Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығында «QDigitalInform» семинары өтті. Журналистиканың, оның ішінде қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының сапасын арттыруға септігін тигізуді, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын дәріптеуді мақсат еткен жоба шеңберінде өткен іс-шараға қатысушылар, яғни жаңа технологиялар заманында пайда болған жаңашылдықтарды игеруге қызығушылық танытқандар көп болды.
«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен Коммуникативтік бастамалар және стратегиялар қоры ұйымдастырған семинардың бірінші күнінде қатысушылар электронды үкімет пен электронды мемлекеттік қызметтің цифрлы мүмкіндіктерімен танысса, екінші күні блокчейн технологиясы туралы терең мағлұмат алды. Сондай-ақ қатысушыларға үлестіру тізілімінің технологиясы немесе дерекқордың жекелену теориясын меңгеру мүмкіндігі берілді. Семинарда блокчейн технологиясын мемлекеттік басқару мен бизнес саласында пайдалану әдістері туралы баяндаған Шымкент қаласы бойынша ақпараттық-технологиялық орталығының Ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу басқармасының бас инженері Маржан Сәбден елімізде электронды құжат айналымы жүйесі ерекше рөл атқаратынын, барлық деңгейдегі мемлекеттік басқарудың жан-жақты ашықтығы мен бақылауын қалыптастырудағы маңызды фактор екенін атап өтті. Ал басқарманың бас маманы Ерқұлан Бармағанбетов отандастарымыздың кибер кеңістіктегі бағыты мен деңгейі туралы баяндады.
Семинар соңында қатысушылар алған білімдерін бекіту мақсатында шағын жобалар жасап, спикерлердің практикалық тапсырмаларын орындады.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ШЫМКЕНТ