.
Астана қаласы әкімінің айтуынша, бүгінде елордалық ҮЕҰ халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Форум барысында қатысушылар сұрақ қойып, жиын соңы пікір алмасуға жалғасты. ҮЕҰ үшін гранттар ұсыну, Астана қаласының ҮЕҰ мен азаматтық қоғамға қолдау көрсететін азаматтық бастамаларды қолдау ресурстық орталығын құру туралы мәселелерді қарастырған қарар қабылдады.
Форум соңында 19 тамыз бен 20 қыркүйек аралығында өткізілген әлеуметтік жобалар байқауында үздік деп танылған қатысушыларды Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев марапаттады. Айта кетейік, қарашаның 27-28 күндері Елбасының қатысуымен Республикалық азаматтық форум өтеді.
Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»