Атап айтатын болсақ, бұрынғы кирилл графикасына негізделген қазақ емле ережесін оқытуда қиындық тудырып жүрген, қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкес келмейтін ц, щ, ю, я, э, ё, ь, ъ жат әріптерінен арыламыз. Профессор Н. Уәлидің айтуынша, бұл таңбалар әуелде шетелдік сөздерді орыс тілінің орфографиясымен жазу үшін арналған еді. Содан қазақ тілінің емле ережесі басқа тілдің ережесіне кіріптар болды. Осының салдарынан шет тіл сөздерді дыбыстық жақтан игерудің механизмдері жұмыс істемей қалды. Сондықтан латын негізді «Жаңа әліпбиге» көшудегі басты артықшылығымыз – қазіргі кирилграфикалы қазақ әліпбиіндегі 42 әріптен гөрі «Жаңа әліпбидегі» 32 латын әріпін меңгерту оңайырақ болады.
Бүгінгі сөздік қорымыздағы орыс сөздерін игерудің тілдік механизмдерімен тереңірек айналысып жүрген фонетист-маман А.Фазылжанованың пікірінше, «Бізде орыс тілінен алынған, бірақ қазақ тіліне қарай бейімделмеген бір топ сөздер бар. Олар орыс орфографиясымен жазылады және солай айтылады. Қазақ мектебінің оқушысы орыс тілінің де, қазақ тілінің де жазылу, айтылу ережелерін жаттайды. Мұндай жағдай өзге тілдерде жоқ. Қазақ тілінің қорғаныс тетіктерін қалпына келтіру үшін осындай жағымсыз стереотиптерден ада басқа бір алфавитке көшу қажет».
Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. ...алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деп көрсетеді. Олай болатын болса, латын графикасына көшудегі негізгі мақсатымыз – шет тіл сөздерді қазақ тілінің дыбыстық әуезіне икемдеп жазу. 1929 жылғы реформа бойынша орыс тілінен енген зат, бұйым атаулары қазақ тілінің әуезіне, ұлттық сипатына икемделіп жазылғаны баршамызға белгілі. Мысалы, бәтеңке (ботинка), әртіс (артист), кірпіш (кирпич), түрме (тюрьма), т.б. 1940 жылдан бастап кеңестік идеологияның салдарынан игерудің бұл механизмдері де жұмыс істемей қалғаны да түсінікті.
Ал бүгінгі таңда бөгде тілдің тәртібімен жазылып жүрген сөздерді күнделікті оқып жүрген газет-журнал, оқулықтар мен ғылыми еңбектерден байқауымызға болады. Яғни, орыс тілі арқылы енген шет тіл сөздер орыс тілінің (донор тілдің) заңдылығымен жазылып жүр. Яғни, қолданыс аясы кең орыс тілі өз ықпалын белсенді жүргізіп келеді. Мысалы, комиссия, диссертация, стресс, хоккей, резиденция, гастроль, пароль, профессор, т.б.
Осындағы орыс тілінің заңдылығымен таңбаланған геминат дыбыстарды (сс – бір дыбыстың қосар орналасуы) айтып та, жазып та жүрміз. Сондай-ақ орыс тілінен енген сөздердің құрамында (алдыңғы, ортаңғы позицияларда) кездесетін о дыбыстары да донор тілдің тәртібімен таңбаланады. Мысалы, комиссия, компания, т.б. Осы сияқты сөздік қорымызға күн санап еніп жатқан шет тіл сөздерді латын графикасымен игерудің орфографиялық, лингвоәлеуметтік және лингвопсихологиялық тұрғыдан профессор Н.Уәли, А.Фазылжанова, Қ.Күдеринова, А.Алдаш, Н.Әміржанова, т.б. орфограф-тілтанушы мамандар айналысып келеді. 2017 жылы шыққан «Жаңа ұлттық әліпби: Қазақ жазуын жаңғырту (ғылыми-тілтанымдық зерттеу)» атты ұжымдық монографияда бұл мәселенің алғышарттары зерттелген болатын. Ғалымдар қазіргі шет тіл сөздерді игерудің үш моделін көрсетіп отыр. Олар: әріп модель, тіркес модель және қосымша модель.
• әріп модель: ц, щ, ю, я, э, ё, ь, ъ тәрізді әріптердің латын графикасы бойынша игерілуі. Мәселен, жаңа емледе Ё әрпі О́ әрпімен таңбаланады: manо́vr, derıjór, т.б. Э әрпі Е әрпімен жазылады: element, elevator, т.б. Ал жіңішкелік белгісі (ь) бар буынға жіңішке дауыстылардың әрпі жазылады да, жіңішкелік белгі (ь) ескерілмейді: gаstról, parо́l, т.б.
• тіркес модель: ст, нт, нг, нд, нт, мб, мп, ск, ндр, рд, дж, нх, рх, мф, пт, фр, стр, тч, рц, лс, лк, нк, ст, рк, гс, рг сияқты тіркестердің жаңа орфография бойынша игерілуі. Қазіргі қазақ тілінің сөздік қорында осындай тіркеспен аяқталын шет тіл сөздер өте көп. Мәселен, паркинг, боулинг, бланк, холдинг, роуминг, скотч, билборд, допинг, патент, девидент, бифштекс, ботекс, очерк, люкс, т.б. Дегенмен жаңа емледе мұндай тіркесті модельдермен аяқталатын сөздердің барлығы игеріліп жазылмайды, бірақ қосымшалар үндесім заңдылығына сәйкес жалғанады. Мәселен, очерк, люкс, т.б.
Ал тч, нг, ст, сть, зд дыбыс тіркестерімен аяқталатын шет тіл сөздерді игерудің жаңа емледе келесідей механизмдері көрсетілген: ТЧ дыбыстар тіркесімен аяқталатын сөздердегі Т әрпі түсіріліп жазылады: skoch, skech, mach. Сөз соңындағы -НГ әріп тіркесі Ń әрпімен жазылады: parkıń, boýlıń. Сөз аяғындағы -CТ, -СТЬ, -ЗД әріп тіркесінің соңғылары түсіріліп жазылады: ensıklopedıs, poves.
• қосымша модель: -ия, -изм, -ция, -тор, -ий, -ка сияқты қосымшалардың жаңа орфография бойынша игерілуі. Мұндай қатардағы сөздер тілімізде бұрыннан орнығып қалыптасқан. Мысалы, модернизация, революция, калий, магний, т.б. Осындағы ий мен ка сияқты қосымшаларға қатысты ереже жаңа емледе былайша көрініс табады: ИЙ-мен аяқталған сөздердің соңында бір ғана I әрпі жазылады: kalı, alúmını, natrı, kafeterı, komentarı, realı. Шет тіл сөздердің соңындағы А әрпі сөз мағынасына әсер етпеген жағдайда түсіріліп жазылады: gazet, mınýt, kapsýl, kardıogram.
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен жүргізіліп жатқан сынама сауалнама нәтижесі мен көпшілік талқылауларда бүгінгі кирилл санадағы қоғамның орыс тілі арқылы енген шет тіл сөздерді ұлттық айтылым нормаларына игеруге байланысты көзқарастары әрқилы екенін көрсетті. Тілдік ұжым ішіндегі белгілі бір әлеуметтік топ өкілдерінің шет тіл сөздерді жаңа тұрпатта қолдамайтындардың саны аз болмады. Мұның себебі осы күнге дейін орыс тілінің айтылуы бойынша айтып, жазылуы бойынша жазып жүрген бүгінгі қоғамның тілдік санасында орыс тілінің дыбыстық моделі мен орфограммасы қалыптасып кеткен. Шет тіл сөздерді игеріп айту мен жазу – тілдік нормадан ауытқу сияқты болып көрінеді. Тіпті орыстілді азаматтар үшін бұл кәдімгідей психологиялық дискомфорт тудырып отыр. Алайда өз еліміздегі тілдік кеңістікте орыс тілдік санамен жүре берсек, өзіміздің дыбыстық қорымыздың, қала берді сөздік қорымыздың жұтаңдануына әкеп соғатыны белгілі жайт. Сол себепті, жаһандану заманында осындай тілдік мәселені алдын алу үшін тілші-мамандардың жаңа графикамен шет тіл сөздерді қазақ тілінің дыбыстық әуезіне игерудің механизмдері мен прициптерін ескеру қажет. Яғни, латын графикасына көшу барысында әліпбиіміз ҰЛТТЫҚ, емле ережеміз ҰЛТТЫҚ болуы аса маңызды.
Айнұр СЕЙІТБЕКОВА,
Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық
ғылыми-практикалық орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты,
Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық жұмыс тобының мүшесі