Тарих • 31 Қазан, 2018

Маңғыстауда жаңа «Жыңғылды» катакомбасы табылды

1401 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау ауданының Жыңғылды ауылында су құбырын тарту үшін жерді қазу барысында адам қаңқалары табылды. Қаңқалар 1,8 метр тереңдіктен табылған. Сондай-ақ, үш адамның сүйегі жерленген көлемі 80х80 қуысқа тап болған жұмысшыларға қуыстың екі жағында 1-2 метр қашықтықта өзге де сүйектер бөліктері кездеседі. Өздері қазған траншея бойынан катакомба есіктеріне ұқсас белгілерді байқайды. 

Маңғыстауда жаңа «Жыңғылды» катакомбасы табылды

Оқиға орнына жеткен Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорық қызметкерлерінің айтуынша, жерлеу орнынан барлығы алты қаңқа табылған. Оның бірі – сәби сүйегі болса, үшеуі бірге жерленген жасөспірімдер сүйегі болуы мүмкін. Ал үшінші қуысқа әйел адамның, төртінші қуысқа ер адамның қаңқалары жерленген.

- Алдын ала анықтау бойынша бұл катакомбалық жерлеу кешені болып табылады. Археологтардың пікірі бойынша, траншеяның бойынан 8 катакомбаның есігі көрінеді. Сондай-ақ, археологиялық тазалау жұмыстары кезінде бірнеше қаңқалар табылды. Ескерткіш туралы нақты ақпарат беру қиын, алайда  алдын-ала болжам бойынша, жерлеу рәсімдеріне сәйкес аталған жерлеу орны біздің заманымыздың 1-8 ғасырлары аралығына тиесілі болуы мүмкін, дейді Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорығының археология және архитектура бөлімінің жетекшісі Бекболат Төлегенұлы.

Археолог А.Астафьев пен ресейлік маман Е.Богданов жаңа археологиялық нысанның ққолдау болып, тыңғылықты әрі терең зерттеу жұмыстары жүргізілсе бұл ескерткіштер арқылы Маңғыстау тарихына қатысты жаңа, тың парақтар ашылуы мүмкін екендігін айтады.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы