Аймақтар • 29 Қазан, 2018

«Ақжайықтың тарихы мен тағылымы» атты конференция өтті

918 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында «Ақжайықтың тарихы мен тағылымы» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Жиында Жайық өзенінің қос жағалауын қатар жайлаған өңірдің ғасырға таяу тарихы сөз болды.

«Ақжайықтың тарихы мен тағылымы» атты конференция өтті

Бүгінде Қазақстанның әр өңірінде аудандардың құрылғанына 90 жыл толуы салтанатпен аталып өтіп жатыр. «Кең байтақ қазақ жерінде совет билігі толық орнап, байлар тәркіленіп, дәстүрлі ұлттық шаруашылық күйреген тұста пайда болған кеңестік аудандардың мерейтойын атап өту кімге керек?!» деген наразы пікірлер де естіліп қалып жүр. Бірақ тарихымыздан сызып тастай алмайтын жетпіс жылдық кеңестік кезең – бүгінгі аға ұрпақтың саналы ғұмыры өткен дәуір. Сондықтан да Ақжайық ауданы бұл датаны – өткенді саралау, барды бағалау үшін ғылыми жиын түрінде өткізуді жөн санапты.

Айта кету керек, Орал қаласынан арнайы шақырылған кәсіби тарихшылар өңірдің арғы-бергі тарихынан сөз қозғап, архив деректерімен байыған баяндамаларымен бөлісті. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Құрманалин бүгінгі Ақжайық ауданы аумағының отарлану кезеңі, XVIII-ХІХ ғасырдағы қазақ-орыс қатынастары туралы сөз қозғаса, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов 1952 жылы Бөкей ордасы өңірінде сынақ полигоны ашылуына байланысты Чапаевқа көшірілген ұжымдар туралы айтып берді. Тарихшы баяндамасында айтылған аудан тарихының кешегісі мен бүгінгісі туралы нақты деректер көпшілік үшін жаңалық болды. Мәселен, Патшалық Ресей кезіндегі отарлық саясат, Жайық өзенінің жағасына жергілікті халық – қазақтарды жақындатпау жарлығы, Орал казачествосының ойраны мына деректен де көрініп тұр: қазіргі Ақжайық ауданының ізінде 90 жыл бұрын Ілбішін уезі құрылған кезде тұрғындардың 25 пайызы ғана қазақ болыпты. Ал белгілі алаштанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева өз сөзінде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ қыздары – ақжайықтық ардагерлер туралы жан-жақты айтып берді. Осы өңірде Совет өкіметі жылдары ел басқарған Ғазиз Хаймолдин, Әленғали Кереев сияқты ақсақалдардың естеліктері де аудан тарихының үлкен кезеңін қамтып өтті.

- Ақжайық – Батыс Қазақстан облысындағы ең үлкен аудан, мұнда үлкенді-кішілі 52 елдімекен бар. Жайық өзенінің екі бетін ен жайлап жатқан өңірдің экономикалық әлеуеті жыл сайын жақсарып келеді. Қазірдің өзінде ауылдарымыз көгілдір отын мен ауыз сумен толық қамтылды деуге болады. Ел-жұртпен жүздескенде алдымен сұрайтыны – Жайықтың сол жағалауындағы ауылдардың жолын реттеу және интернет мәселесі. Шыны керек, интернет мәселесі біздің көп саламыздың дамуына кедергі болып тұр – білім саласы да, денсаулық сақтау саласы да, күнделікті ақпарат алмасу, қарым-қатынасымыз да жылдам интернет байланысын қажет етеді. Сондықтан бұл мәселені кешікпей қолға аламыз, - дейді Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов.

Жиынның соңы аудан ардагерлеріне арналған аспен қорытындыланды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН