Мұның өзі, әсіресе зейнеткерлерге қиынға соғуда. Мәселен, біз биыл болған Ақмола облысының Зеренді ауданында осындай науқастар саны 800-ге жеткенін білдік. Олардың басым көпшілігі зейнеткерлер екен.
Глаукома Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік мәні бар паталогиялар тізбесіне енгізілген. Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының деректеріне қарағанда, 2011 жылдан бастап 2017 жылға дейін денсаулық сақтауды дамытуға арналған «Саламатты Қазақстан» және «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламалары бойынша 40 және 70 жас аралығындағы азаматтар арасында арнайы скрининг жүргізіліп келген. Соның нәтижесінде 7 жыл ішінде 12,5 миллионға жуық адам қаралып, глаукомаға жаңадан шалдыққан 33 364 адам анықталған.
Скрининг өткізудің арқасында жаңадан анықталған науқастар саны 49 пайызға артып, олардың қатары жыл сайын орта есеппен 4 мың адамға көбейіп барады. 2017 жылдың соңында еліміз бойынша глаукомамен сырқаттанушылар саны 68195 адамға жеткен.
Елімізде глаукомаға шалдығушылық көбейіп бара жатқандығын және осы дертке ұшырағандардың арасында жасы ұлғайған адамдар көп екендігін ескере отырып, біз Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевтың атына мынадай ұсыныстарды енгіздік:
1. Глаукоманы емдеуге қажетті препараттарды азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қамтамасыз етілетін дәрілік заттар тізбесіне енгізу мәселесін қарастыру керек. Өйткені мұндай препараттарды өмір бойы қолдану қажет болғандықтан, пациенттерге елеулі мөлшерде қаржы шығындауға тура келуде. Ал қаражат жетіспеушілігіне байланысты глаукомадан тұрақты емделуден бас тарту адамдарды соқырлыққа душар ететіндігін ескеру қажет;
2. Еліміздің тұрғындары арасында глаукоманы анықтауға арналған скринингтік зерттеулерді одан әрі жалғастырған жөн;
3. Глаукоманың және басқа офтальмологиялық патологиялардың регистрін жасауға және енгізуге қаржы бөлу керек. Осы жөнінде Алматы қаласында қолға алынған қанатқақты жобаны барлық өңірлерде енгізген дұрыс.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Мәжіліс депутаты