Аймақтар • 27 Қазан, 2018

Таразда Қайрат Рысқұлбеков саябағы жаңғыртылды

2143 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда ғана Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен Тараз қаласының орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков саябағы мен саябақ ішіндегі батырдың ескерткішін қайта жаңғыртудан өткізу жұмысы басталған болатын. 

Таразда Қайрат Рысқұлбеков саябағы жаңғыртылды

Аз ғана уақыттың ішінде бұл саябақ адам танымастай өзгеріп, жаңаша сипат алды. Бүгінгі қала күні мерекесі қарсаңында Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ ел игілігіне берілді. Бұл күні біртуар перзентінің рухымен қайта қауышқан көпшілік саябаққа көптеп жиналды. Нақақтан шаһит кеткен батырдың рухына тағзым етіп, қаһарманның қайта жаңғыртылған ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Жиын барысында жазушы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан, «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Мұрат Бердалиев және Қайрат Рысқұлбековтің әпкесі Гүлнәр Рысқұлбекова сөз сөйлеп, Қайраттай қайратты ердің өмір жолындағы ерлік сәттеріне тоқталды. Желтоқсан оқиғасының нақақ құрбанына айналып кете барған батыр туралы естеліктер айтылды.

Қайрат Рысқұлбеков ескерткішінің ашылу салтанатынан соң қонақтар саябақ ішінен ашылған «Желтоқсан-86» орталығында болды. Қала қонақтары мен тұрғындары қайта жаңғыртудан өткен Қайрат Рысқұлбеков саябағын тамашалады. Бүгінде саябақтың жалпы аумағы алты жарым гектарды құрайды. Жалпы сметалық құны 403,9 миллион теңгені құрайтын саябақтың эскиздік жобасын «Табыс жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірлеген.

Саябақтағы Қайрат Рысқұлбеков ескерткішінің өзі назар аударарлық. Қаймықпай жалынға қарсы жүгірген батыр бейнесі көпшілікті тебірентпей қоймасы анық. Ал саябақ кіреберісінде жазылған Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов, Қайрат Рысқұлбеков сияқты алып тұлғалардың нақыл сөздері де еліміздің ұлы мұратын айғақтап тұрғандай. Сонымен қатар, бүгін аталған саябақ ішінен «Желтоқсан-86» орталығы, «Тәуелсіздік ұшқыны» аллеясы, қайта жаңғыртудан өткен «Ардагерлер үйі», «Ғибрат» орталығы және «Шахмат» алаңы ашылып, ел игілігіне берілді. Бұдан былай тараздықтар мен қала қонақтары Қайрат Рысқұлбеков саябағына келіп, осындай кереметтерді тамашалай алады.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы