Аймақтар • 29 Қазан, 2018

Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 175 жыл толуына орай бюст орнатылды

1425 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде Арқаның ақтаңгері, әнші-сазгер Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 175 жыл толуына орай бюст орнатылды.

 

Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 175 жыл толуына орай бюст орнатылды

Ғибратты оқиғаға орай иен тіресе жиналған көпшіліктің ортасынан жалындап ықшам шапан жамылған, сарыала қамшы ұстаған жаушы балалар шықты. Қуаныш ала келді. Саңқылдаған үндерінен бір жақсылықтың боларын сезгендейсің. Шынында да, әншінің атын иеленген колледж ұжымының ынтымақты талпынысы талайды тәнті еткендей. Міне, бюсті тұмшалаған перде етегі түрілген кезде Алаш жұртына мәңгі өлмес рухани мұра қалдырған Ақан серінің нұр бейнесі бұлтты күнгі жарық ай тәрізді жарқ ете түсті. Ән ша­пағатын, ән мейірін шашатындай. 

Бюстің авторы – респуб­ликалық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Ренат Әбенов. Қоладан құйылған мүсін Арқаның ақ­таң­гері Ақан серінің тұла бо­йын­дағы тамаша дарынды, ай­рықша қабілетті паш етіп тұр­ғандай. Қыран қабақтары жазылып, кең маңдайдан өрілген өнер қуаты өшпес сәулені мең­зейді. Салтанатты рәсімде сөз алған қарымды қаламгер Тө­леген Қажыбай, Көкшетау қа­ласы әкімінің орынбасары Ал­тынай Әміреновалар колледж ұжымының өнегелі ісіне ризашылықтарын білдірді. Осы арада аталмыш білім ошағы биылғы жылы Ақан серінің 175 жылдығына орай жастар арасында республикалық ақындар айтысын өткізгендігін, ән бай­қауын ұйымдастырғанын, арнайы жинақ шығарғандығын айта кеткен ләзім. Кішкентай ғана оқу орнының ұлы тұлғаны ұлықтаудағы ұлағатты ісі өзгеге үлгі боларлықтай. Салтанатты рә­сімде дәстүрлі әнші Қажыбай Жа­хин серінің «Маңмаңгер» әнін нәшіне келтіре орындап берді. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы