31 Қазан, 2018

Оралда «Еуразия періштесі 2018» атты кішкентай фотомодельдер байқауы өтті

510 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Орал қаласында «Еуразия періштесі 2018» атты кішкентай фотомодельдер байқауы өтті. Байқауға қатысқан 23 модельдің 21-і – есту, сөйлеу және көру қабілеті нашар балаларға арналған мектеп оқушылары болды.

Оралда «Еуразия періштесі 2018» атты кішкентай фотомодельдер байқауы өтті

Бұл байқауды «Періште» қайырымдылық қоры ұйымдастырған. Қор 2011 жылдан бері талантты балалар мен жастарды қолдаумен айналысып келеді. Бүгінгі байқаудың мақсаты – мүгедек балаларды қоғамның мәдени өміріне тарту, әлеуметтік тұрмысқа бейімдеу екен.

Байқауға қатысуға Батыс Қазақстан облысының аудандарынан және Атырау қаласынан да ниет білдіргендер көп болды. 4 пен 17 жас аралығын қамтыған сайыс бірнеше фотосессиядан тұрды. Байқаудың финалдық бөліміне 17 бала өтті. Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының сахнасында қорытындыланған соңғы сынақта жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар анықталды.

- Кішкентай фотомодельдер бұл сайысқа бар ынтасымен қатысты. Жан толқытар сәттер де болды. Осы байқауға қатысып жатқан бір баланың әкесі кеше ғана ауыр науқастан дүние салды. Бірақ марқұм соңғы сөзінде ұлына сайыстан қалмауын өтініп, жеңіс тілеп кеткен екен. Тіпті жерлеу рәсімінің уақытын да конкурстан кейінге қалдырған. Қоғам өмірінен көбіне шет қалып жүрген мұндай жандарға көптің көз алдында, сахнада өнер көрсету оңай емес қой. Олар бәрін жеңіп шықты, - дейді байқауды ұйымдастырушы Жанар Дәулетова.

Сонымен, қыздар арасында ең кішкентайлар тобында 4 жасар Анелия, орта топта 14 жасар Кристина, 15-16 жастағы ересектер тобында Әсем және егіз Алена мен Вероника бас жүлдеге ие болды. Ер балалар арасында 11 жасар Айберген мен 17 жасар атыраулық Евгений жеңімпаз танылды.

Айтпақшы, жас модельдердің фотосессиясын жасаған – оралдық жас фотографтар болатын. Ең сәтті көрініс, ең мықты сурет үшін олар да өзара өнер бәсекесіне түсті. Сөйтіп, Екатерина Мочалова бас жүлдені, Шерхан Едекешев – 1 орынды, Абылай Ғалимат – «ең креатив фотограф» атағын иеленіп, Мейірбек Тәжқұранов алғыс хат алды.

Байқаудың Гран-при жүлдесі мен 1 бәйгесін алған фотомодельдер Париж қаласындағы халықаралық сән байқауына жолдама алды. Олар сондай-ақ «Edelweiss» арт-студиясында моделинг пен этикет бойынша тегін сабақ алады.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан