Аймақтар • 27 Қазан, 2018

Таразда тарихи ерлік дәріптелді

742 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Ұрпақтар санасында естелік болып жаңғырып тұра береді. Бүгін қала күні мерекесі аясында «Жеңіс» саябағында тарихи ерлік дәріптелді.

Таразда тарихи ерлік дәріптелді

Атап айтсақ, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш ашылып, көпшілік осы бір игі бастамаға куә болды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Халық қаһарманы, Ауған соғысының ардагері, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев пен Ауған соғысының ардагері, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл арнайы қатысып, нысанның лентасын қиды. Бұдан кейін сөз алып, өткен күннің орны толмас өкінішін шежіреледі. Кезінде Ауғанстан жеріндегі әскери іс-қимылдарға Жамбыл облысынан 2236 жауынгер қатысып, әскери қақтығыстар кезінде 71 жас азаматтың қаза тапқанын, бұл әрқашан орны толмас өкініш екенін жеткізді.

Сонымен қатар, бүгін «Жеңіс» саябағында Чернобыль атом электр станциясындағы апатты залалсыздандыруға қатысушыларға арналған ескерткіш ашылды. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Чернобыль ардагерлері және мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің үйлестіру кеңесі филиалының төрағасы Бақытжан Әшірбаев пен Жамбыл облыстық Чернобыль одағы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Владимир Хорошин қатысты. Айта кетейік, биыл Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың орын алғанына 32 жыл. Ғаламдық ірі жарылыстың зардабын жоюға 800 мыңдай адам қатысқан. Оның ішінде 32 азамат қазақстандық болса, 1200 адам Жамбыл облысынан еді.

Кешегі ер етігімен қан кешіп, ат ауыздығымен су ішкен алмағайып соғыс кезінде Жеңіс күнін жақындатуға тыл еңбеккерлері де атсалысты. Күн демей, түн демей майдан даласындағы ерлерге еңбегімен рух берген еңбек ардагерлеріне арналып бүгін «Жеңіс» саябағынан ескерткіш ашылды. Тыл еңбеккерлеріне арналған ескерткіштің ашылу салтанатында Жәнібек Майқанов және Раиса Жандосова сынды тыл ардагерлері көз алып, олардың еңбектегі ерлік жолына тоқталды. Бұдан кейін ардагерлер ескерткіштің лентасын қиып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы