Аймақтар • 30 Қазан, 2018

Мың әскери қызметші ТҚЖБ арқылы жеңілдетілген заем алды

314 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алғашқы 1 000 әскери қызметші Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдетілген заем алды. Бұл несиелердің жалпы сомасы – 16 млрд теңгені құрайды. 

Мың әскери қызметші ТҚЖБ арқылы жеңілдетілген заем алды

Үй сатып алуға арналған займдар әскери қызметшілерге 6-8% аралығындағы жылдық мөлшерлемемен арнайы «әскери өнім» бағдарламасы аясында берілді. Бұл бағдарламаны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) 2018 жылы әскери қызметшілерді қолдау мақсатында іске қосқан-ды. Алғашқы заем 2018 жылдың 5 қыркүйегінде ресімделді.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Отан қорғаушыларға ұсынып отырған жеңілдетілген займдары үш түрге бөлінеді. Ал оның шарттары үміткердің жинаған қаражатының көлемі мен таңдалған пәтеріне байланысты анықталады.

Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жалпы сомасы 10,5 млрд теңге көлеміндегі тағы 700 өтініш қарастырылып жатыр. Жыл соңына дейін 6 000 әскери қызметшіні несиелендіру жоспарланған. Бұл мақсатта банк өз қаражаты есебінен 74 млрд теңге бөлді.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың түсіндіруінше, биыл пулға іліге алмаған әскери қызметшілер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарында ақша жинауды ары қарай жалғастыра алады. Бұл үшін банк барынша жайлы және қауіпсіз жағдай жасап отыр. Ең бастысы, әскери қызметшілердің шоттарына ерекше мәртебе және қол сұғылмаушылық кепілі берілген. Олардың жинаған қаражаты бюджет есебіне алынбайды. Оларға тыйым салуға болмайды және уақтылы төленбеген қандай да бір өзге несие бойынша екінші деңгейлі банктер төлем талаптарын қоя алмайды. Сондай-ақ бұл депозиттердегі тиімді жылдық сыйақы мөлшерлемесі 13,3%-ға дейін баратынын айта кету керек. Ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несие алу кезінде төлем қабілеттілігін растаудың жеңілдетілген анализі қолданылады. Яғни бағалау барысында отбасыға кететін шығындар мен басқа екінші деңгейлі банктер алдындағы міндеттемелері ескерілмейді.

Жалпы алғанда жаңа тұрғын үй бағдарламасының алғашқы кезеңіне қатысуға 13 мың әскери қызметші ниет білдірген. Пулға ең көп ұпай жинаған қатысушылар кірді. Ұпай санына бірінші кезекте үміткердің әскери қызметте өткізген жылдарының саны ықпал етті.

Қазақстанда шамамен 70 мыңдай әскери қызметші тұрғын үй төлемдерін алады. Бұл – тұрғын үйге мұқтаж әскерилердің саны. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі осы азаматтардың баспана мәселесін алдағы 5-6 жылдың ішінде шешуге ниетті.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