Қазақстан • 29 Қазан, 2018

Он екі жылдыққа көшуде ескерілетін жайттар

494 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біз 2017 жылғы 21 қыркүйекте Қазақстан Республикасының білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­­­­­ла­масында 2019-2020 оқу жылынан бастап 12 жылдық мектептің 1-сыныбына баратын 6 жасар балалар­дың мектепалды даярлығын өзгерту алгоритмінің болмауын көрсеткен депутаттық сауалды Премьер-Ми­нистрдің атына жолдаған едік.

Он екі жылдыққа көшуде ескерілетін жайттар

Онда 5 жастағы балалардың мектепалды даярлығы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының санатына жататындығы, ал 5 жастағы нөлдік сынып жалпы білім беретін ұйымдар санатына жатпайтындығы көрсетілген. Бұл «Білім туралы» заңның талаптарына сай келмейтіндіктен, осы нөлдік сыныптардың бағдарламалары мектептерде қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы сұрақтар туындаған болатын.

Үкіметтің біздің депутаттық сауа­лы­мызға 2017 жылғы 20 қазанда берген жауабында: «Бүгінгі күні 12 жыл­дық білім беруді енгізудің нақты құры­лымы мен алгоритмі түпкілікті анық­­талған жоқ және қаралу сатысында... 12 жылдық білім беруге көшу ал­го­­ритмін 2017-2018 оқу жылындағы сы­н­ақ қорытындылары бойынша және түп­кі­лікті шешім қабыл­дау үшін барлық тә­сіл­­дерді педагогика­лық және ата-ана­лар қо­ғамдастығымен ал­дын ала кеңі­нен тал­қылау жүргізу жоспар­лануда» делінген.

Президент Н.Назарбаевтың «Қа­зақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру аясында білім беру сапасын халықаралық стандарттарға сәйкес түбегейлі жақсарту керектігіне баса назар аударған. Осыған орай және аталған сынақтың нәтижелері мен қорытындылары туралы жария­лылықтың жоқтығы, сондай-ақ осы мәселеге білім саласы мамандарының әртүрлі көзқарастары бірқатар сауалдар туғызып отыр. Атап айтқанда: 

1. Бүгінгі күні 5 жасар балаларға арналған нөлдік сыныптар мектептерде және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жұмыс істеуде. Егер мектептерге енгізілген нөлдік сынып жалпы білім беретін ұйымдардың санатына жатпайтын болса, онда нөлдік сыныптың мемлекеттік стандарттары, бағдарламалары қалай бекітіліп жатыр?

2. Нөлдік сыныпта оқитын бала­лар­дың оқу-әдістемелік құрал­дары қанда­й қаржы көзінен қаржылан­ды­ры­лып жатыр, әлде ата-аналар есебінен бе?

3. Мектептерде нөлдік сыныптардың сабақтарын мұғалім-педагог жүргізетін болса, балабақшаларда тәрбиешілер жүргізеді. Сонда балабақшадағы және мектептегі нөлдік сыныптарда оқыған балалардың мектепке даярлық деңгейі қандай болмақ, оған қандайда бір талдау жасалды ма?

Білім және ғылым министрлігінің ұстанымы бойынша 12 жылдық оқытуға көшу нөлдік сыныпты енгізу арқылы жүзеге асырылмақшы. Демек 5 жастағы балалардың мектепалды даярлығы шын мәнінде 12 жылдыққа көшудің бірінші сыныбы болып табылады.

Өкінішке қарай, қазір мектепалды даярлық пен бастауыш мектеп­тің үлгілік бағдарламасының арасын­дағы сабақтастықтың тұжырым­да­малық негізінің әлсіздігі, 12 жыл­дық білім берудің жаңартылған мазмұны жұртшылықтың түсінуіне қиын­шылықтар туғызып отыр. Осының негізінде, Біз Үкімет басшысына мынадай ұсыныстар жасадық: 

1) Білім және ғылым министрлігі ұсынған 12 жылдық оқытуға көшудің 0+11 құрылымдық схемасын қолда­ныстағы «Білім туралы» заңның талаптарына сәйкестендіру; 

2) 12 жылдық білім беруге көшудің нақты алгоритмі туралы педагогтар мен ата-аналар арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу. 

Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ,

Мәжіліс депутаты