Мемлекет басшысының сындарлы саясаты – еліміздің әлемдегі түрлі сынақтарға төтеп беруін, экономикамызды қарқынды даму жолына түсіретін 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясын, «Нұрлы жол» кешенді бағдарламасын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен Үшінші жаңғыру бойынша белгіленген жұмыстарды жүйелі жүргізуді қарастырып, егемен еліміздің одан әрі тұрақты дамуының негізгі факторларын қалыптастырады.
Қазіргі таңда, әлемде қалыптасқан түрлі геосаяси жағдайларға, экономикалық дағдарыстарға қарамастан, Президент әлеуметтік салаға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты нақты саясат ұстанып келеді. Соның негізінде жүргізіліп жатқан әлеуметтік бағыттағы реформалар халқымыздың бірлігін, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп отыр.
Президенттің биылғы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жаңа Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне арналған. Жолдауда азаматтар үшін маңызды мәселелер – халықтың әлеуметтік хал-ахуалын көтеру, еңбек адамының мүддесін қорғау, білім, денсаулық сақтау жайлы да қауіпсіз жағдайда өмір сүруді қамтамасыз етуге қатысты түйткілдер атап көрсетілген. Бұл – мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындауға дайын екендігін білдіретін маңызды көрсеткіш. Жолдауда белгіленген, ауқымы зор алты бағыттың қай-қайсысы болса да халық көкейіндегі өзекті мәселелердің шешімін табудың оңтайлы жолдарын айқындап берді. Осы алты бағыттың тең жартысы, яғни халық табысының өсуі, тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру, жұмысшылардың тұрмыс деңгейін жақсарту, халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей қатысты.
Сонымен қатар Елбасы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін өркендету мәселесіне де әдеттегідей үлкен мән беріп отыр. Ауыл – халқымыздың бойына нәр құятын алтын бесігі, ұлттық рухтың қуат алар қайнар көзі. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» дегендей, ауыл көркейсе, халық өмірі жақсарады, әлеуметтік жағдайы көтеріледі деген сөз. Сондықтан да Жолдауда агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру міндеттері алға қойылды. Негізгі мақсат – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге көбейту, елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тарта отырып, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын іске асыру және саланы басқаруда әлемдік үздік тәжірибелерді пайдалану. Аталған міндеттемелерді шешу үшін Үкімет агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды көздейтін мемлекеттік бағдарлама аясында қажетті шараларды іске асыруды көздейді.
Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп саласын мемлекеттік қолдауға бюджеттен 240 млрд теңге және көктемгі егіс жұмыстарына 60 млрд теңге қарастырылмақ. Мемлекет басшысы өз Жолдауында аталған салаға жыл сайын қосымша 100 млрд теңге және Ұлттық банктен бөлінетін қаржылар есебінен ауыл шаруашылығы квотасына 200 млрд теңге бөлуді тапсырды, яғни осы салаға көрсетілетін мемлекеттік қолдау екі есе артуда.
Елбасы тапсырмаларын іске асыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қолданыстағы қаржылық құралдар одан әрі жетілдіріледі және олардың жаңа түрлері енгізіледі. Мәселен, ауыл шаруашылығында жаңа «аграрлық қолхат» қаржылық құралын енгізу және ауыл шаруашылығында сақтандыру жүйесін түбегейлі өзгерту көзделуде, яғни міндетті сақтандырудан – ерікті сақтандыруға өту, сақтандыру төлемдерін субсидиялаудан – сақтандыру сыйақыларын субсидияландыру мәселелері. Аталған шара агросақтандырудың тиімділігін арттырып, саланың несиелік қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Сонымен қатар несиелік серіктестіктер жүйесі де қайта қаралатын болады.
Президенттің тапсырмасына орай, осы салаға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру мақсатында тиімсіз субсидиялар толықтай қысқартылады, ал қалғандары толықтай автоматтандырылады. Тиімсіз субсидиялар егін шаруашылығында 2019 жылдан бастап, ал мал шаруашылығы мен балық шаруашылығында 2020 жылдан толық қысқартылады. Жалпы субсидияларды реформалау барысында оның 54 түрінен 34 түрі ғана қалады.
Ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттемелерді шешудің басты шарттарының бірі – аграрлық ғылым мен білімді дамыту. Осы мақсатта саланы реформалау, оның бағытын бизнес сұраныстарына бейімдеу, әлемдегі озық технологияларды трансферттеу мәселелерін шешу және ауыл шаруашылығы өндірісіне беделді трансұлттық компанияларды кеңінен тарту міндеттері тұр.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуды көздейтін мемлекеттік бағдарламаны жобалық басқарудың стандарттарына сәйкес салалық бағдарламалар дайындалады. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенінің басты да басым мақсаттары қатарына қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін көтеру міндеттері жатқызылған. Бүгінгі таңда заманауи технологияларды қолдана отырып, бидайдан крахмал, ақ уыз, глютен, тіпті синтетикалық талшық өндіру өндірісі Қапшағай қаласында, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында іске асуда.
Осы сала бойынша экспорт әлеуетін дамыту мақсатында дәстүрлі нарықтардағы (Иран, Ауғанстан, Өзбекстан, Әзербайжан) логистика мәселелерін шешу үшін жүйелі жұмыстар жалғастырылады және ол өз кезегінде Қазақстанның Түркия нарығына шығуына өз ықпалын тигізеді.
Жолдауда белгіленген ауыл шаруашылығына қатысты Елбасы тапсырмаларын орындау үшін қазіргі кезде Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне қатысты заң жобасына біршама өзгерістер енгізу қажет. Парламент Жолдауға қатысты барлық тиісті заң жобаларын сапалы әрі жедел қарастырып, қабылдайды деген сенімдемін. Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының барлық Жолдаулары – барша қазақстандықтардың мүддесін көздейтін стратегиялық құжат. Еліміздің әрбір азаматы өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып, өнімді және табысты еңбек етіп, Жолдауда белгіленген мақсаттарды жүзеге асыруға белсене атсалысуы қажет.
Жеңіс НҰРҒАЛИЕВ,
Сенаттың аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы