Әдебиет • 29 Қазан, 2018

«1984»-тен «Фаренгейттің 451 градусына» дейін

524 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Театрдың екі есігінен де көрер­мендер легі көрінді. Бір есіктен шыққандары ұлардай шулап жылайды, екінші есік­тен шыққандар езу жимай күледі.Трагедия мен комедия көр­гендердің шын кеспірі осы.

«1984»-тен «Фаренгейттің 451 градусына» дейін

Өкінішке қарай, театрдың сол күнгі қойылымының жариясын қызметкер үнтақтаға алмастырып жапсырса керек. Күл­кілі комедия көріп екі езуі айырылғанша күлуді ар­­­ман­­­дап келгендер трагедия қойы­­лымына кіргізілген. Ал трагедиялық қойылымға келгендер күлкіге қарық боларын білмеді. Алайда қорытынды өзгер­меді. Көрермендер өзі­не қажет қойылымға разы. Күл­кі іздегендер ішек-сілесі қат­қан­ша күлді, трагедия­ кө­­рер­мендері барынша солқыл­дап жылап шыққан сәт керім еді.

Көрерменнің нақты бет-бейнесін сезіне алған сықақшы осы бір әзілді ойынан шығарса керек.

Біздің дәуірдегі уақыт машинасы көз ілеспес жылдам­дықпен кетіп барады. Көп нәр­се өзгерді, соның ішінде әде­­биеттің жеделдігіне қайран қалуға болады. Бүгін біз – «осы заманауи әдебиеттің ба­ғыт-бағдары», «осы заманғы әдебиеттің басты жанры», «тың жаңа поэзия» делінетін қар­таң ұстаздың семестрден семес­трге дейін секірген шұ­­ба­лаң­қы таптаурын лекция­сының күні келмеске кет­ке­нін көрдік. Бағдар сәт сайын өзгеріп, «жанр» деген ұғым анық­тамасынан ауытқып барады. Әсіресе поэзияның қай жағы жаңа, қай жағы көне, қайсысы былғанышты, қайсы жасанды екенін айыру қиынға соғуда. Оқырман тұрақты ләззаттан, жазу­шы тұрақты үлгіден кетті.

Біз, әсіресе, бұрынғы со­циа­лис­тік қызыл қамақта­ғы елдер оқырманды бірдең­гейлік қалыпқа салу үшін ар­палысып бақтық. Жалпы оқыр­манның жеке дара әлемімен санаспадық. Керісінше аты әйгілі профессор, қиқар көсем­нің көзқарасын әркімнің миына құюды ойладық. Осындай ортада аяқтандық.

Жанр дегеніміз қан­дай да­­­­­­ бір шығарманың мыз­ғы­мас анықтамасы еді. Жанр де­месең оқырман әуелі нені ұға­ты­нынын білмейтін. Жа­­ңа шығармасын жарияларда көсем­сөз зергерлері мен әдебиетшілер «трагедия», «са­тира», «батыр­лар жы­ры», «тарихи төңкерістік», «тұр­мыстық», «лири­калық» деп лақап атау беруі міндетті бо­­­латын. Оқырман қауым жо­ғарыдағы әзілдегідей, қан­дай шығарма оқитынын, қан­дай пьеса көретініне пси­хо­логиялық тұрғыда даяр­ла­натын-ды. Оқырман өзінше пайымдау азаттығынан тыс­қары, оларға аса құрметті ха­­­­кім­дер мен сарапшылар ал­­дын ала ұғындырады. Әде­би оқулықтар бір сарын,­ жо­ғарыдан төмен қарай үгіт­теп түсіндірілетін. Бұл әйгілі «1984» романынан бастап, «Фаренгейттің 451 градусына» дейінгі шығармаларда көрініс тапқан таныс құбылыс.

Тағдыр тәлкегі болуы керек, 1984 жылдан «идея қыл­мы­сына» бақылау қою, еркін ойлаудан сақтану дертіне қар­­сы тек социалистік елдер ғана емес, жалпақ әлем тү­гел­­дей тығырыққа тірелген. Тоқсаныншы жылдардан бас­­тап шығарманы міндетті түр­де анықтамалау барынша аулақ­­таған. Басқа халықтар қайт­кенін қайдам, Моңғолияда кей­бір жанрлар атымен жойылды. «Тарихи төңкерістік» шығар­малардың оқырмандары жоғалып, бір кезек «саяси жанр» пайда болды. Соңынан барлық шығарма тек «лиризмге» алмасып, соңынан оның да бүкіл мәні жоғалды. Бірте-бірте оқырмандар жанрды әде­биеттің бір бөлек сипаты деп түйін­дей бастады.

Түр жағынан поэзияда­ «өлең», «поэма», «өлең-ро­ман»­ де­ген белгілі үш түрдің соң­­ғы екеуін таңдап жазып оты­­ратын «мақұлық» біржола ғайып болды. Проза тек қана «әңгіме», «повесть», «роман» атты үш бөлек түр кейпінде қал­ды. Бірақ ортаңғысымен де қош айтысар түріміз бар. Осы­лайша жалпы әдебиетте «өлең», «әңгіме», «роман» ат­­ты үш қана жанр қалды. Жур­нализм ықпалы әдебиетке нақ­ты орныға бастауы сонау­ Мон­теньнің дәуірінен бері «хан­дық» құрған, қазіргі «эссе» қоғамды сынап, мі­­­ней­­­тін деректі әңгімемен син­тез­­­деніп болашақта таза әде­биеттің не­гізгі үш жанрына ық­пал етіп араласып жүр.

Сондықтан бүгінгі әде­биет­те «жанр» деген қатаң сауал қалды ма? Осындай шекара шек түсініктері түбегейлі жойыл­­ғаннан кейін әдебиет саналық жағынан азат етілген дәуір келді. Даму қарқынды жал­­ғасуда. Осы заман­дық әде­биеттегі трансформа­ция деге­німіз осы. Осынау транс­фор­мациялық нәтиже бойынша «жанр» деген қа­лып­ты түсінік жойылып барады. Енді өлең + сана = ес жұғындары қалды. Роман +мақала = деректі роман. Роман +эссе = пәлсафа...

Тарихи романды деректі ро­манға жүктеуге болатындай. «Өлең» аталатын поэзиялық сананы, сол секілді лирикалық қысқа шағын әңгімелерді, кейде тіпті эссені де соған қарай икемдеуге болатын секілді. Сон­дықтан әдебиеттегі қай жанр болса да бүгін бәсекеге қабі­летті ме деген сұрақ­қа жауап берудің өзі мүмкін емес­­тей. Де­генмен біз тіл­ге тиек ет­кен сондай бір дөрекі­леу, қарабайырлау мысалдан тек бүгінгі жағдайда бәсе­ке­ге қа­білетті саналатын қан­дай бір жанр турасында болмашы долбар жасауымызға болатын се­кілді. Ол қандай жанр болуы мүмкін? Ол жарсыз жанр немесе еркін син­тез.

Қызықтысы, көп жазушы­лар өзін таныстырғанда романист, ақын, эссегер,­ кө­сем­сөзші деп негізгі жазба­сын­дағы жанрларын алға тарта жөнеледі. Сондықтан мақала ғана жазатын журналистерді қос­пағанда тек роман, өлең ғана жа­затындардың кеңістігі жуық арада тарыла беретін болады. Меніңше, ең бергі болашағы айқын жанр болса, жанрлардың азат синтезі яғни интертекстуал секілді интержанр болуы да ғажап емес. Бұл соншама жаңа нәрсе де емес. Көшпелілер әле­мінде жазылған ең маңызды туынды – «Моң­ғолдың құпия шежіресі» болса  тарихи дерек, заңнама, ауызша аңыз, көркем эссе, ғажайып ертегі, бақсының мөрі, сонымен қатар ерекше абстрактылы поэтикалық әуезді қамтыған құрылымды дүние. «Моңғолдың құпия шежіресі» кей­де батырлық эпос, кейде таурат секілді, тіптен, кейде осы замандық бір сызықтан тыс роман сияқты сезіледі. Еш­бір нәрсеге бағынбаған, жаттанды үлгіден тысқары сана көшпелілердің туабітті мінезіне сәйкес келетінін сол туындыдан байқауға болатындай. Әр оқырманға етене жақын «Ағайынды Кара­мазовтар», «Мастер және Маргарита» романдары да осындай құрылымда. Сондық­тан әдебиеттегі интер­жанр­шылдықтың өзі көшпелі қауым үшін түпнегізді па­йымының кеңістігін жаңа­дан бажайлауға, мүмкін нағыз із­деніске жорық жасауға бейімдесе керек. 

Гун-Аажавын Аюурзана, 

(Моңғолия)