Руханият • 01 Қараша, 2018

Олар асылдың сынығы еді

1256 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Биыл дала данышпаны атанған Шәкәрім қажының туғанына 160 жыл толды. Өкінішке қарай, осыдан он жыл бұрынғыдай емес, мерзімді баспасөзде «қазақтың бас ақыны» (Ахмет Байтұрсынов) Абайдың ақындық мектебінің басты шәкірті туралы мақалалар әзірге аздау болып тұр. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатымен бергі ұрпақ көзін көріп үлгерген қажының ұлы Ахат ата мен немересі Мереке аға туралы сөз қозғағанды жөн көрген едік. Сонымен...

Олар асылдың сынығы еді

Суреттерде: Жидебай­дағы Абай-Шәкәрім кесенесі; Ахат ата абайлық сазгер Арғын­бек­­ Ахметжановпен бірге (1982 жыл)

Ахат ата

Ахат «атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ» деп немере әкесі болып келетін Абай атасы айт­пақшы, өсіп-өнген әулеттің ұр­пағы. Яғни, қажының алты ұлы­ның бірі. Шәкәрім бәйбішесі Мәуеннен Сүфиян, Тауфиқ есім­ді екі ұл сүйген. Сүфиян ер­те­ректе, жиырмасыншы жыл­дар­дың ортасында өмірден өт­кен. Ал одан кейін жүрек қа­лауымен қосылған асыл жары Ай­ғаншадан Ғафур, Қабыш, Ахат, Зият деген төрт ұл мен Жәкіш, Гүлнар есімді екі қыз сыйлаған. Бұлардың үлкені Ғафур мен оның ұлы Баяз­ит отызыншы жылдардағы ел басына күн ту­ған шақта қорлыққа шыдай алмай, өздеріне өздері қол жұм­саған. Ал Қабыш болса сол жылдары аштықтан көз жұм­­ған. Қажының кенже ұлы Зият сол ашаршылық жылдары Шыңғыстау көтерілісі бұрқ ете қалғанда бірер серіктерімен Қы­тай асып кеткен.

Одан кейінгі Екінші дүние­жүзілік соғыс бәрі қосыла кел­­генде Құнанбай әулетін ойсы­ратып-ақ жіберген. Біздің білуі­мізше арғы Құнекең, бергі Шә­кә­рім ұрпақтарынан бертінгі күн­ге ілігіп, ұзақ жасаған санау­лы Ырғызбай ұрпақтарының бірі осы Ахат ата. Және оның қарадан шығып хан атанған атасы, әкесі Шәкәрімге бір кі­сідей-ақ қамқорлық танытып, болашағын бағдарлап беріп кеткен Абайдай ағасы, әсіресе асқар таудай әкесі туралы ауызша әңгімелерімен бірге, қағазға түсіріп үлгерген естеліктері қан­дай десеңізші! Осы орайда оның бұл естелігін әкесі Абайдың адами болмысын бү­гінгі күнге жеткізе білген Тұрағұлдың баға жеткізгісіз еңбегімен орайлас дүние десек, артық айтқандық болмас. Шындығында, Ахат ата бойы да, ойы да биік адам болатын. Әкесінің отыз жылдай елден жырақтағы құрқұдықта жатқан сүйегін қасиетті Жидебайға жет­кізген де, артында қалған асыл мұрасының кейінгі ұрпақ­тың қолына аман-есен жетуіне себепкер болған да осы кісі. 

Белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов «Шәкәрім өмірін білгің келсе, оны ақынның өлеңдерінен ізде, ол өз өмірін өлеңмен жазып кеткен адам» деп отырушы еді. Оған енді дау жоқ. Солай дей тұрғанмен, шә­кәрімтануға ұлы Ахаттың айрықша үлес қосқанын ешкім жоққа шығара алмаса керек. Бұған Ахаттың өмірге келгеннен бастап әкесінің маңында отыз жыл бірге жүргені сеп болған. Сондықтан ол жасынан әкесінің жан-жақты адам болғандығын, орыс тілін қалай меңгергенін, ел ісіне қалай араласқандығын, аңшылығын, ақынның жалпы машығын, адами қасиеттерін жақ­сы білген. Соның бәрі ұлы­ның әкесі туралы естелігінде мейлінше қамтылып жазылған. Көлемі жүз беттей бұл естеліктің біраз бөлігі алғаш рет 1992 жылы «Жұлдыз» журналының екінші санында «Менің әкем, халық ұлы – Шәкәрім» деген ат­пен жарық көрген болатын. Шәкәрім тақырыбына қалам тербеген қай-қайсымыз болсын осы бағалы дерекке жүгінгеніміз рас. 

Әкесінің ақылымен Ахат өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының ортасында сол заманда ұлтымыздың талай марғасқаларының жолын ашқан Семейдегі педтехникумды оқып бітірген. Одан кейінгі жерде Шың­ғыстауда бала оқыту, ел­дің сауатын ашу ісімен ай­на­лысқан. Бірақ осы шақта бай­лар­ды кәмпескелеу науқаны бас­талып, Ырғызбай ұрпағы қуғындала бастағанда оның сал­қыны бұған да тиіп, түрмеге қамалған. Одан амалын тауып сытылып шыққанмен іле соттан шақыру қағазы келіп, Ахат әкесімен қоштасуға келгенде су түсіп, өзеннің таси бастаған шағы екен. Қажы ұлын өткелден шығарып салып тұрып, өмірдің толқымалы, тұрақсыздығын айта келіп, осындай өмір өткел­дерінде табаныңа кісі салып өтсең – тіріде өзім, өлсем аруа­ғым риза болмайды деген екен. Әке­сінің ұлынан сұраған ақтық тілегі осы болыпты.

Байларды тәркілеп, кәмпеске­леудің соңы асыра сілтеуге, ал­ оның арты ашаршылыққа ұла­сып, елдің амалсыздан түп кө­терілгені, солайша қажының жолсыз жазаға іліккені көзіқа­рақты оқырманға белгілі жайт. Міне, осы кезден басталған сер­­­гелдең жасы отызға енді ілік­кен Ахат үшін он жылдай уа­қытқа созылады. Сібірде айдауда болған ол қорлық пен зорлыққа шыдамай жүрегіне ине қадап өмірмен қоштаспақ та болған. Сол иненің өле өл­генше мұның тәнінде жүргені де шындық. Тек соғыстың ал­­дында ғана бостандыққа шық­қан Ахат бәрібір елге орала алмайды. Содан Алматының маңында, кейінде сол кездегі ел астанасының өзінде болып, жасынан қалаған мамандығы ұстаздықпен айналысады.­ Сөй­те жүріп осындағы алғашқы ба­йырғы жоғары оқу орны – Қазақ педагогика институ­тын бітіріп алады. Отыз жылға жуық уақытқа созылған жемісті ұстаздық жолы «Құрмет бел­гісі» және Еңбек Қызыл Ту орден­дерімен аталып өтіледі.

Осында, яғни елден жырақта жүргенде Әуезовтей ғұламаның үйінде әкесінің сурет бейнесімен қауышатыны өз алдына бір та­­­рих. Оны бұл жаққа елден қадірлі қонақтың бірі Шәукен ала кел­­­­ген. Бұл кісі қажы оққа ұша­тын­ жылдары аудандық ГПУ-дің мекемесінде от жағушы бо­лып жұмыс істейді екен. Ал аталған мекеменің басшылары ақынның көзін жойғаннан соң оған қатысты біраз құжаттарды отқа өртетуді ештеңеден хабарсыз мылқау жан деп Шәукенге тапсырған ғой. Сонда ол тумысынан мүгедек болғанмен сау азаматтың ісін асыра атқарып, Шәкәрімнің асыл бейнесін осы заманға жеткізе білген.

Шәукеннің осы ерлігі, Әуе­зовтің оған құрметі, бәрі қосыла келгенде Ахаттың әкесіне деген балалық сүйіспеншілігі мен азаматтық парызын одан әрі нығайтып, бекіте түскен еді. Осылайша ол әкесін ақтап шы­ғу, шығармаларын болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатымен еш қажымастан ұзақ жылғы күресін жалғастыра берген. Бұған сол кездегі алып империяның басшысы Н.Хрущевтің бір сәттік жылымық саясатының септігі болғаны да рас. Осылайша елуін­ші жылдардың аяғында Шә­­кә­рімнің Мәскеу тарапынан­ ақталғаны да, іле бір топ өлең­дерінің «Қазақ әдебиеті» га­зетінде жарияланғаны да рас. Бірақ өкінішке қарай, бұл мәсе­леде түпкілікті жеңістің ауылы әлі де алыс болатын.

Әйтеуір, дес бергенде Ахат­тың шындыққа деген талпынысы бұдан кейін де толастама­ған. Яғни, арада отыз жылдан кейін елге оралып, осынша уақыт айдаладағы құр құдықта жат­қан әке сүйегін Жидебайға, неме­релес ағасы, сүйікті ұстазы Абайдың қасына әкеп арулап жерлейді. Бірақ бұл енді айт­қанға ғана оңай. Құр құдықта жатқан әке сүйегін ұлы қасына ешкімді жолатпай бір өзі жинас­тырған екен деседі. Сонда бірін­шіден біреуге зияным тиіп кет­­песін десе, екіншіден сол бөг­де адам асығыстықпен әке сүйе­гін бүлдіріп ала ма деген қа­уіп те жоқ емес-ті. Әкесінің бір уыс сақалы мен өзі қолдан жа­са­ған түймесі, сондай-ақ сүйегіне қадалған екі оқ бұл мүрденің қажынікі екендігін бұлтартпайтын айғақ еді.

Ахат ақсақал бұдан соң ара­да жеті-сегіз жылдан кейін ту­ған жеріне біржола көшіп ке­ліп, Жидебайдағы Абай мұра­жайында тапжылмастан сегіз жыл қызмет етті. Біздің атамен азды-көпті таныстығымыз осы кезде басталып еді-ау! Алыстан, Алматыдан әріптестеріміз кел­­генде оларды Абай еліне, Жи­дебайдағы Абай зираты мен мұражайына апаруға тырыса­тынбыз. Мұражайда бізді ескі­­нің көзіндей, ұлылардың өзін­дей болып Ахат ата қарсы ала­тын.­ Басқасы басқа, ол кісі кім­ге болсын бейнебір тірі экспонат секілді көрінетін-ді. Бірде Абай еліне, Жидебайға келген сол кездегі республика басшысы Д.А.Қонаевтың бұл жаққа қа­сына ере келген Орталық Азия әскери округінің қолбасшысы, армия генералы Лященкоға атамызды оған осындай мағынада таныстырғаны да есімізде қалып қойыпты. Сонда деймін-ау, ата­мыздың партия мен әскер басшысынан қызмет жарыстыра алмаса да, бойы мен ойы жағынан кем түспегеніне бүкіл Абай елі сүйсінген-ді.

Ахат ата өмірінің тағы бір сегіз жылы Семей қаласында өт­ті. Сол кезде атамызбен жиі­рек кездесіп, сұхбаттасуға мүм­кіндік туды. Кейініректе сол естіп, білгендерімізді қажы­ның 150 жылдығына орай Астана мен Алматыда жарық көрген деректі кітабымызда пайда­лан­дық та. Ол кісі Семейге қо­ныс аударғанда жасы сексеннен асып кеткеніне қарамастан әке­ге, оның мұрасына деген адалдығынан еш айныған емес. Әке туралы естелігі де осы кезде жазылды, ән мұрасын да нотаға түсіртумен жүйелі түрде айналысты. Тегінде Ахат атаның өзі де жасынан өлең жазып, ән шығарумен айналысатын-ды. Бірақ бірінші кезекте әке мұрасын жинақтап, жарыққа шығару секілді асыл мұратынан айныған емес. Рас, осы орайда ай­та кеткеніміз жөн болар, ата­ның шығармалары да кейін­де жергілікті азаматтардың қамқор­лы­ғымен жарыққа шықты.

Ахат ақсақал 1984 жылы 84 жасында өмірден озды. Содан бір жыл бұрын Ресей жағында тұратын жалғыз ұлы Фзули қай­­тыс болған еді. Сол жаққа Қостанай арқылы ұшып бара жатқан жасы келген ақсақал аталған қала әуежайында мұз­дан тайып жығылып, жамбас сүйегі сынады. Осыған дейін денсаулығы сыр беріп көрмеген адамға екі соққы қатар тиіп, бұдан соң оңала қоймаған. Әкесінің толықтай ақталуына небәрі төрт жылдай уақыт қал­ғанда оның өмірден аттанып кете баруы, әрине өкінішті. Бі­рақ дәтке қуат дейтін жайт сол, бүгінде Ахат Құдайбердіұлының мүрдесі Жидебайдағы дала кеме­сіндей Абай-Шәкәрім кесе­не­сінде ұлылармен мәңгі бір­ге жатыр. Оған Ахат ата қай жа­ғынан алғанда да толық қа­қысы бар деп ойлаймыз!

Мереке аға

Жоғарыда Шәкәрім қажы­ның кенже ұлының аты Зият екендігін, оның отызыншы жыл­дардағы ашаршылыққа байланысты туындаған Шыңғыстау көтерілісі кезінде амалсыздан Қытай асып кеткендігін айттық. Бұлар, өздері бір топ адам, Шә­кә­рімді де бірге ала кетпек бол­ған. Оның қасындағылар қа­жыны жат елде өздеріне қорған болсын десе, Зият бірінші кезекте әке амандығын ойлаған. Ал қажы айналасынан, жалпы өмір­ден түңілген, содан біржола елден безіп кетуді ойластырған, бірақ түптеп келгенде «туған жер, өлген мола жібермеді» деп Абай ағасы айтпақшы, жа­сы келген шағында елден түп қотарыла безіп кетуді қаламаған секілді. Оның сыртында біле­мін деушілердің айтуынша, за­манның сұрқынан сескенген Шәкәрім жаман айтпай жақсы жоқ демекші, ұлы Зияттың өзі­нің, ал өзі ұлының өлімін көз­бен көруді қаламаған деседі.

Айтқандай-ақ, бұлар ат­тың басын алыстағы Қытай елі­не бұрған бетте қызылдар Шә­кә­рімді Шыңғыстаудың Қызыл биі­гінде еш шімірікпестен оққа байлады. Осылайша дала даныш­паны ешбір тергеу, сотсыз жол­­­­сыз жазаға тартылды. Ал Зият­тар сол кеткеннен молынан ке­тіп­, шекарадан бір-ақ асқан. 

Тегінде өзінен үш жас үлкен Ахат ағасы секілді Зият та жасынан көзі ашық, оқып-тоқығаны көп азамат болыпты. Бірақ соған дейін өлеңге үйірсектігі жоқ екен. Алайда туған жерге, өскен елге, әсіресе аяулы әкесіне деген сағыныш жат елде жүрегіне жыр болып құйылыпты. Тіпті өлеңмен шектелмей, дастан, пьеса да жазып, ән де шығарыпты. Мұның сыртында Шыңжаң өл­кесіндегі Алтай аймағының оқу­ ағарту, мәдени өміріне де­ қызу атсалысқан көрінеді. Бі­рақ өкінішке қарай, аңдыған жау алмай қоймайды дегендей, кеңестің жансыздары оған мұнда да тыныштық бермей, ақыры жазықсыз жанның түбіне жетеді. Тіпті оны кері елге алып келіп, қинап өлтіріпті деген де сөз бар.

Бұл отыз жетінші жылдың зобалаңындағы оқиға. Содан бұрынырақта Зияттың тұңғыш ұлы шетінеп кетсе, екінші ұлы Мерекенің өмірге енді келген кезі екен. Әкесі ұсталып кеткен­де екінші ұл қырқынан енді шы­ғып жатыпты. Жығылғанға жұ­дырық дегендей жасы сегізге ен­ді келгенде шешеден және ай­рылады. Содан бастапқыда нағашыларының, одан кейінде әкесі Зиятпен осы жаққа бірге келген Әзімбайдың Берлешінің қолында болады. Ал жасы он жетіге қараған шағында сол Берлеш көкесімен елге оралады. Шекарадан өтіп, Зайсанға келгенде бұл көкесі Алматыдағы әке­сінің ағасы Ахатпен хабарласады. Біраз жыл Берлешке бауыр басып қалған Мерекенің одан ажырағысы келмей қатты қиналғаны да рас.

Қалай болғанда да ендігі жер­де Ахат бұған аға да, пана да бола біледі. Алғашқыда қала ішін­дегі кәсіпорынның бірін­де жұмысшы болып істеген Мереке содан кейініректе қала ше­тіндегі колхозда еңбек ете­ді. Сонда көңіліне жақпаған бас­­шылардың кемшілігін сынап өлең шығарады екен. Бі­рақ өлеңнің соңына түспеген кө­­рі­неді. Солай дей тұрғанмен, қа­жы атасының өлеңдерін былай қой­ған­да «Қалқаман-Мамыр» сынды дастандарын бастан-аяқ жатқа айтушы еді. 

Өз басымыз Мереке ағаны Шәкәрімнің ақталған бетте 130 жылдығына орай Абай елінде өткен айрықша жиында көрген едік. Бұдан кейінгі жерде ағамыз Абай, Шәкәрім аталарының елде өтіп жататын түрлі шараларынан қалған емес. Сол сапарларының бірінде Се­мейдегі біздің үйде де болды, біз де ағамыздың Алматының тү­біндегі Бесағаш ауылындағы үйінде болдық дегендей... Ахат ақсақал біздің үлкен атамызбен түйдей құрдас болса, Мереке ағамыз бізден бір мүшел жасқа жуық үлкен еді. 

Мереке аға осыдан екі жыл бұрын жасы сексенге бір жыл қал­ғанда өмірден озды. Ал келер жылы ол кісінің қосағы Кла­ра апай да өмірден аттанып кете барды. Бір абзалы сол,­ қа­зірде бұл кісілердің бір ұл, үш қы­зы, олардан тараған ұрпақ­тары Алматыда тұрып жатыр. Со­лардың үлкені Нұрлан орган­нан зейнетке шығып, қазірде әке шаңырағында түтін түтетіп отыр. Қазірде ол әкесінің жолын жалғастырып, әр жерде болып жататын түрлі шараларда Шәкәрім бабасы, жалпы ұлылар әулеті туралы ұлағатты әңгіме айтып жүр. Осы орайда, Ахат атаның жоғарыда есімі аталған ұлы Фзулиден қалған жалғыз тұяқ Дәулет те ата шаңырағында отырғанын айта кеткеніміз жөн болар. Бірақ өкінішке қарай, ол азамат анасы басқа ұлттан болғандықтан ба қазақшасы жоқ және жаңағыдай жиындарға қатысуға құлықты емес. Бұған өткен өмірімізді, кешегі заманды кінәлағаннан басқа не дерсің! Қалай болғанда да ұлылар ұрпа­ғына амандық тілейміз!

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

АЛМАТЫ