...ұсыныс жасайды
Қазақ тойына өзгеріс керек
Бірде жұбайыммен Алматыда бір тойға барып, демалудың орнына әбден шаршап қайттық. Ұлттық әдет-ғұрыптарымыз қисынсыз деңгейде. Даңғаза музыка, жаңғырығы құлақты жарады. Көптен көрмеген сыйласыңмен бір-екі сөз алмасу, пікірлесу түгілі амандық-саулық сұрасу қиын. Меніңше, қазақтың ұлттық құндылықтарының бірі ретінде той сипатын мүлде өзгерту қажет сияқты. Өз басым кезінде ширек ғасырдай асаба болғаным да бар. Той мәдениетін ретке келтіру үшін жұбайым Раушан Каршалова екеуміз «Той әлемі» журналын да шығарғанбыз. Яғни қазақ тойына қатысты азды-көпті пікір айтуға қақымыз бар деп есептеймін.
Осы тұрғыдан алғанда қазақ тойында түзететін мәселелер мыналар деп есептеймін: ешкімге жалтақтамай, ешкімнің көңіліне қарамай тойды уақытында бастау. Тойда тост айтуды тоқтату (Тілек айтуды тойдың басында меймандарды күтіп тұрған той иелеріне келген бойда айтуға көшіру). Дастарқан ысырабына жол бермеу. Дастарқанға арақ-шарапты мүлде жолатпау. Алпыстан асқан кісілердің арақ ішкеніне ұялатындай жағдай жасау. Тойда тек қазақтың ұлттық музыкасын пайдалану (Орыстың тойында бірде-бір қазақ әні шырқалмайды, өзбек пен чешеннің тойында бірде-бір қазақ биі биленбейді). Той үстінде үлкен адамдардың өзара әңгімелесетіндей, сұхбаттасатындай мүмкіндіктер туғызу (Бөлек шай бөлмесі тәрізді). Асабаларды оқытып, тәрбиелеу.
Марат ТОҚАШБАЕВ
Алматы
...үлгі тұтады
Заман талабын ұғындыра білген курс
Жүйрік уақыт замана көшін алға әкетіп барады. Көшке ілесу – уақыт талабы, көштен қалмау – жаһандануға жұтылып кетпеуіміздің қарекеті. Ал біздің дәуір қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің алдына қандай міндеттер қойып отыр? Осы сауал барлық мұғалімді толғандырады деп ойлаймын. Оның жауабын біздер, ақжайықтық ұстаздар – «Батыс Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты» ұйымдастырған «Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту аясында қазақ тілді мектептердегі «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсында» толық ала алдық. Шебер ұйымдастырылған басқосу жаңартылған білім беру мазмұнын жан-жақты зерделеуімізге, көзқарасымыздың өзгеруіне шын мәнінде мүмкіндік берді. Бұл ретте мазмұнға негізделген бағдарламадан дағдыға негізделген бағдарлама бойынша қысқа мерзімді сабақ жоспарын құруды, спиральді қағидат негізінде тапсырмалар құрастыруды, қалыптастырушы бағалауды жүргізуді меңгердік. Ықшам сабақтар өткізу арқылы жаңаша әдіс-тәсілдермен танысып, сабақтағы сұрақтардың рөлін, саралау жұмысының түрлерін біле алдық. Оқу мақсаттарына қол жеткізу үшін белсенді оқуды жүзеге асырудың, тиімді оқытуды табысты оқытуға айналдырудың мән-маңызын талқыладық. Алда мұғалімге жүктелген міндеттердің үдесінен шыға алатынымызға бек сенімдімін.
Әсел ЕРМЕНТАЕВА,
Абай атындағы мектеп-гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы
...өтініш айтады
Тұманбай ақынды ардақтайық
Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Өтеген Оралбайұлының «Дарын даңғылы» атты ойлы мақаласын ерекше ықыласпен оқып шықтым. Оның алдында ғана «Алматы ақшамы» газетінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанар Әбдішеваның «Тұманбайдың көшесiнде жүрiп, ескерткiшiн көргiм келдi» деген мақаласы жарияланған болатын. Екі қаламгер белгілі ақынымыз Тұманбай Молдағалиев атындағы көше неге Алматы шаһарында жоқ, неге оның ескерткішін көпшілік көрмей келеді деп орынды мәселе көтеріп отыр. Шынында, халқымыздың аузында жүрген беделді ақын Тұманбай Молдағалиевтің қазақ поэзиясында қалдырған ізі ерен. Оның көптеген лирикаға толы сезіміңді тербетер жырларына біраз белгілі композиторлар жүрекке жағымды әндер жазған. Тұманбай ақынның сөзіне жазылған өлеңдермен түгелдей бір ұрпақ жетіліп өсті десек артық айтқанымыз емес. Көптің ойында жүрген мәселені мақала авторлары өте орынды көтеріп отыр. Қазіргі ұрпақ қолға алып, көрнекті ақын Т.Молдағалиевтің атын Алматы қаласының орталығындағы бір көрнекті көшеге беріп, кісі қызығар сәулетті ескерткіш орнатсақ керемет болар еді. Ұлтымыздың әдебиет саласының дамуына өз қолтаңбасын қалдырған Тұманбай ақынды қалай мақтасақ та, мадақтасақ та орынды. Алматыға барғанымызда Тұманбай Молдағалиев көшесімен жүріп, оның еңселі де сымбатты ескерткішіне бас игіміз келеді. Бұл – көптің тілегі деп қабылдағанымыз жөн.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
Қазақстан Республикасының денсаулық
сақтау саласының үздігі
Тараз
...ризашылығын білдіреді
Бағалай білгенге бақ қонады
Алматы каласындағы №10 көпбалалы аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына арналған мектеп-интернаттың өз тыныс-тіршілігі өзге орта білім беру мекемелеріне қарағанда мүлдем басқаша. Өйткені бұл мектеп-интернаттың материалдық-техникалық базасы соңғы үлгідегі техникамен жабдықталып, мемлекеттік және орыс тілінде өтетін сабақ үрдісі де жаһандану кезеңіндегі мол тәжірибені басшылыққа алған. «Білімді ұрпақ – ел болашағы» атты қағиданы берік ұстанған ұжым басшысы Бибігүл Аманғалиева қарамағындағы қызметкерлерге ерекше қамқорлық танытып отыр. Ұрпақ тәрбиесіндегі сара жолды өмірлік тәжірибесімен байланыстыра білген мектеп директоры Бибігүл Таутенқызы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері. Ол басқарып отырған ұжым пәндік олимпиадаларда және ҰБТ сынақтарында жоғары көрсеткіштерге ие екендігін мақтаныш етеміз. Мектеп-интернат басшысының ғылыми еңбектері де өз әріптестеріне үлгі боларлық дүниелер. «Мектеп басқару ісіндегі психолог маманның мониторингтік бақылауы» сияқты біраз ғылыми енбектері еліміздің ұстаздар қауымынан жоғары бағасын ала білді. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың: «Бағалай білгенге бақ қонады, қуана білгенге құт қонады» деген тамаша тұжырымы осы Бибігүл Таутенқызы басқарып отырған ұжымның тыныс-тіршілігінен байқалғандай.
Марат ОРАЛХАНОВ
Алматы