Қазақстан өзінің тәуелсіздік жылдарында Президент Н.Назарбаевтың бастамалары арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Мемлекет басшысының қолға алған әрбір бастамасы тыңғылықты әрі нәтижелі іске асты.
Олардың арасындағы ең өзектілері сыртқы саяси байланыстарды орнату, ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету, елдің халықаралық қоғамдастықтағы орнын нақтылау, нығайту болды. Уақыт өте келе жоғарыдағы міндеттердің барлығы еңсерілді.
Қазіргі таңда Қазақстан Орталық Азияда көшбасшылық рөлге ғана ие емес, өзінің көптеген инновациялық бастамаларын жүзеге асыру нәтижесінде аз ғана уақыттың ішінде әлем елдері арасында үлкен беделге ие болды. Қазақстан бүгінге дейін 300 млрд АҚШ доллары көлемінде шетелдік тікелей инвестиция тартқан. Сондай-ақ Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып ЭКСПО халықаралық көрмесін ұйымдастырды. Қазіргі кезде Қазақстан Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде 190 елдің ішінде 36-шы орында тұр.
Президент Н.Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдаулары арқылы елді дамыту, халықтың жағдайын жақсарту, әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын көрсетіп келеді. Мәселен, Президенттің 2018 жылдың
5 қазанындағы Жолдауы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбымен жарияланды. Онда барша қазақстандықтарды толғандырып жүрген мәселелерге баса назар аударылған. Нақтылай айтқанда, Жолдауда халық табысын, өмір сүру сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат құру және Қазақстанның әрбір азаматын жаңа өзгерістерге бейімдеу мәселелері қамтылған.
Сонымен қатар Жолдауда Қазақстанның сыртқы саясат саласындағы тиімді бағыттары атап көрсетілген. Оның ішінде, әсіресе Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты дамыту, елдің БҰҰ ҚК-нің тұрақты емес мүшесі ретіндегі миссиясын сәтті аяқтау және басқа да маңызды мәселелер қозғалған.
Қорыта айтқанда, Жолдауда халықтың әлеуметтік, мәдени және экономикалық тұрғыдағы жағдайын жақсартуға барынша көңіл бөлінген. Бұл Президент Н.Назарбаевтың биылғы
5 қазанда жариялаған Жолдауының басты ерекшелігі болып табылады.
Гаур ПУНИТ,
доктор PhD, доцент (Үндістан)