Университет денсаулық сақтау саласының әр деңгейіне мамандарды сапалы түрде даярлайды. Мәселен, аудандық, облыстық, республикалық ауруханаларда, емханаларда университет түлектері көптеп жұмыс істейді, қарапайым дәрігерлерден бастап, ғылым саласында профессор, академик атанғандар, Денсаулық сақтау министрлігінде лауазымды қызметте еңбек етіп жүрген түлектер де жетерлік.
2007 жылдың 16 маусымында аталған оқу орнына келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Семей медициналық университетінің үздік оқу орны екенін, оның жетістіктерін әрқашан назарда ұстап отыратындығын жеткізген болатын. Сондай-ақ дәрігерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, телемедицинаның жаңа құрал-жабдықтарымен, «Visus 101» хирургиялық операцияның бейнекөрсетілім жүйесімен танысқан-ды. Сол кездесу соңында академия ректоры Елбасына халықаралық «Алтын скальпель» сыйлығын табыс етсе, медициналық академияның 70 түлегіне Елбасы арнайы сыйлық табыстаған болатын. Мемлекет басшысы университет жастарына «Бірден орталыққа, Астанаға немесе шетелге ұмтылмай, ең алдымен алыс ауылдарды, шалғай елді-мекендерді қамтыңыздар. Елге, ауыл халқына еңбек сіңіріңіздер. Сіздердің ауылда қалу-қалмауларыңыз еріктеріңізде. Дегенмен белгілі бір уақыт еңбек еткен соң қалағандарыңызша қалаға қарай ауысқандарыңыз да құба-құп болады», деп кеңес айтқаны есімізде. Міне, содан бері де он жыл өте шыққан екен.
Оқу орны алғаш рет институт болып ашылды. Тұңғыш ректоры – ҚазКСР еңбегі сіңген дәрігер Василий Бобов 1953 жылдан 1956 жылға дейін қызмет етті. Институт ашылған жылы алғашқы теориялық кафедралар, атап айтқанда, марксизм-ленинизм негіздері, биология, анатомия, гистология, неорганикалық химия, физика, шет тілдері, латын тілі, денешынықтыру, биохимия мен органикалық химия кафедралары жұмыс істеді. 1956 жылы №1 студенттік жатақхана құрылысы аяқталды. Бұл жылы институт ректоры болып доцент Қожахмет Шуақов тағайындалды. Ол клиникалық кафедралар үшін көптеген игі істер атқарды, жас ұстаздарды Алматыдағы медицина институтына және басқа да жоғары оқу орындарына білімдерін жетілдіруге жіберді. Олар кейін клиникалық және теориялық кафедралардың оқытушылары мен ассистенттерінің қатарын толықтырды. Сонымен қатар әскери, клиникалық кафедралар ашылды. Мәселен, акушерия және гинекология кафедрасы, факультеттік хирургия, дерматовенерология, ЛОР аурулары, гигиена және эпидемиология, нерв аурулары кафедрасы, топографиялық анатомия және шұғыл хирургия, психиатрия, әлеуметтік медицина және денсаулық сақтауды басқару, сот медицинасы кафедрасы, офтальмология. 1957 жылы КСРО Жоғары және орта арнайы білім министрлігінің шешімімен институт 2 категориядағы жоғары оқу орындарының санатына енді. 1959 жылы институттың алғашқы түлектері қанат қақты, 275 түлек дәрігер дипломын алды. 1963 жылы институт ректорлығына ҚазКСР еңбегі сіңген ғылым қайраткері, профессор Тамара Назарова тағайындалды. Сол жылы институт құрамына қабылданған 100 студенті бар педиатриялық факультет ашылды. Ал 1974-1976 жылдары институтқа доцент Дмитрий Усов жетекшілік етті. Оның кезінде институттың клиникалық базаларында, облыстық ауруханада дәріс залдары салынып, пайдалануға берілді. 1976 жылдан 1984 жылға дейін институтты медицина ғылымдарының докторы, профессор Николай Хлопов басқарды. Ғылыми жұмыс көлемінің кеңеюіне байланысты кафедрааралық сараптау зертханасы ашылды. Зертхана жұмысы кезінде 16 докторлық және 140 кандидаттық диссертация қорғалды. 1985-1987 жылдары профессор Евгений Белозеров институт ректоры болды. Ол да ғылыми зерттеулерді кеңейтуге көп көңіл бөлді. 1987 жылдан 2001 жылға дейін институт ректоры болып Қазақстанның ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткер, ҰҒА академигі, профессор Төлеген Раисов тағайындалды. 1989 жылы Қазақ бөлімі ашылды. 1995 жылы 43 студент қабылданып, орыс тілінде оқытатын шетелдік студенттер факультеті ашылды. Хьюстон қаласының (АҚШ) медициналық орталығы және Нагасаки қаласы (Жапония) университетімен әріптестік туралы келісімшартқа қол қойылды. 1998 жылы елімізде алғаш рет Семей медициналық университетінде шетелдік студенттерді ағылшын тілінде оқыту енгізілді. Отандық медициналық оқу орындары арасында 510 орынға арналған жеке клиникалық оқу орталығы ашылды. 1999 жылы академия бөлімдері мен университеттік қызметтерде, студенттердің оқуын аяқтататын кафедраларды компьютермен жабдықтау жолға қойылды. 2001-2007 жылдары СММА ректоры қызметінде медицина ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Телеуов еңбек етті. Осы жылдары оқытудың және студенттердің білімін бақылаудың алдыңғы қатарлы технологиялары енгізілді, инновациялық технологиялар және білім сапасына мониторинг жүргізу бөлімі құрылды. Барлық кафедраның материалдық-техникалық базасы анағұрлым жақсарып, отандық студенттерден құралған ағылшын тілінде оқитын топтар құрылды. 2003 жылы екі жаңа мамандық ашылды: медико-профилактикалық іс және фармация. 2007 жыл мен 2017 жыл аралығында академия ректоры ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Төлебай Рахыпбеков болды. Осы аралықта «Зерде» медициналық ғылыми-білім беру консорциумын құру туралы келісімге қол қойылды. Аталған консорциум Шығыс Қазақстан облысы білім беру және медицина мекемелерін біріктірді. Осы жылдары «Жалпы медицина», «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Мейірбике ісі» атты жаңа мамандық енгізілді. Алғаш рет PBL (problem-based learning), CBL (case-based learning), TBL (team-based learning) атты білім берудің инновациялық технологиялары енгізілді. «Alma Mater» түлектер ассоциациясы құрылды. Web-портал іске қосылып, жаңалықтар, құрылымдық бөлімдер, оқу-әдістемелік материалдар туралы ақпарат орналастырылды.
Ел Үкіметінің «Денсаулық сақтау министрлігінің жеке ведомстволық ұйымдарын қайта құру және қайта атау туралы» 2009 жылғы 19 ақпандағы №188 қаулысы негізінде Семей мемлекеттік медицина академиясы Семей қаласындағы мемлекеттік медицина университеті (ММУ) болып қайта аталды. Университеттің қатысуымен Жапонияның Нагасаки университеті және Семей қалалық диагностикалық орталығы, Өңірлік онкология орталығымен арада «Семей ядролық полигоны тұрғындары арасында қалқанша бездің обыры этиологиясы» біріккен ғылыми зерттеулер туралы келісімшартқа қол қойылды. Университет ДСМ медициналық ғылым саласы рейтингісінде I орын алды. Ынталандыру мақсатында оқу-әдістемелік жұмыс, ғылым бойынша рейтинг және индикаторларға негізделген профессорлық-оқытушылық құрамы еңбегіне дифференциалды еңбекақы төлеу енгізілді. PhD докторантураға және магистратураға лицензиялар алынды. 2011 жылы «Медико-профилактикалық ісі» мамандығы бойынша кредиттік оқыту жүйесі енгізілді. Павлодар филиалында Оқу-клиникалық орталығы ашылды. EFQM сапа моделіне ауысу туралы стратегиялық шешім қабылданды. Ағылшын тілінде оқитын топтардағы білім алушыларды, студенттерді ынталандыру мақсатында шәкіртақыға қосымша төлемақылар төленеді, мысалы 100% – 1 курс студенттеріне, 75% – 2 курс, 50% – 3 курс, 25% – 4-5 курс студенттеріне арналған. 2012 жылы еліміздегі IV қысқы универсиадада 50 жоғары оқу орны арасында спорттың 8 түрінен қатысқан СММУ жалпыкомандалық есепте 7-орын алып, медициналық жоғары оқу орындары арасында жалпыкомандалық есепте 1-орынға ие болды. 2013 жылы Семей қаласының тарихында тұңғыш рет университеттің медициналық орталығы базасында кардиохирургиялық бөлім және эндоваскулярлы зертхана ашылды.
