Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға зор мән берілуі тиістігін айтты.
Осы ретте «Нұр Отан» партиясының бірнеше жыл бойы «Кедергісіз келешек» әлеуметтік жобасын жүзеге асырып келе жатқанын атап өткен жөн. Партия қызметін жаңғырту аясында бұл жоба одан әрі жанданып, жетіле түсті. Осындай игі бастамалар арқылы нұротандықтар мүмкіндігі шектеулі жандар мен ерекше қажеттіліктерді талап ететін азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді.
Ашылу рәсімінде барша қатысушыларды құттықтап, оларға сәттілік тілеген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары спортшылардың осындай додаларға қатысуының өзі тек өздері үшін ғана емес, ата-аналары мен туған-туыстары үшін де, жалпы қоғамымыз үшін де үлкен жеңіс екенін айтты. Сондай-ақ ол мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету партияның негізгі басымдықтарының бірі екенін тілге тиек етті.
– Соңғы жылдары елімізде осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, көптеген игі бастамалар жүзеге асырылуда. Таяуда ғана Елбасымыз өзінің Жолдауында мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған кедергісіз орта қалыптастыру жөнінде тағы да нақты тапсырмалар берді. Осыған орай партиямыз «Кедергісіз келешек» жобасын жаңа деңгейге көтеріп, жетілдіруде. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында біз нақты төрт басымдықты анықтадық. Біріншіден, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кедергісіз орта қалыптастыру. Екіншіден, олардың инклюзивті білім алуларына ықпал ету. Үшіншіден, жұмысқа орналасуларына қолдау көрсету. Төртіншіден, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуын қамтамасыз ету. Бүгінде осы бағыттар бойынша нақты іс-шаралар қолға алынып, тиісті жұмыстар басталып кетті, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары мұндай спартакиадалардың мақсаты жеңімпазды анықтау емес, қайта өмір құндылықтарын дәріптеп, рухы мықты жандарға құрмет көрсету, төзімділікті, қажырлықты, табандылықты насихаттау екенін айтты.
Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев ашылу салтанатына Қазақстан паралимпиада құрамасының мүшелері келгеніне назар аударып:
– Бүгінгі сайысқа осы қазан айында Индонезияда өткен паразиада ойындарында еліміздің намысын абыроймен қорғаған кәсіби спортшылардың арнайы қатысуы үлкен маңызға ие. Себебі, мұндай қадам қашанда жас спортшылардың ынтасын оятып, жігерін жани түседі, – деді.
Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары әлеуметтік сала қызметкерлері күніне орай бірқатар маманды кәсіби мерекелерімен құттықтап, партияның атынан алғыс хаттармен марапаттады. Ол өз сөзінде әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі қайырымдылықтың, мейірімділіктің, ізгіліктің үлгісі екенін айтты.
Спартакиада «Нұр Отан» партиясымен бірге Астана қаласы әкімдігінің, «Тең мүмкіндіктер әлемі» мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналар қоғамының, «Бочча» паралимпиадалық спорт федерациясының, «Жігер» спорт клубының және «Каспий» спортты дамыту қорының ұйымдастыруымен өткізілді. Сайысқа 200-ден астам спортшы қатысып, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, отырып ойнайтын волейбол, «64» дойбысы, пауэрлифтинг, голбол, бочча және шахматтан сынға түсуде.
Сонымен қатар спартакиада аясында «Бочча» паралимпиадалық спорт федерациясының ресми түрде ашылғанын атап өткен жөн. Бұл спорт тірек қимыл аппараты бұзылған, ДЦП ауруының ең ауыр түріне шалдыққан жандарға спорттық бәсекелерде бақ сынауға мүмкіндік беретін сайыс түрлерінің бірі. Боулинг пен петанка сияқты бочча да доппен ойналатын командалық сайыс. Ол ойыншыларды дәлдікке, ширақтыққа баулиды.
Айта кетейік, спартакиада Паралимпиадалық жаттығу орталығында өтті. Бұл бірегей спорт кешенінің залдары толықтай мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып жабдықталған. Нысан Қазақстан Республикасы Ұлттық паралимпиадалық комитетінің бастамасымен салынды. Мұнда әмбебап, бейімделген жаттығу залы, спорт ойындарына арналған бөлек зал және жекпе-жек залы бар.
Бүгінде бас қаламызда 382 мүмкіндігі шектеулі тұлға бейімделген спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысса, сондай спорт үйірмелеріне келетін балалар саны – 145.