− Төлеген Себепұлы, сіздің өмір жолыңыз жақсылық пен мақсат-мұраттан, ізгілік пен мейірбандықтан, өміршеңдік пен белсенділіктен, қамқорлық пен қайсарлықтан құралғандай көрінеді. Данышпан Мұхтар Әуезов: «Мені танып ал деп шалқалақтай берсең, шалқаңнаң құлайсың, жөнді-жөнсіз елпелектей берсең, етпетіңнен түсесің. Сондықтан әр адам өз шамасын білуі керек», – дейді. Біз қазір басқа формациялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сіздің ойыңызша, әрбір қазақстандық қандай ұғыммен алға басуы керек?
− Алдымен айтарым, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы мені аса ықыласқа, сүйіспеншілікке бөледі. Тақырыбының өзі айтып тұрғандай, халықтың әл-ауқатын бұрынғыдан да көтеріп, өмір сүру деңгейін арттыра түсу, жалақыны өсіріп, тұрғын үй жағдайын жақсарту, сонымен қатар ауыл-селоны көркейтуге қомақты қаржы бөлу – сөйтіп, мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру. Бұл Жолдаудың халқымыздың рухын көтеріп, еселі еңбек етуіне жігерлендіретіні сөзсіз. Жолдауда айтылған алты бағыт та елдің тыныс-тіршілігіне байланысты екені даусыз.
Мен он екі-он үш жасымнан еңбекке кірісіп, әбден шыңдалдым. Қарапайым жұмысшыдан аудандық атқару комитетінің төрағасына дейін көтерілдім. Қай қоғамда да адамды төрге шығаратын шынайы еңбек қана. Сәл ғана жалқаулансаң, саған мол білімің де, иек артар досың да, жақын-жұрағатың да көмектесе алмайды. «Адамды жан білетін дана деп біл, Істерін жалқау жанның шала деп біл» демей ме, Шал ақын. Мен кешегі Кеңес өкіметі кезінде тер төктім, бар мүмкіндігімді ортаға салдым. Қандай лауазымды атқарсам да, сол істі біліп істедім. Жұмыстың кілтін табуға ұмтылдым. Мұнымды жалтақтамай мақтаныш сезіммен айта аламын. Біреуге жөнсіз қабақ шытқаным жоқ, нашарды қолтығынан демеп қанаттандырдым. Өйткені бұл менің адами парызым еді. «Еңбек – қуаныш, жалқаулық – айырылмас азап» деп ұлы Абай тегіннен-тегін айтпаса керек. Бүгінгі күні де, ертең де еңбек бізді ұлы мақсатқа жетелейді. Біздің қоғамның да басты мұраты – еңбек.
− Сіздің өмірдерегіңізге көз жүгіртсек, біліміңіз жоғары, ғалым-зоотехниксіз. Шаруашылықтарда бөлімше зоотехнигі қызметінен бастап, совхоз директоры, Тайпақ аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, одан Қаратөбе аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, одан кейін Орал ет-консерві комбинатының партком хатшысы, облыстық асыл тұқымды мал бірлестігінің директоры қызметтерін атқардыңыз...
− Ой, шырағым-ай, «жетектеп салған тазы түлкі алмайды» деген мақал бар. Атам қазақ білмесе айтпайды. Мен таза өз еңбегіммен төрге шыққан адаммын. Рас, менің талпынысымды, қолымнан іс келетінін сол кездегі аудан, облыс басшылары көріп білді. Қажетті деген жұмысқа мені пайдаланды. Сөз арасында айта кетейін, қыстың көзі қырауда мені сол кездегі облыс басшылары шаруашылығы кері кеткен «Қалдығайты» совхозына директор етіп жіберді. Барғым келмеп еді, «бармасаң партиялық билетті тапсырасың» деп ызғар шашты. Амалсыз көндім. Бұл 1987 жылдың ақпан айы еді. Мал тұралап қалған, жем-шөп жоқтың қасы. Қой маңырап, сиыр мөңіреп, жылқы кісінеп, түйе боздап, у-шу. Іске жұмыла кірісіп, әйтеуір сол қыстан аман-есен шықтық-ау. Сондағы ақ боранмен арпалыс әлі есімнен кетпейді. Сол қыста бізге қолұшын берген азаматтарды екі дүниеде де ұмытпасын. Менде дос-жаран көп болды, ал бірақ, лауазымды орынтаққа отырғызатын «көкем» болған жоқ. Менің «көкем» өз білімім мен ынта-жігерім, талпынысым мен талабым, өзіме деген сенімім болды. Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев: «Еңбек етпесең, жиған білімің кәдеге жарамай жатқан минерал секілді. Оның ішін аршып, асыл кенін жарқырату үшін еңбек керек, қол мен ой қимылы қажет» десе, ұлы Абай: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой, Бес асыл іс көнсеңіз» деп тебіренбей ме?!
− Ал енді амалыңыз таусылып, сасқан кездеріңіз болды ма?
− Сасып, әбігерге түсіп, тұйыққа тірелген кезім жоқ. Сосын лауазымды қызметтерге көтерілсем, көтеріңкі орынтақтан түспесем екен деген ойға берілген емеспін. Менің қай қызметті де іліп әкететін білімім (Жоғары партия мектебін де сырттай бітіргенмін) болды. Қазақшаға да, орыс тіліне де сауаттымын. Қолыма күрек берсе, денім сау, қажыр-қайратым баршылық, неден тайсақтаймын. Ағамыз мақтаншақтау екен демеңіз, менде үш принцип болды бірінші, шыншылдық, екінші, өтірік көлгірсімеу, үшіншісі, адал, таза жүру. Осыларды өмір бойы жолдас, дос еттім.