2017 жылдың тамыз айында Семей мемлекеттік медицина университетінің басшылығына университет түлегі Ерсін Жүнісов тағайындалды. Ерсін Тұрсынханұлы 2017 жылдың мамырынан 2017 жылдың тамыз айына дейін университеттің стратегиялық әріптестік және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры болған еді. Ерсін Тұрсынханұлы денсаулық сақтау саласында 80-нен аса инновациялық технологияларды енгізген, ауруханалық менеджментте заманауи концепциялар, шетелдік жетекші ғалымдармен және ұйымдастырушылармен шеберлік дәрістерін, тәлімгерліктер, көптеген ірі клиникаларда емдеудің заманауи концепциялары мен технологияларын алғаш рет ұйымдастыруымен белгілі. Мәселен, ТМД мемлекеттерінде және Қазақстанда алғаш рет ауыр жарақаттар, соның ішінде автожол, өндірістік жарақаттар кезінде пациенттерге жоғары мамандандырылған медициналық көмек үшін «damage control» заманауи концепциясын енгізді. Сол сияқты елімізде тұңғыш рет жамбас сүйектері, омыртқа, ұзын түтікше сүйектер сынықтарын, буынішілік сынықтарды, жарақаттарды емдеудің жабық азинвазивті технологияларын енгізді. Орта Азияда және Қазақстанда алғаш рет гемофилиямен ауыратын пациенттердің ірі буындарын эндопротездеу бойынша жоғары мамандандырылған медициналық көмекті ұйымдастырды. Сондай-ақ Орта Азияда және Қазақстанда мамандандырылған «остеоонкология», яғни тірек-қимыл жүйесінің қатерлі және қатерсіз ісіктерін емдеу бөлімшесін ашты. Қазақстанда халықаралық әріптестік байланыстар негізінде АҚШ, Оңтүстік Корея, Түркия және ҚХР ірі университеттік клиникаларында дәрігерлердің және орта медициналық қызметкерлердің оқуын, яғни тағылымдамасын жолға қойды. Тұңғыш рет дәрігерлік қызметкерлердің күнделікті тәжірибесінде, мәселен таңертеңгілік жоспарламалар өткізу, талқылаулар және тағы басқаларда, ЖОО резиденттер мен студенттерін оқыту технологияларына ағылшын тілі арқылы оқытуды бастады. «Денсаулық 2016-2019» бағдарламасы аясында СММУ мен АҚШ-тың Сент-Луис университеті арасында стратегиялық серіктестіктің пайда болуына ықпал етті.
– Біздің университетіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес институционалды реформаны жүзеге асырудағы 100 нақты қадам» атты әлеуметтік-саяси жоспарын жүзеге асыру үшін өзіндік стратегиялық даму жобасын белгілеген, – дейді медицина ғылымдарының докторы, ректор Е. Жүнісов, – сондай-ақ Мемлекет басшысының Жолдауын басшылыққа ала отырып, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бойынша талаптарды орындауда жұмыла еңбек етудеміз.
Қазіргі таңда СМУ-де 800 ұстаз еңбек етеді. Сапалы білім беру, мықты дәрігер мамандар дайындау университеттің ең маңызды бағыты.
– Білім саласындағы сапаны анықтайтын Тәуелсіз агенттіктің зерттеуінше, біздің жоғары оқу орны университеттер арасында «Студенттерді оқытып дайындау» номинациясы бойынша І орынға ие болса, сапа талабынан ІІ орынға шығып отыр. Қазақстандағы үздік 20 оқу орнының қатарына кіреді. Университет 4 жұлдызды Еуропалық сапа сертификатына ие болды, – дейді Ерсін Тұрсынханұлы.
Елбасы Н.Назарбаев биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптарды күшейтуді тапсырды. Осы орайда СМУ жоғары медициналық білім беруді тиімді және сапалы іске асыру мақсатында медицина университеттерінің арасында тұңғыш рет «Medical Foundation» даярлық курсын ашты. Университет дәрігер мамандығын таңдаған мектеп түлектеріне барлық жағдайды жасауда. Дайындық курсына түскен мектеп түлектері ағылшын тілін меңгеруді жетілдіріп, биология мен химияны университеттің білікті ұстаздарынан оқып шығады. Бұл дарынды балалардың емтихан сынақтарынан мүдірмей өтуіне көмектеспек. «Дайындық бөлімі талантты жастарды іріктеп алмақ. Осылайша жастармен әңгімелесеміз. Бұл олардың дәрігерлікке қызығушылығын анықтауға көмектеседі. Қазір медициналық білімі бар түлектердің көбі дәрігер болып еңбек еткілері келмейді. Мемлекет те, отбасы да олардың оқуына босқа ақша жұмсаған болып шығады. Сондықтан осы олқылықтар орын алмас үшін дәрігер болуға сенімі бар жастармен ғана жұмыс істегіміз келеді. «Medical Foundation» даярлық курсы бойынша білім алған мектеп түлектері ағылшын, химия, биология пәндері бойынша сертификатқа ие болмақ. Қазір дайындық курстарына 10-11 сынып оқушылары жазылды. Десек те біз 9 сыныптан бастап қабылдай аламыз», дейді «Medical Foundation» даярлық курсының жетекшісі Оксана Цигенгагель.
