Осынау сауатты да білімді, рухани таза ұрпақты тәрбиелеудің басты құралы – әдебиет пәні. «Әдебиет пәні арқылы оқушылардың рухани дүниесі байиды, туған тілін сүюден елін, адамзатты құрметтеуге дейінгі сезімдері тәрбиеленеді», дейтін әйгілі ұстаз, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Қанипа Бітібаева. Айтса айтқандай, әдебиетке пән ретінде ғана қарамай, адамдықтың, тәрбиенің құралы ретінде қарағанымыз ләзім.
Ұстаздың педагогикалық еңбек жолындағы келбеті, тынымсыз еңбек жолы мен ғылыми еңбектері – сарқылмас қазына. Қанипа Бітібаева қазіргі нәтижеге бағытталған білім беру кезеңінде әдебиетті оқытудың теориясы мен әдістемесін, технологиясын ғылыми тұрғыда жазып кеткен ғалым ұстаз. Көзі тірісінде республикалық ғылыми-әдістемелік өз атындағы атаулы мектебін ашып, жетекшісі болды.
Қ.Бітібаеваның республикалық ғылыми-әдістемелік зертханасы Білім және ғылым министрлігінің ұсынысымен 2009 жылы ашылды. Бұл республика көлеміндегі ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік, тәжірибелік орталық болып табылады. Оны ашуға негіз болған Қанипа Омарғалиқызының қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесі мен технологиясын жетілдіруге қосқан ерен еңбегі мен жаңашыл ізденістері, ғылыми-әдістемелік оқу құралдары, оқулықтары, кітаптары, мақалалары, оқу кабинетінде жинақталған аса қомақты әрі құнды, өз тәжірибесінен туындаған сан мыңдаған дидактикалық материалдары, көрнекіліктері, ауыз әдебиетінен бастап, қазіргі кезең әдебиетін оқытудың авторлық бағдарламасы мен оны оқытудың әдістемесі, қазақ тілі мен әдебиетінің әр тақырыбы бойынша жазылған (5-11 сынып) сабақ жоспарлары, оқу жабдықтары топ-топ болып жинақталған. Ұстаздың ғылыми-әдістемелік зертханасы республика педагогтарына, соның ішінде облыстағы біліктілікті арттыру институтына келген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мамандарына әдістемелік тұрғыда көп көмек көрсетуде.
Зертхана қазақ тілін оқыту негізінде ағылшын, орыс тілдерін оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін іздеу, тәжірибеге енгізу мәселелерімен де айналысады. Тағы бір келелі мақсаты – мұғалімдердің іс-әрекетін репродуктивті деңгейден зерттеуші-мұғалім, экспериментатор мұғалім деңгейіне көтеру жолдарын іздеуге бағытталады. Оқушыны да, мұғалімді де ғылыми-ізденіс зерттеушілік іс-әрекет аймағына енгізу мәселесінде нақты көмек жасауға еңбектенеді. Мұғалімдердің іс-тәжірибесін зерттеп, диагностикалық талдау жасап, жаңашыл идеялар мен ізденістерді қолдап, олардың тәжірибесін тарату ісімен шұғылданады. Басты бағыттарының бірі – дарынды, талантты балалармен жұмыс. Бүгінде оның нәтижесі қуантарлықтай. Соңғы 5 жылда 7 оқушы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өткен республикалық олимпиадада, 5 оқушы республикалық ғылыми жоба қорғау сайысында және 17 оқушы республикалық шығармашылық байқауларда жүлдегер атанды.
Қанипа Омарғалиқызының республикалық ғылыми-әдістемелік зертханасы «Өрлеу», «Шығыс», «Дарын» орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Зертхана филиалдарының саны да жылдан-жылға көбеюде. Мәселен, автордың көзі тірісінде 9 зертхана болса, бүгінде оның саны 20-ға жетті.
Зертханада жыл сайын облыстық, республикалық семинарлар өтіп тұрады. Ұстаздың ғылыми-әдістемелік зертханасы бүгінде бүкіл ұстаздар қауымына әдістемелік тұрғыдан көмек көрсетуде. Интерактивті сабақтарды медиа білім беру орталықтары арқылы желілік байланыс негізінде қатарласа беру қолға алынып отыр. Қанипа Омарғалиқызының инновациялық тәжірибесін тарату және ұстаздық тұлғасын ұлықтау мақсатында педагогикалық мұрасын, мұражай жәдігерлерін облыс, республика көлемінде онлайн сабақтар түрінде таратып, «жылжымалы керуен» сабақтарын ұйымдастыру да дәстүрге айналды.
Зертхананың ғылыми-әдістемелік құрылымында 4 орталық бар. «Ақындар мектебі», «Әл-Фараби ұрпақтары», «Жас актерлер» және «Жас зерттеушілер» деп аталатын орталықтардың жұмысына зертхана мүшелерімен қатар С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ғалымдары, театр актерлері, «Шабыт» ақындар мектебінің жетекшілері тартылған.
Қанипа Омарғалиқызы еңбектері отандық педагогика тарихында ерекше орын алады. Республикамызда ұстазға арналған тұңғыш оқу-әдістемелік педагогикалық мұражай кабинетінің ашылуы соның дәлелі. Мұражай кабинетінде ұстаздың суреттері мен марапаттары, өз қолтаңбасымен жазылған еңбектері, дидактикалық материалдар, көрнекіліктер, тұтынған заттары жинақталған.
Бұл мұражай кабинеті республикада өткен инновациялық – педагогикалық идеялар фестивалінде 3-жүлделі орынды иеленді. Қазіргі заман талабына сай ұстаздың виртуалды мұражайы жасалды. Бұл Қанипа Омарғалиқызының педагогикалық іс-тәжірибесі, адами тұлғасы, өмірі қызықтыратын ұстаздар қауымы мен оқушылар үшін таптырмас дерек көзі. Ұстаз есімін ұлықтау мақсатында «Қанипатану» авторлық бағдарламасы жазылып, «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық сайысында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Сондай-ақ Қ.Омарғалиқызының туыстарының атынан Өскемен педагогикалық колледжінде тұңғыш рет 400 мың теңге шәкіртақы тағайындалғанын да айта кеткеніміз жөн. Бұл шәкіртақы дәстүрлі түрде жыл сайын талантты, талапты студенттерге беріліп отырады.
Ұстаздың әдістеме саласындағы жаңашыл идеялары мен артында қалған мол мұрасын қорғап, әрі сақтау үшін авторлық құқық алынған. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ филология факультетінің ғимаратында атаулы кабинет ашылды. Одан бөлек бүгінгі таңда Қанипа Омарғалиқызының педагогикалық еңбектері орыс тіліне аударылуда. Республикалық зертхана халықаралық ЮНЕСКО клубының құрамына енді. Бұл қазақ әдебиетін оқыту әдістемесін өзінің жаңашыл ізденістерімен байытқан, отандық педагогика саласына төңкеріс жасаған әйгілі ұстаздың 47 жыл көлемінде мектеп қабырғасында төккен таңғы шықтай адал да таза терінің, мыңдаған шәкірттің адами болмысын қалыптастырып, болашағына бағдаршам бола білген ерен еңбегінің аз ғана өтеуі деп білемін.
Бақытгүл АУҒАНБАЕВА,
Дарынды балаларға арналған облыстық Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия
интернаты директорының инновациялық жұмыстар жөніндегі орынбасары
ӨСКЕМЕН