Қазақстан • 28 Қазан, 2018

«Grand Slam» турнирінде дзюдошыларымыз қос жүлдеге қол жеткізді

310 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері Біріккен Араб әмірлігінің астанасы – Әбу-Дабиде өтіп жатқан «Grand Slam» турнирін Қазақстанның дзюдошылары сәтті бастап, қос жүлдеге қол жеткізді.

«Grand Slam» турнирінде дзюдошыларымыз қос жүлдеге қол жеткізді

60 кило салмақта өнер көрсеткен Ғұсман Қырғызбаев қола медальді мойнына ілді. Бастапқы бәсекелерде венгриялық Саба Сабо мен ресейлік Альберт Огузовты ұтқан ол жартылай финалда испаниялық Франциско Гарригосқа жол берді. Одан кейін бельгиялық Жорр Верстратеннен айласын асырған Ғұсман қола медальді иеленді.

66 кило салмақта белдескен Ерлан Серікжанов күміс жүлдегер атанды. Жарыс барысында португалиялық Жоао Крисостомо, түркіменстандық Батыр Гурбаниязов, израильдік Барух Шмаилов және испаниялық Альберто Мартин Гайтероны ұтқан қандасымыз шешуші тұста грузиялық Важа Маргвелашвилиге есе жіберді.

Өкінішке қарай, еліміздің атақты қос балуаны – Елдос Сметов (60 кило) пен Отгонцецег Галбадрах (48 кило) үшін Әбу-Дабидегі дода сәстіз аяқталды. Алғашқы айналымдарды түркіменстандық Хақберді Жұмаев пен өзбекстандық Ділшодбек Баратовтан басым түскен Елдостың да жолын Франциско Гарригос бөгеді. Жұбаныш бәсекесінде ол Альберт Огузовты ұтқанымен, үшінші орын үшін сайыста Өзбекстанның тағы бір өрені Шарафуддин Лутфуллаевқа жол берді. Ал Отгонцегец тұсаукесер кездесуінде қытайлық Юанан Лиден жеңілсе, Елдос Жұмахановты (66 кило) үшінші  кезеңде Альберто Мартин Гайтеро сүріндіріп кетті.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»