Шараға Маңғыстау облысы әкімі Е.Л.Тоғжанов, ҚР қоғамдық даму министлігі азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Б.Х.Нарымбетов, Қазақстанның Азаматтық Альянсының вице-президенті, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Д.Қ.Көшім, аудан және қала әкімдері, мемлекеттік орган басшылары, мәслихат депутаттары, ҮЕҰ жетекшілері, кәсіподақ, саяси партиялар және бизнес компаниялардың өкілдері қатысты.
Форумның мақсаты – билік, бизнес және үкіметтік емес ұйымдардың арасында аймақтың өзекті мәселелері бойынша сұхбат құру және тең дәрежедегі сенімді серіктестікке қол жеткізу тетіктерін айқындау.
Бүгінгі таңда өңірде 674 үкіметтік емес ұйым жұмыс жасауда, оның ішінде 53 ҮЕҰ сомасы 324 млн теңгені құрайтын 93 ауқымды әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруда.
-Азаматтық қоғамның даму көрсеткіші оның қоғамның түрлі әлеуметтік топтарының қызығушылығын қадағалай отырып, елдегі мәселелерді шешу жолындағы ынтасымен ықыласына тікелей байланысты екендігі анық. Сондықтан Елбасымен бекітілген бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру мемлекеттік органдармен үкіметтік емес ұйымдардың өзара әрекеттестігі арқасында мықты азаматтық қоғамдық алыптастыру негізінде ғана мүмкін болады. Сондықтан барлық үкіметтік емес ұйымдарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын, деді өңір басшысы.
Форум аясында «Мемлекет, бизнес және ҮЕҰ: сұхбат және ынтымақтастық», «Рухани Жаңғыру» бағдарламасына ҮЕҰ тарту тақырыбына сұхбат алаңы ұйымдастырылды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы