Орталықты аралау барысында Премьер-Министрге соңғы төрт жылда өңір экономикасының өсімі 4,2% құрағаны мәлімделді. Алматы облысының жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) бірінші жарты жылдықта 1,09 трлн теңгені құрады. Бүгінгі таңда Алматы облысы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің жалпы республикалық көлемінің 17% береді.
«Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі осы жылдың қаңтар–қыркүйек айларында 488 млрд теңгені құрады: 2017 жылмен салыстырғанда өсім 3,5% құрайды, 2022 жылға қарай 5% деңгейінде қамтамасыз ету көзделген. Өңірде басымдықты дақылдардың: қант қызылшасы, жүгері алқаптарын ұлғайту жұмыстары жүргізілген, қант өндіру және жүгеріні терең өңдеу жұмыстары ретке келтірілген. Мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі жыл сайын артып келеді», — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Л. Тұрлашов.
Саланың қарышты дамуы үшін аса маңызды фактордың бірі — ауыл шаруашылығына салынатын инвестициялар өсімі. 2017 жылы АӨК-ке 42,7 млрд теңге, 2018 жылы – 53,8 млрд теңге тартылды. 2022 жылға қарай облыс әкімдігі осы санды 99 млрд теңгеге дейін жеткізуді көздеп отыр.
Облыста экономика секторлары тұрғысынан өңдеу өнеркәсібінің экспорты басым (өңірдің жалпы экспортының 90%). Бұл негізінен — азық-түлік, жеңіл, химия және фармацевтика, құрылыс және машина жасау салалары.
«Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында біз экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға кешенді қаржылық және қаржылай емес қолдау көрсету құралдарын кеңейтеміз. Осы мақсатқа алдағы үш жылда 500 млрд теңге бағытталады. Бөлінген қаражат жеңілдікті несие беруге және экспорталды қаржыландыруға, мемлекеттік кепілдік беруге, экспортшылардың көлік шығындарын өтеуге бағытталады», — деді Л. Тұрлашов.
Облыс әкімінің орынбасары Ж. Тұяқов өңірде кәсіпкерлікті дамыту туралы баяндай отырып, Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту, «Бизнестің жол картасы–2020» және «Даму» мемлекеттік бағдарламалары аясында бизнесті қолдауға 11,1 млрд теңге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, ШОБ субъектілері тек өткен жылдың өзінде 1,1 трлн теңгеге өнім шығарған (өсім – 6,7%).
«Осы жылдың 9 айында 1,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, 14 млрд теңге инвестициялар тартылды. Жалпы, осы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес саласындағы белсенді субъектілерінің саны 113,7 мың бірлікті немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102,5%-ды құрады. Қазіргі уақытта өңірдің ЖӨӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерлік үлесі 28%-ды құрайды, 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 40%-ға дейін арттыру жоспарланған», — деді Ж. Тұяқов.
Сонымен қатар, өңірде өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі 640,3 млрд теңгені құрады. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде көмір мен лигнит көлемі 1,6 есе, металл кендерін өндіру 2,7 есе өсті. Өңдеу өнеркәсібінде азық-түлік өнімі өндірісі 6,8%-ға, машина жасау — 25,2% -ға, темекі өнімдерін шығару — 4,8%-ға, дайын металл бұйымдары — 18,8%-ға өсті.
ИИДМБ мен Индустрияландыру картасы аясында 2018 жылы 650-ден астам жұмыс орнын құрумен 19,3 млрд теңге сомасына 5 жобаны іске асыру көзделген. Олардың ішінде: «Империя Фуд» ЖШС ет комбинатының құрылысы, «Маравен Фуд Тянь-Шань» ЖШС азық-түлік өнімдерін шығару зауыты және т.б. Ірі жобаларды іске асыру есебінен негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өсті (373,2 млрд теңге). Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының көлемі артып, 181 млрд теңгені немесе 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102,8% құрады.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2015 жылдан бастап республикалық маңыздағы 2,4 мың шақырым автомобиль жолы реконструкцияланды. Биыл жалпы ұзындығы 4,6 мың шақырым болатын 24 жоба бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Алматы облысы бойынша 2018 жылы жол құрылысын қаржыландырудың жалпы көлемі 51 млрд теңгені құрайды, соның ішінде жергілікті жолдар желісін дамытуға — 15,6 млрд теңге. Бөлінген қаражаттар есебінен жол құрылысы жұмыстарымен 1,3 мың шақырым автожол қамтылды.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы бағыты бойынша өңірде 148 тұрғын үй салынып жатыр, бұл — 796 пәтер. Осы жылдың тоғыз айында тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 1,6 есеге артты. Осы жылдың соңына қарай 706,6 мың шаршы метр тұрғын үй жоспарын орындау көзделген.
Сонымен қатар, Л. Тұрлашов Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру туралы баяндады. Бірінші бағыт бойынша облыста өткен кезеңде «7–20–25» ипотекалық бағдарламасы бойынша тұрғын үй алуға жазылған 56 өтінім мақұлданды.
Екінші бағыт аясында, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап, ең төменгі жалақы алатын жұмысшылардың жалақысын көбейту мақсатында салық жүктемесі 1%-ға төмендейді. Нәтижесінде 133,5 мың адамның еңбекақысы көтеріледі.
Үшінші бағыт — жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту. 2018–2019 оқу жылында барлығы 5231 мемлекеттік грант берілді, бұл өткен жылғыдан 1367 артық. 2930 орындық 10 жатақхана салынады.
«Шағын несие беруді көбейту» бағытын іске асыруға 2018 жылы қосымша 1,3 млрд теңге бөлінді. Жалпы 1176 адамды қолдауға 5,4 млрд теңге бөлу жоспарда бар. Қазіргі таңда 868 адам шағын несие алған.
Бес әлеуметтік бастаманың бесінші бағыты тұрғысынан 2018 жылы 3 қала мен 12 аудан газдандырылады. Келер жылы ұзындығы 224 шақырым болатын «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбырының құрылысы басталады. Осылайша, 142 елді мекен көгілдір отынмен қамтылады.
Сонымен қатар, Премьер-Министр Талдықорған қаласының жаңа әлеуметтік-мәдени нысандарын аралады. Атап айтқанда, биыл қараша айында пайдалануға берілетін Драма театрының құрылысы барысымен танысып, «Салтанат сарайы» неке сарайына барды.