Қазақстан • 26 Қазан, 2018

Алматыда ағартушы-ұстаз Шамғали Сарыбаевтың 125 жылдығы аталып өтті

1304 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, ағартушы-ғалым, лингвист, ақын, әдебиеттанушы, алаш ардақтыларының жалғасы Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың 125 жылдығына орай Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде «ХХІ ғасырдың ғылыми-ағартушылық парадигмалары: рухани құндылықтар аясындағы тіл және мәдениет» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Конференцияның ғылым мен білімнің қарашаңырағы атанған осы оқу орнында ұйымдастырылуы кездейсоқ емес. 

Алматыда ағартушы-ұстаз Шамғали Сарыбаевтың 125 жылдығы аталып өтті

Университет іргетасын қалыптастырып, кәсіби білімнің алғаш шамшырағын жаққан ұлт мақтаныштары О.Жандосов, С.Асфендияров, А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Х.Досмұхаметов, І.Қабылов, Т.Жүргеновтер болса, әр жылдары дәріс оқып, ұстаздық еткен Қ.Жұбанов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев,С.Аманжолов, М.Ғабдуллин, І.Кеңесбаев, тағы басқа белгілі білім-ғылым қайраткерлерінің қатарында Шамғали Харесұлының да есімі де ерекше аталады. Ол осы институтта оқытушы, кафедра меңгерушісі болуымен қатар, оқу-ағарту саласында өзі өмір сүрген уақытың қиындығына қарамастан орасан үлес қосқан ұлт ұстаздарының бірегей болды.

Конференцияны кіріспе сөзбен ашып, жиынды жүргізген Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев Қазақстан ағартушылық легінің бастауында тұрған тұлғаның ғылымдағы ізі мен еңбегін айшықтаған, оның педагогикалық, лингвистикалық және мәдени мұраларын зерттеп-зерделеу ісін жан-жақты саралған мазмұнды баяндама жасады. 1938-1954 жылдар аралығында осы оқу ордасының қабырғасында жүріп қызмет істеген кезең  Ш.Сарыбаевтың ғылымға сүбелі үлес қосқан, ең нәтижелі уақыты болды. 1944 жылы ғылым кандидаты, доцент атағын алған. Көптеген ғылыми еңбектерін де осы институт қабырғасында жүріп жазды. Ш.Сарыбаев – қазақтың тұңғыш әдіскер ғалымы. А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ тіл білімі ғылымы корифейлерінің ізін басып келген ғалым. Халық ауыз әдебиетіне де елеулі үлесін қосқан. Ғалымның айтыс өнерін дамытып, оны заңдастыруға қосқан елеулі еңбегі бар.

Кеңестік республикада мектеп ісін дұрыс жолға қою, мұғалім даярлау, қазақ тілін оқыту әдістемесін жүйелеу секілді ең күрделі, қадірін көпшілік біле бермейтін, істегені көзге көрінбейтін іспен айналысып, бірқатар ғылыми әдістемелік еңбектердің авторы атанды. «Қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері», «Жазып-үйретудің әдістері», «Мектеп тәжірибелері», «Қазақ тілі методикасының программасы», «Үлкендер үшін әліппе», «1 класс үшін оқу кітабы» және басқа да тәжірибе негізінде жазған еңбектері қазақ ағарту майданында білімнің шамшырағы болып жарық шашты, білімге іңкәр жұрттың көзін ашты.

Қазақ зиялылары жаппай қуғын-сүргінге түсіп, атылып, жер аударылған нәубетті жылдардың естелігінен Ш.Сарыбаевтың да есімі тысқара қала алмайды. Мәжбүрлі түрде Меркіге кетіп, 1949 жылы Алматыға қайта қоныс аударып келген анасы Фатима Ғабитова айналасынан шетқақпайлық көріп, кешегі жақындардың жатқа айналып, жалғыздықтан жапа шегіп жүрген кезінде, Әуезовтің отбасысына Шамғали Сарыбаевтың жылылық танытып, көп қолдау жасағанын белгілі қоғам қайраткері, жазушы-ғалым Мұрат Әуезов  еске алып, сол қиын жылдарда демеу болғаны үшін ұрпағына рахмет айтудың мүмкіндігі туғанына ризашылық білдірді. «Бала кезімнен бұл әулетті өте жақсы көріп өстім. Оң-солымды танымаған жас бала болсам да, мен сонда Шамғали ағамыздың үлкен ғалым ғана емес, ержүрек азамат екенін де байқадым», дейді М.Әуезов.

«Егемен Қазақстан» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі: «Қазақта «Су сүзілмейді, сүйек үзілмейді» деген ұлағатты сөз бар. Сүйегі үзілмеген текті әулеттер арғы тариxымызда көп болған, қазір де жоқ емес. Алашқа қызмет ету үшін жаралған сондай әулеттің бірі – Сарыбаевтар әулеті дер едік» деп, қазақ ғылымы мен мәдениетіне бірнеше мақтаныш тұтар тұлға сыйлаған Сарыбаевтар әулетінің бастауында тұрған Шамғали Харесұлының «Хусаиня» медресесінен жинаған ілім-білім қазынасының жалғасы болған ғылымдағы ізгілікті ісін тарихи тың деректермен толықтыра әңгімеледі.

Шамғали Сарыбаевтың ұлтының алдындағы қызметі мен тағылымды өмірін баяндамашылар әр қырынан ашуды мақсат етті. Филология ғылымдарының докторы, профессор Фаузия Оразбаева «Ш.Сарыбаевтың тілдік-рухани мұрасы» төңірегінде, тарихшы-ғалым, профессор Мәмбет Қойгелді оның Ташкентте өмір сүрген жылдардағы қызметі мен ағартушы-ұстаз ретіндегі еңбегі туралы, филолог-ғалым Құралай Күдеринова лингвист ғалымның кітаптары, қазақ лексикасына қосқан жаңалығы, ғылыми еңбектерінің маңызы жайлы қызықты баяндамалар жасап, конференция қатысушыларына қажетті мол мәліметтер ұсынды. М.Қойгелді ғалымның баласы Шора Сарыбаевтан арнайы сұхбат алғанын, сол сұхбатта айтылған: «Аумалы-төкпелі заманда қызмет еткен әкемнің тағдыры, отбасының өмірі оңай болған жоқ. 1932 жылы тұрып жатқан үйімізді өкімет алып қойды. Әкем Журналистика институтында жұмыс істейтін.

Сол заманда әрбір сөз, қимыл, әрекеттерді бақылауға алған кезең еді ғой. Бір қонақта отырғанда әкем «А.Байтұрсыновтан басқалары саяси әңгіме айтпайды» деген екен. Көп ұзамай «Қазақ әдебиеті» газетінде әкем туралы «Ұлтшыл, фашистердің асырандысы» деген үлкен мақала шықты» деген пікірі арқылы Шамғали Сарыбаевтың тағдырында алаш қайраткерлерінің идеясы таңбаланғанын аңдаудың қиын еместігін мысал етті. Қ.Күдеринова әңгімелеген «Күнделік керектер» кітабы – сол заман журналистикасына қосылған елеулі үлес қана емес, бүгінгі кезеңге дейін өміршеңдігін, маңызын жоймаған керек еңбек.

Сәтті өткен конференция жұмысын түйіндеген Ш.Сарыбаевтың немересі, Қазақстанның Австриядағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Сарыбаев ғылыми ауқымды шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, университет студенттеріне рухани құндылықтарға адалдық танытып, ағартушы-ұстаз аталарының салып кеткен сара жолын жемісті жалғастыруына тілек қосты. Т.Оспанұлы бүгінде тамырын тереңге жіберіп, жапырағы жайқалған Сарыбаевтар әулеті ата тәжірибесін жалғастыра отырып, алдағы уақытта да абыройлы істерімен мезгіл межесінен көріне беретініне сенім білдірді.

Конференция соңында университет ректоры Т.Балықбаев Д.Қыдырәлі, Қ.Сарыбаев, М.Сарыбаева, Қ.Құрманәлі сынды бірқатар ғалымдарды университеттің 90 жылдық мерейтойына орай шығарылған медальдармен марапаттады. Ағартушы-педагогтар шоқ жұлдызының жарқын өкілі Шамғали Сарыбаев туралы жаңа кітаптың тұсауы кесілді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