Қазақстан • 31 Қазан, 2018

Атырауда қаланың үш орталық көшесін қайта жаңғырту  және кеңейту жобасы аяқталды

312 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жобаны іске асыру жолдарда автомобиль қозғалысының қарқынды өсуімен, сондай-ақ көлік құралдары санының ұлғаюынан туындады.

Атырауда қаланың үш орталық көшесін қайта жаңғырту  және кеңейту жобасы аяқталды

Жоба қаланың үш көшесін-Баймұханов, Владимирский және Тайманов көшелерін қайта жаңғырту  және кеңейту жұмыстарынан тұрады. Сондай-ақ мердігер ұйым "Атырауинжстрой" ЖШС- ның алдында жол жиектерін орнату, жаяу жүргіншілер жолы мен дренаж науаларын салу, суару құбырларын жүргізу, тұрақтар және оң жақ бағыттағы өтетін жолдар салу, аялдама павильондарын орнату, көше жарығын ауыстыру мен жол белгілерін салу міндеттері тұрды. Көшелерді реконструкциялау және кеңейту жұмыстары 6 ай бойы -  сəуірден қазан айының соңына дейін жүргізілді.

Жөнделген жолдың жалпы ұзындығы: Тайманов көшесі 2340 м, Владимирский көшесі - 2646 м, Баймұханов көшесі - 3430 м.

-Жобаны іске асыру жолдарда автомобиль қозғалысының қарқынды өсуімен, сондай-ақ көлік құралдары санының ұлғаюынан туындады. Үнемі көлік кептелісі болатын және қозғалыс кезінде қолайсыздықтар туындайтын көшелердегі қозғалысты жеңілдету үшін жолақтарды ұлғайту жүргізілді,-  деді Атырау қаласы əкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев. Атап айтқанда, Владимирский көшесі 2 жолақтан 4 жолаққа дейін ұлғайтылды, бүгінде жүргіншілер бөлігінің ені жоба бойынша 7 м, 10,5 м және 14 м.

Баймұханов көшесі бойынша жолдың кейбір учаскелері 2-ден 3 және 4 жолаққа дейін ұлғайтылды, кеңейтуден кейін көшенің өтетін бөлігінің ені 7 метрден 14 метрге дейін, кей жерлерде 16 метрге дейін өсті.

Тайманов көшесі бойынша 2, 3, 4 жолақты учаскелер бар, сонымен қатар бөлу жолағы бар 6 жолақтан тұратын учаске де бар- бір бағытқа қарай 3 бір бағыттағы жолақтар және екінші бағытқа да 3 жолақты жолдар  салынды. Жолақтардың ені - 7 м, 10,5 м және 14 м.

- Жол құрылысы кезінде жергілікті асфальтбетон зауыты өндірген, өзінің төзімділігін көрсеткен асфальтбетон қоспасы пайдаланылды,- деп нақтылап өтті Нұрлан Таубаев. Жоба аясында бұрынғы дренаж науалары сақталып, жаңалары салынғанын айта кетейік. Жауын-шашын суы мен еріген судың ағып кетуі үшін жолдарды бойлай жиырма текше метр жерасты сыйымдылығы орнатылды: Баймұханов көшесінде- 4, Тайманов көшесінде 2 сыйымдылық орнатылды. Сондай-ақ жөнделген көшелердің бойында жаңа тұрақ алаңдары салынды: Баймұханов көшесі бойында -155 орындық 12 тұрақ, Владимирский көшесі бойында - 109 орындық 18 тұрақ, Тайманов көшесі бойында 89 орындық 10 тұрақ.

Автомобиль жүргізушілерге қолайлы болуы үшін 11 оң жақ бағыттағы өтетін жолдар салынды: Владимирский көшесі мен Құрманғазы көшесінің қиылысында - 4, Владимирский - Ғұмаров көшелерінің қиылысында - 4, Владимирский көшесі мен Сəтпаев даңғылының қиылысында - 1, Тайманов көшесі мен Сəтпаев даңғылының қиылысында-1, Владимирский-Ерниязов көшелерінің қиылысында - 1  өтпелі жол салынды. Сонымен қатар жоба аясында жоғарыда аталған үш көшеде автомобиль жолдарын белгілеу жүргізілді,  23 аялдама павильондарын орнату және көше жарығын ауыстыру жалғасуда.