− Менің білуімше, атақты Бақытжан Қаратаев, академик Қажым Жұмалиев, дауылпаз әнші, сазгер Мұхит Мерәліұлы, ақиық әнші, халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев, ақын Берқайыр Аманшин, әйгілі әнші Ескендір Хасанғалиев, ақын Сағынғали Сейітов осы Қаратөбе топырағында дүниеге келген екен...
− Айтуыңыз орынды. Опера әншісі, халық әртісі Нариман Қаражігітовпен бірге оқыдым. Ол Шыңғырлау ауданынан. 1968 жылдың зауза айында онда мен «Саралжын» совхозында директор едім. Алматыдан Хамит Ерғалиев, Берқайыр Аманшин, Мұқағали Мақатаев үшеуі әуелі аудан орталығына, сонан соң біздің шаруашылыққа келді. Құшақ жайып қарсы алдық. Арнайы киіз үй тіктіріп, қонақасы бердік. Қонақтар да шырайлы, біз де қуаныштымыз. Ертеңіне Хамаң: «Мұхит бабамыздың басына барып, құран оқиық» деді. Бардық. Хамаң құран оқыды. Қасымызда шаруашылықтың бас зоотехнигі Қапар Кереев пен менің орынбасарым Амантай Сүлейменов бар. Екеуінің де тұлғасы ірі, нар жігіттер. Анадай жерде жарқырап жатқан Ақбақай көліне қарап тұрған Мұқағали кенет дауыстап:
Ақбақай дейтін көл екен,
Айнала толған гүл екен.
Аялап атамекенін,
Қызғыштар қорып жүр екен.
Салттары да дүр екен,
Жігіттері де ірі екен.
Махамбет пен Мұхиттар,
Тірі екен, әлі тірі екен, −
деп қолма-қол өлең (екі шумағы жадымда жоқ) шығарды. Жазып алмаппын, соныма осы күнге дейін өкінемін. Мұқағалидың толық шығармалар жинағында осы өлең кездеспеді. Бұл күнде Батпақкөлдегі орта мектеп Берқайыр Аманшиннің атымен аталады. Қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі де қазір арамызда жоқ. Мұқағалидай ақын ХХ ғасырдың және қазақ халқының біртуары еді. Мен ақынның біраз өлеңдерін жатқа білуші ем. Ол қайтыс болды деп естігенде:
Маңдайға сыймай кеттің-ау,
Дарыным едің, дарыным.
Жұлдыздай ағып өттің-ау,
Кескіні кербез алыбым, −
деп тебіреніп едім.
− Өнерден де құр алақан емессіз-ау, деймін?
− Әкем Себеп Қазмағанбетов ұлттық аспаптарда ойнап, ән салатын. Шешем Ұрқия да қаражаяу емес-тін. Әкем 1954 жылы дүниеден өткенде, жеті бала қалдық. Ең үлкеніміз Зәуреш, одан кейін мен, інілерім Демеу, Амантай, Берік, қарындастарым Әлия, Мәншүк. Қиын кез еді ғой. Әкемнің туған інісі Ілес Қазмағанбетов пен Бәтима жеңгем бізге көп көмек көрсетті. Ілес ағай домбырашы еді, інісі Өтеген 1960 жылы Алматы қаласында өткен фестивальде лауреат атанды. Ілес 1964 жылы өмірден өтті. Аяғымыздан тұрған соң оларға біз де шама-шарқымызша көмек бердік. Менің де аз-мұз ән салатын мезгілдерім болып тұрады.
− Төлеген аға, отбасында өзара сүйіспеншілік болғанда ғана шаңырақ шаттыққа кенеле алатыны шынайы шындық. Сіздің отбасыңыз баянды бақытқа ие ме?
Шынтуайтқа келгенде, ер адамды баптап, күтетін әйел ғой. Ал, адалдық – ерлі-зайыптылар ынтымағының айқын белгісі. Светлана Қаменқызы Гиззатова екеуміз 1963 жылы отбасын құрдық. Мамандығы – санфельдшер. Анасы Мақпузаны күллі Қаратөбе жақсы біледі. Қайырымды әрі іскер жан еді. Міне, Светлана екеуміздің бас қосқанымызға 55 жыл толды. Өмірге екі ұл, үш қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірдік. Сегіз немерем бар. Өзінің туған ұлы мен қызын тәрбиелеу – ата-ананың ең бірінші аса маңызды қоғамдық қызметі әрі азаматтық борышы екені ақиқат.
− Жекешелендіру жылдары сіз совхоз директоры едіңіз ғой?
− Жекешелендіру саясаты тым асығыс өтті. Көп байлық тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті десем, артық айтқандық болмас. Сол кезде совхоз басшысына шаруашылықтың барлық малы мен техниканың 10 пайызын тегін, 10 пайызын сатып алуға жарлық шықты. Мен тегінін де, тегін емесін де алмадым, сол 1994 жылы «Темірбек» ұжымдық кәсіпорнын құрып, директоры болдым, бұл шаруашылық еңбеккерлерінің өтінішімен істелген іс еді.
Қисынын тапса, орындалмайтын жұмыс, құралмайтын дүние жоқ. Тәуелсіздік қазақ халқының және күллі қазақстандықтардың бақыты, оның іргетасы берік, мемлекетімізді әлем мойындаған сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басқарып отыр. Ендігі жерде біз еңбекке деген ынтамызды арттырыңқырап, ынтымағымыз бен ауызбіршілігімізді нығайта түсуіміз керек.
− Әңгімеңізге рахмет. Сексен жасыңыз құтты болсын!
Әңгімелескен Марат МӘЖИТОВ
АСТАНА