– Азия ойындарында көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетті. Азиададан соң қыздарымыз бірден әлем чемпионатына аттанып кетті. Софиядағы нәтиже туралы өз аузыңыздан естісек...
– Жылдың басты жарысы Азия ойындары болғаны анық. Сол аламанда өнер көрсеткен шәкірттеріме ризамын. Дегенмен жарыс кестесі аздап қиындық туғызды. Себебі Азия ойындары аяқталған соң араға төрт күн салып Қазақстан құрамасы Болгарияға аттанды. Бұл спортшылар үшін үлкен ауыртпалық болды. Сары құрлық Олимпиадасы саналатын аламан қыздарымыз тұрмақ, бізге бапкерлер құрамына да физикалық және моральдық тұрғыда оңай болған жоқ. Алина Әділханова өзін жайсыз сезініп, елге келген бетте ауруханаға түсті. Төрт күн бойы ауруханада дәрігерлердің қарауында болған ол әлем чемпионатына мүлде дайындала алмады. Астаналық Адиля Тілекенова да Индонезиядағы жарыс кезінде жамбасынан жарақат алып, оның да дайындық жасауға мүмкіндігі болмады. Сондықтан біз әлем біріншілігіне ешбір даярлықсыз аттандық. Яғни Азиададан кейінгі алғашқы жаттығуымыз Софияда өтті. Сол жерде оларды жігерлендіріп, қолдау көрсеттік. Үшінші қызымыз Даяна Әбдірбекова екі сында өнер көрсетті: обруч және доп. Болгарияға да Джакартадағы құрам барды. Сол қиындықтарға қарамастан қыздарымыз қолдарынан келгенше тырысып, біздің де үмітімізді ақтады. Ауруға да, жарақатқа да шыдады. Адиля алғашқы отыздыққа енсе, 24 гимнасшының қатарына кіреді деп жоспарлаған Алина 19-орыннан көрінді. 14 қыркүйек күні көпсайыстан финал өтіп, оған бастапқы 24 спортшы қатысты. Біздің Алина да сол қатарда болды. Бұл әзірге жаман емес.
Ал топтық кезеңде құрама қателіктер жіберді. Азиадада бұл сын болған жоқ. Жан-жақтан жиналған 36 команданың ішінде 24-орынға жайғасты. Сол кемшіліктерді жою жолында жұмыс істейтін боламыз.
– Қазір қыздардың жағдайы, денсаулығы қалай?
– Шәкірттерімді жыл соңына дейін барлық жарыстардан босаттым. Себебі оларға дұрыстап емделу керек. Оның үстіне жылдың негізгі сайыстары аяқталды. Бұйыртса, келесі жылдан бастап даярлықты қайта жалғастырамыз.
– Толық емделуіне елімізде жағдай жасалған ба?
– Алина Әділханова Қарағандыда емделіп жатыр. Шымкентте дайындалғанымен, өзі кеншілер қаласының тумасы. Ата-анасы да сонда тұрады. Алинаның анасының медициналық білімі бар. Былайша айтқанда қыздарымыз өз күштерімен елімізде ем қабылдауда.
– Соңғы жылдары көркем гимнастикаға қызығушылар саны артқаны анық. Ал резерв мәселесі қалай шешілмек?
– Өз басым спортпен қоштасқанда 26 жасқа таяған едім. Қазіргі еркелікке бой алдырған жастарға қарап, олар 25 жасқа дейін жаттығу жасайды дегенге күмәнім бар. Өзіңіз ойлаңызшы, 25 жастағы бойжеткен бапкерінің айтқан әрбір тапсырмасын бұлжытпай орындауы керек. Тәртіпке толық бағынып, артық қыдырмай, жаттығу, жарыс кестесімен ғана өмір сүру қиынның-қиыны. Бас бапкер болғандықтан резервтегі спортшылардың көп болғаны маған да керек. Алайда бас бапкер еліміздің түкпір-түкпіріндегі спортшылардың барлығын бірдей даярлай алмайды, менің міндетім – құрама дайындығының лайықты деңгейде болуына жауап беру. Сол себепті көптеп ашылып жатқан мектептер, білікті бапкерлер шәкірттерінің құрама сапына ілігуі үшін ұмтылуы тиіс.
– Төзім деп қалдыңыз. Шынымен де сіздің қайсарлығыңызға кезінде мамандар таңғалатын. Бүгінде көзінде оты бар, топты жарып шықсам дейтін гимнастшылар елімізде көп пе?
– Әрине, бар. Бізбен Азия ойындарына барған үштік дәл сондай спортшылар. Оларда ұмтылыс, ниет болмаса, «біз шаршадық не ауырып тұрмыз» деп-ақ еңбектенбей қоя салар еді. Олар керісінше Азиядада үздік атанып қана қоймай, әлем чемпионатына да қатысты.
– Өзіңіз 2011 жылдан бері құрама тізгінін қолыңызға алдыңыз. Кезінде өзіңіз де Ирина Винер секілді әлемдегі үздік бапкерлердің қарамағында жаттығу жасадыңыз. Ол кісіні өте қатал әрі талапшыл маман деп жатады. Спортшылардың тамақтануын да жіті қадағалайды деп естиміз. Сіз сол кісінің әдістерін шәкірт тәрбиелеуде қаншалықты жиі қолданасыз?
– Ирина Александровнадан көп нәрсе үйрендім. Ол кісі шынымен де қатал. Талап ете біледі. Шәкірттеріне артық салмақ қоспас үшін диета ұстатқызады. Бірақ онсыз тағы болмайды. Әрбір артық кило көркем гимнастикада үлкен рөл ойнайды. Мәселе сырт көзде ғана емес, салмақты қалыпта ұстау, ең алдымен, спортшының өзіне керек. Артық салмақ гимнасшының қимыл-қозғалысына кері әсер етіп, оның жарақат алу ықтималдылығы артады. Спортшы тұрмақ артық салмақ қосқан қатардағы адамдардың өзінің жүріп-тұруы қиындайды емес пе. Мөлшерден көп тамақтану ағзаға да зиян. Бұл дегенім әрбір шәкіртімнің не жейтінін бақылап жүремін деген сөз емес. Менің талап ететінім, олар өздеріне лайық салмақты қалыпта ұстаулары қажет.
– Ал елімізде көркем гимнастиканың дамуына жасалған жағдай сіздің көңіліңізден қаншалықты шығады?
– Бүгінде Қазақстанда осы спорт түрінің дамуы үшін керек жағдайдың бәрі бар. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен Шымкент қаласында көркем гимнастика орталығы салынды. Онда бес зал болса, соның бірі жарыстар өткізуге арналған. Онда сайыстарды 1000 көрермен тамашалай алады. Хореографиялық зал да, асхана да, қонақүй кешені де сол ғимараттың ішінде. Бұл біз үшін де, жарыстарға келетін өзге командалар үшін де өте ыңғайлы. Тек осындай орталықтар еліміздің басқа өңірлерінде де ашылса екен деген тілек бар.
– Әне-міне дегенше Токио Олимпиадасы да жақындап қалды. Алдағы төртжылдықтың басты аламанынан не күтеміз?
– Токио Олимпиадасындағы нәтиже жайлы айтпас бұрын оған жолдама алу керек. Келесі жылы Бакуде лицензиялық әлем чемпионаты өтеді. Рио Олимпиадасы алдында тестілік ойындар ұйымдастырылып, бұл бізге дөп келген еді. Яғни 2015 жылғы әлем чемпионатында 1-15-орын алған қыздар олимпиадалық жолдаманы тікелей иеленсе, қалған 24-орынға дейінгі қатысушылар (Сәбина Әшірбаева 18-орынға тұрақтады – М.А.) 2016 жылдың сәуірінде өткен тестілік ойындарда алғашқы сегіздікке енуі тиіс болатын. Сәбина ол кезде екінші орын иемденіп, Бразилиядағы додаға қатысуға мүмкіндік алды.
Өкінішке қарай, бұл жолы тестілік ойындар өтпейді. 2019 жылы қыздардың төрт әлем кубогы және әлем чемпионатында иемденген ұпайлар саны қосылып, неғұрлым жоғары ұпай жинағандары Токио олимпиадасына жолдама алады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Мәдина АСЫЛБЕК,
журналист