Молекулярлы биология және микробиология кафедрасының меңгерушісі Масығұт Мыңжановтың айтуынша, қазір бұған биология мен химия пәндері бойынша білімдері орталау деңгейдегі оқушылар жазылыпты. «Олар жоғары деңгейге осы курсты өткен соң жете алады. Кафедра ұстаздарымен тұрақты түрде бірге оқу арқылы көрсеткіштерін жоғарылатады. Ең бастысы, оқушылар дәрігер болуды армандауы керек». Ұйымдастырушылар дайындық курстарына Семей ғана емес, Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарының оқушыларын шақыруда. Басқа облыстан ат арытып жететін балалар мектептегі демалыс мезгілдерінде білімдерін жетілдірулеріне болады.
Е.Жүнісов «Болашақта шетелдік үміткерлерді де тек «Medical Foundation» даярлық курстарын өткен соң қабылдау көзделіп отыр, өйткені Елбасы «Ұлт жоспарында» барлық университет Назарбаев университет тәжірибесін кеңінен қолдану, яғни алдын ала даярлық курстары арқылы сапалы үміткерлер қабылдау қажеттігін, сонда ғана түлектер отандық және әлемдік медицинаға сапалы үлес қоса алатындығын атап өткен болатын» дейді.
Шетелдік студенттер білім алуда
Университет 1998 жылдан бастап студенттерді ағылшын тілінде дайындауды жолға қойған. Айта кету керек, университеттің шетел студенттеріне арналған факультеті 1995 жылы Қазақстан жоғары оқу орындары арасында алғаш рет ашылды. Тұңғыш басшылығына медицина ғылымдарының докторы, профессор Марат Мусин тағайындалды. 1995 оқу жылында Үндістаннан, Пәкістаннан, Палестинадан, Сириядан, Иорданиядан келген 43 студент оқыды. Оқыту орыс тілінде жүргізілді. 1998 жылы ағылшын бөлімі ашылып, шетелдік студенттерді оқыту Қазақстанның медициналық білім беру стандарттарына сәйкес ағылшын тілінде өте бастады. Университет оқытушылары АҚШ, Англия, Жапония, Корея, Израил, Сингапур, Аустралия, Канада және тағы да басқа бірқатар елде біліктілігін жетілдіріп, тәжірибе жинақтады.
2008 жылы емдеу ісі, медико-профилактикалық іс, стоматология, фармация және қоғамдық денсаулық сақтау, мейірбике ісін қосып, бір деканат құрылды. Кейінірек «Емдеу ісі» мамандығының жойылуына байланысты деканат кредиттік оқу технологиясы (КОЖ), стоматология және шетел бөлімі болып өзгертілді. 2007 жылдан 2018 жылдың наурыз айына дейін кредиттік оқу технологиясы (КОЖ), стоматология және шетел бөлімі деканы Айнаш Оразалина болды. Кейінірек «Жалпы медицина», кредиттік оқу технологиясы (КОЖ), стоматология және шетел бөлімі болып біріккен бірыңғай құрылымдық бөлім – декан, доцент Айнаш Оразалинаның басшылығымен Дипломға дейінгі білім беру деканаты болып құрылды.
СММУ 2013 жылдан Үнді жоғары оқу орны ассоциациясының мүшесі. 2018 жылы наурыз айында шетел бөлімі жеке құрылым ретінде бөлініп, доцент Алма Нұртазина декан болып тағайындалды. Қазіргі таңда шетел бөлімі деканаты шетелдік студенттер мен «Жалпы медицина» және «Стоматология» мамандықтары бойынша ағылшын тілінде білім алып жатқан студенттерден құралады. «Шетел студенттері күрделі жөндеуден өткен арнайы жатақханада тұрады, – дейді декан Алма Уахитқызы, – мәдениеттерінің ерекшелігіне сәйкес және ата-аналардың сұрауы бойынша қыз балалар арнайы шығатын есігі бар бөлек қабатта орналасқан. Жатақханада ас үй, кір жуатын бөлме, шаштараз, жаттығу залы бар. Университет әкімшілігі жатақханада тұратын студенттерді үнемі назарда ұстап отырады. Шетелдік студенттерге сабақ беретін куратор оқытушылар және декан орынбасары деканаттың құрған арнайы кестесі арқылы жатақханаға барып тұрады.
Ректор Е.Жүнісов өз сөзінде бұрын шетелдік студенттер барлық университетке шетелдік компаниялар арқылы келгенін, ал 2017 жылдың тамыз айында СММУ елімізде тұңғыш рет арнайы комиссия құру арқылы Үндістанға барып, шетелдік университеттермен бәсекеге түсе отыра қабылдау сұхбатын жүргізіп, 178 студентті бірінші курсқа қабылдау сынағын өткізгендерін жеткізді. Қабылдау комиссиясының мүшелері Раджистан штатының Жайпур қаласында ата-аналармен кездесіп, кәсіптік бағдар жұмысы жүргізілді. Үндістан телеарналарында тікелей эфирде сұхбат беріп, Телянгана штатының Хайдерабад қаласында 10 телеарнаға арналған баспасөз мәслихатына қатысты. Университет шетел студенттерінің бейімділігін арттыру және ұлттар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту үшін әртүрлі іс-шара мен жобаны іске асырады. Үнді және Пәкістан елдерінің Қазақстандағы елшілігімен және ата-аналармен тығыз байланыста. Студенттік өзін-өзі басқару ұйымы университеттің және шетел студенттері жатақханасының ұйымдастыру қызметімен айналысып, мәдени шараларды өткізуге көмектеседі. «English club» ағылшын тілін меңгеруге көмектеседі, «Lady club», «Social group» жобаларында жоғары курс студенттері төменгі курс студенттеріне жаңа ортаға бейімделуге, тұрмыстық мәселелерді шешуге, медициналық көмек алуға жәрдемдесіп жатады. Пәкістанда, Үндістанда, Германияда, АҚШ-та, Англияда қызмет етіп жатқан университет бітірушілері өздерінің жоғары біліктіліктерін көрсетуде. Шетел бөлімі құрылғаннан бері 500 дәрігер даярланды. Қазіргі таңда университетте 600-ден астам Үндістан, Пәкістан, Қытай, Моңғолия, Ресей студенттері білім алып жүр. «Университет қазақстандық және шетелдік студенттер үшін таптырмас ғылым мен білім ордасы, – дейді медицина ғылымдарының докторы, ректор Ерсін Жүнісов. – Қазіргі таңда елімізде медицина ғылымын модернизациялау туралы бағдарлама қолға алынған. Яғни, университет студенттерін әлемдік талап тұрғысынан дайындай алады. Олар оқу бітіргеннен кейін Қазақстанда ғана емес, дүние жүзінде еркін жұмыс істей алуы керек. Сондықтан жаңа инновациялық емдеу-диагностикалық технологияларын толық меңгереді».
Ядролық медицина кластерін дамытады
2009 жылдың маусым айында Елбасы Үкіметке Семейдегі өңірлік диспансер аясында ядролық медицина кластерін дамыту үшін радиологиялық орталық кластерін ашу қажеттігін тапсырды. Осыған орай университетте Ядролық медицина кластерін дамыту қолға алынды. Бұл радиациялық қауіп-қатер орын алмас үшін ішіне жаңа технологиялар орнатылған науқастарды емдеуге арналған ғимарат. Мұның ішіне өңірлік онкологиялық орталық, университет госпитальдері де кірді. Клиникалық және радиациялық онкология кафедрасының меңгерушісі Тасболат Әділхановтың айтуынша, оның құрамына Радиациялық экология және медицина институты, Семей қаласының жедел жәрдем ауруханасы да кіреді. Осы кластердегі онкологиялық орталықтың радиоизотопты диагностика және терапия бөлімінің іске қосылуына орай, онкологиялық дерттерді емдеуге Қазақстаннан және көрші елдерден мамандардың келуі жоспарланды. Радиотерапиядан жылына 600 адам тексерілуі, ерте бастан сырқаттарын анықтауға жылына қосымша 3 мың адам келуі тиіс. Ядролық медицина орталығының жоба-сметалық құжатын жасауды қолға алған кезде, халықаралық сарапшылар «Бұл әлемдегі ең озық ғылыми-тәжірибелік орталық болады. Ядролық медицинаның озық үлгісі әлем бойынша осы жерде қалыптасады» деген болатын. Ядролық медицина орталығы жұмысының ерекшелігі, осында жасалған радиофармацевтикалық дәрі-дәрмектер онкологиялық ауруларды емдеп жазуы тиіс. Сондай-ақ жүрек-қан тамыр аурулары, бүйрек қызметі мен эндокринология бойынша да осында өндірілген дәрілер пайдаланылатын болған. Осыған орай радионуклидті терапия бөлімін ашып, оны 15 төсекпен жабдықтау жоспарланды. Бұл жерде диффузды жемсау мен қалқанша безінің қатерлі дерті емделеді, яғни эндокринология бойынша нағыз заманауи сапалы қызмет көрсетіледі деп жоспарланды. Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық статистика мәліметтері бойынша, елімізде диффузды токсикалық жемсау сырқаты есебінде 17 мың адам тұр. Олардың көпшілігіне ота жасалады немесе өмір бойы дәріге тәуелді болады. Сол себепті ауруды емдеудің жаңа түрі радиойодотерапияның маңызы жоғары. Өйткені кез келген дәрінің қарсы көрсетілімдері болады, ал радиойодотерапияда ондай көрсетілім жоқтың қасы.
Дәрігерлер әулеті
Университетте ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан Раисовтар әулетін білмейтіндер кемде кем. Төлеген Раисов өз отбасымен әлі жұмыс істеп келеді. Марат Мусиндер әулеті де дәрігерлік жолды ұстанған. Ал еңбек өтілі жағынан алғашқы орынды Дюсуповтар отбасы иеленеді. «Менің әке-шешем Ахметқали Дюсупов пен Бақтыбала Бексұлтанқызы 1972 жылы осы оқу орнын бітірген. Әкем үздік оқығаны үшін университетке топографиялық анатомия кафедрасына ассистент болып жұмысқа қалдырылды. Анам учаскелік дәрігер болып жұмыс істеді. Олар 1972 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Әкем емдеу факультетінің деканы болды. Алмаз ағам да осы университетті 1994 жылы бітірді. Қазір ол медицина ғылымдарының докторы, жедел жәрдем көрсету кафедрасының меңгерушісі. Әпкем Ажар 1997 жылы бітірген, медицина ғылымдарының докторы, ол да кафедра меңгерушісі. Өзім 2000 жылғы университет түлегімін, қан тамырлары кафедрасының меңгерушісімін. Барлығымыздың еңбек өтілімізді қосқанда 150 жыл бойы осы университетте жұмыс істеп келе жатыр екенбіз» дейді ол.
Оқу-клиникалық орталығы
Дәрігерлерді дайындау кәсіби машықтандыру арқылы жүзеге асатыны рас. Міне, осыған орай университетте 10 жылдан бері Оқу-клиникалық орталығы жұмыс істеп келе жатыр. Болашақ дәрігерлер түрлі манекендер мен муляждарда кәсіптерін жетілдіреді. «Бұл хирургтер мен гинекологтерге арналған виртуалды тренажерлер, травматологтерге арналған Артовир муляжы эндовидео операциясының сәтті өтуіне ықпал етеді, – дейді университеттің ғылыми клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры Толқын Булегенов, – Мети Айстен және Метимен фирмаларының стационарлық роботтары терапевт және жалпы тәжірибедегі дәрігерлер дайындау ісінде таптырмас құрал. Айта кету керек, Семей медицина университеті Қазақстанда тұңғыш рет ОДА – отбасылық дәрігерлік амбулатория жүйесі мен жалпы тәжірибедегі дәрігер мамандығын қанатқақты жоба ретінде еліміздің медицина саласына енгізді. Оқу-клиникалық орталығында педиатрларға арналған жаңа туған нәрестені емдеу, мектеп, балабақша жасындағы балаларды емдеуге арналған Бебисим және Педисим роботтары бар. Павлодар және Өскемен қаласындағы филиалдары да осылай жабдықталған. Орталықта адам өміріне қауіп төнген жағдайда қандай шұғыл көмек көрсету керектігіне орай парамедиктерді даярлау бағытында семинар-тренинг өткізіледі. Бұл курстар да тұңғыш рет Семейде қолға алынды. Бүгінде республикада
1 мыңнан аса қатысушы аталған тренингтен өтуде. Мәселен, жол-көлік апатына түсіп қалғанда зардап шеккен адамды жедел жәрдем келгенше аман алып қалуға болатындығын қатысушылар тренинг барысында үйренді. «Біз бұл акцияны түрлі мамандық иелерінен бастап отырмыз, – деді университеттің оқу-жаттығу орталығының директоры Динара Мұқанова, – Қазақстанда медициналық көмек жетпей, әсіресе жол апаты кезінде адамдар қайтыс болатын оқиғалар жиі кездеседі. Бұл көрсеткіш 42 пайызды құрайды. Сондықтан да парамедик болуды үйренген жөн. Парамедик дегеніміз – медициналық білімі болмаса да, дәрігер келгенге дейін бір жағдай жасап, қиналып жатқан адамның өмірін ұзартуға ықпал ету. Егер парамедиктердің қатарын көбейтсек, адам өмірін сақтап қала аламыз. Мәселен, Голландияда адамға алғашқы көмек беруді бала кезден, тіпті балабақшадан үйретеді. Біз осы саланы халыққа кеңінен таратпақпыз».
Заманауи қабылдау бөлімі де бар
Семей медицина университеті сырқаттарды қабылдау бөлімінің заманауи әрі жоғары технологиялық деңгейі қандай болу керектігін үйретеді. Жедел медициналық жәрдем көрсету бағытында Семейге тәжірибе жинақтауға келген Маңғыстау мен Қарағанды облысының дәрігерлері мен медбикелері білімдерін толықтырды. «Қазақстан алдағы уақытта медициналық қызмет көрсетудің халықаралық стандарттарына сай жұмыс істеуі тиіс, – деді университет ректоры Е.Жүнісов, – емхана, стационарларда науқастарды триаж-талдау арқылы қабылдау, кез келген патологиямен келген сырқаттарды емдеуге дайын болу қажеттігі бүгінгінің талабы».
Оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Марат Жанаспаевтың айтуынша, жақын аралықта Қазақстанда жаңадан «қабылдау бөлімінің дәрігері» («emergency doctor») деген мамандық пайда болмақ. Ол қатты ауырып түскен науқасқа алғашқы реанимациялық көмек көрсетуден бастап, жедел жәрдемнің барлық деңгейін жете меңгерген білікті дәрігер болуы тиіс. Бұған негізінен парамедиктер мен авиациялық медицина дәрігерлері дайындалып, Семей медицина университетінің оқу-клиникалық орталығында тәжірибеден өтеді. Қабылдау бөлімі негізінен студенттер мен интерндерді, резиденттерді, дәрігерлерді Қазақстан бойынша дайындауға арналып отыр. Сонымен, триаж деп аталатын жедел жәрдем көмегі бөлімінің кескін-келбетіне көз салсақ, мұнда қабылдау, тіркеу бөлімдері, медициналық каталкалар, тіпті ота жасайтын бөлме, интенсивті терапия бөлмесі, инфекциялық сырқаттары бар деген күдіктегі аурулар отыратын изолятор сияқты бөлмелерден тұрады. Қабылдау бөлімінің жұмысын дұрыс жүргізе білу үшін оны үш бөлікке бөлген. Бірінші қызыл аймақ тек шұғыл және қарқынды ем қабылдайтын науқастарға арналған. Бұл жерде дәрігерлер жан сақтауға жәрдемдесіп, ота жасау және тағы басқа медициналық көмек көрсетуге дайын болуы керек. Сары аймаққа, ауырып келген, бірақ шұғыл қарауды талап етпейтін сырқаттар кіргізіледі. Сырқаттарының түрі анықталып, диагноздары қойылады. Ал қабылдау бөлімінің жасыл аймағына жоспарлы түрде, кешенді емдеуге келушілер немесе сәл ғана медициналық көмек көрсетілуі тиіс науқастар кіргізіледі. Барлық дәрігерлер мен медбикелерді университет оқу-клиникалық орталығының шетелден BLS, ACLS, АТГБ, PHTrS и PALS жүйелері бойынша білімін жетілдіріп келген мамандары оқытып үйретеді.
Ақылмандар кеңесі
Университетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия құрылған, оның құрамына «Нұр Отан» партиясының мүшелері, Студенттік өзін-өзі басқару, Ақылмандар кеңесі, ата-аналар кіреді. Оқу орнындағы ғылыми үдеріс резидентура, магистратура, докторантураға түсу үшін емтихандар ашық өтеді. Комиссия құрамына тәуелсіз сарапшылар кіреді. Ректорға, деканға хат жазу мүмкіндігі бар. Университет сайты арқылы сұрақтарына да жауап ала алады. Резидентура, магистратура, PhD докторантураға түсу үшін шет тілінен емтихан тапсыруы керек. Сосын өз мамандығы бойынша америкалық тәсілмен, бейнежазба арқылы емтихан тапсырады. Ал әрі қарай PhD докторантура үшін ағылшын тілінде әңгімелесіп, ғылыми жобаларын таныстыра білуі керек. Әр кезеңнің жұмысын бағалайтын тиісті комиссия бар. Оқуға тапсыру үшін емтихандар сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия мүшелерінің және Ақылмандар кеңесінің қатысуымен жүргізіледі. Тестілеу компьютерлік сыныптарда жүреді. Аяқталған соң бірден монитордан көруге болады. Ақылмандар кеңесі де осы кезде маңызды рөл атқарады. Олардың жасы 70-тен асқан ақсақалдар. Ақылмандар кеңесінің төрайымы – Райфа Иванова. Ол – университеттің алғашқы түлектерінің бірі.
– Әр адамның ұстанымы болады, – дейді университет ардагері, профессор Райфа Латыфқызы, – біз студенттің екінші ата-анасы тәріздіміз. Ең алдымен, студенттің бойында адамгершілік қалыптасуы керек. Болашақта түрлі науқастармен, халықпен жұмыс істеуге тура келеді. Осыны ескеруіміз қажет. Екіншіден, бауырмалдығы, бұл қазақтың қанына сіңген қасиет, өз бауырын да, өзге ұлт өкілін де жанына жақын тартады. Үшінші қасиет – шыншылдығы дер едім. Осы үш қасиетті бойында ұстаған жан толық тұлға болып қалыптаса алады. Ата-бабамыздан келе жатқан сөз бар: «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы». Яғни, материалдық тұрғыдан ғана емес, адамгершілік тұрғыдан адал қызмет ету қажет. Абай атамыздың «Пайда ойлама, ар ойла. Талап қыл артық білуге...» деген өлең жолдары біздің басты қағидамыз.
Халықаралық байланыс нығайып келеді
Университеттің білім беру саласы әлемге танымал team-based learning – TBL, case-based learning – CBL (problem-based learning PBL) жүйелерімен қамтылған. «Ғылым мен білім саласын жаңғырту» жобасына орай СММУ Сент-Луис университетімен әріптестік меморандумға қол қойған. Мұның қатарында Түркияның Башкент университеті де бар. Ғылым менторы ретінде Хиросима университетінің профессоры Масахару Хоши шақырылды. 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап Башкент университетінің өкілі Семейге келіп, білім мен ғылым саласын қадағалауда. Стратегиялық әріптестік және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Нұржан Айдосовтың айтуынша, қазіргі таңда Жапония, Оңтүстік Корея, Израиль, АҚШ, Германия және тағы басқа елдермен халықаралық ынтымақтастық жолға қойылған. Университет мамандары, қызметкерлер және университет госпиталінің дәрігерлері шетелдерге сапар шегіп, білімдерін, тәжірибелерін жетілдіре алады. Ал студенттерге академиялық ұтқырлық бағдарламасымен оқу мүмкіндігі бар. Ректор Ерсін Тұрсынханұлының айтуынша, университеттің медицина, биология, биохимия салалары бойынша ғылыми-зерттеу орталығының деңгейі өте жоғары. Сондықтан университетте медицина саласында ғылыми жаңалықтар ашуға толық мүмкіндік бар. Оқу-ғылыми зертханасы 6 бөлімнен тұрады. Университет аясында шығатын ғылыми-көпшілік журналға Польша, Словакия, Израиль, АҚШ, Аустрия, Дания, Бельгия, Италия, Түркия, Германия, Украина, Қырғызстан, Ресей, Норвегия, Тайвань сияқты елдерден өтініш түсіріп жатқан ғалымдар қатары артып келеді. Ресей индекстік зерттемесі бойынша Қазақстанда шығатын 18 журналдан «Ғылым және денсаулық сақтау» журналы 1-орынға шықты. Университет журналы халықаралық Ulrich's Periodicals Directory, Global Health, CAB Abstracts базалар жүйесіне кіреді. АҚШ, Жапония, Ресей елдерімен бірге көптеген халықаралық ғылыми жобалар қолға алынған. Жапонияның Хиросима, Шимане қаласындағы университеттері, Ресейдің Обнинск қаласындағы Радиологиялық ғылыми орталықпен бірлескен ғылыми жобалар қолға алынды.
Алыс ауылдардағы халық денсаулығы – назарда
Қазақстанда 8 медициналық университет бар. Соның ішінде госпиталі бар екі университет қана бар. Ең ірісі Семей мемлекеттік медицина университетінде орналасқан. Госпиталь алғаш рет облыстық клиникалық аурухана болып ашылған. 2002-2007 жылдардан бастап университет госпиталі болып құрылымы өзгерді. Шығыс Қазақстан облысындағы 530 орындық ең ірі орталық. 2014 жылдан бастап Семейде кардохирургия оталары жасала бастады. Нейрохирургия, кардиохирургияның дамуына орай Семейде өмір сүру қауіпсіз саналды. «Денсаулық» бағдарламасына орай, Елбасының биылғы Жолдауында көрсетілген «ауылдық медицинаны дамыту» тапсырмасын орындау мақсатында СММУ профессорлық-оқытушылық құрамы алыс ауыл-аймақтарда тұратын халық денсаулығын жақсарту бағытында заманауи технологияларды тәжірибеге дендеп енгізуде. Университеттің үздік профессорлық-оқытушылық құрамы мультидисциплинарлық бригада құру арқылы Шығыс Қазақстан және Павлодар облысының 10-нан астам аудандарына сапар шегіп, ауыл халқына емдік-диагностикалық шаралар, саламатты өмір салтын енгізудің жолдарын, ауылдық дәрігерлерге инновациялық емдеу және алдын алу жолдары бойынша семинарлар өткізді. Елімізде тұңғыш енгізіліп отырған бұл шара халық көңілінен шығып, ризашылығын білдіруде. Бұл шара аясында Тарбағатай, Абай, Жарма, Көкпекті сияқты көптеген аудандар мен шағын қалалардағы науқастардың жағдайы назарға алынып, университеттің білікті дәрігерлері ақпарат-кеңес беруде.
Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»