
Еркін күрес шеберлері сайысында 57 кило салмақта белдескен Нұрислам Санаевтың күміс медаль алғанына ешкім таңдана қойған жоқ. 2014 жылы Ресейден Қазақстанға қоныс аударған кезден бері ол Рио Олимпиадасы мен әлем чемпионаттарынан олжасыз оралғанымен, өзге ірі жарыстарда жап-жақсы нәтиже көрсетті. Атап айтсақ, былтыр Нью-Делиде өткен Азия біріншілігінде қола медальды еншілесе, биыл Бішкектегі бәсекеде алтын тұғырға көтерілді. Одан бөлек, түрлі халықаралық турнирлерде атой салып, сан мәрте үздіктер санатына қосылды. Осы жайттың барлығын сараптаған Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері Әсет Серікбаев Венгрия сапары қарсаңында «Санаев жүлдегерлер қатарынан көрінуі мүмкін» деген болжам айтқан-ды.
Расында да Нұрислам Будапештте өте жақсы күресті. Самоалық Джош Файлауга, украиналық Армен Аракелян, түркиялық Сүлейман Атли және америкалық Томас Патрик Гильманды еш қиналмай ұтқан ол финалда Еуропа чемпионатының екі дүркін жүлдегері, ресейлік Заур Угуевпен тең дәрежеде айқасты. Таразы басы теңселіп тұрған тұста төреші жерлесімізге жоқ жерде ескерту жасап, қасақана түрде жеңісті қарсыласына ұстатып жіберді. Осы сөзіміздің растығына Будапешттегі зәулім спорт кешеніне жиналған мыңдаған жанкүйер мен теледидарға көз тіккен миллиондаған көрермен куә.
Джакартада өткен Азия ойындарына қатысқан Қазақстанның грек-рим күресінің хас шеберлері әлем чемпионатына бармайтынын естігенде көрермендердің көпшілігі «Будапештте жүлде алуымыз қиын болады-ау» деп ойлағаны рас. Мажарстанға сапар шеккен 10 балуанның арасында осыған дейін әлемдік додада тек Демеу Жадыраев (72 кило) қана жүлде алған. 2017 жылы Парижде өткен жарысты ол күміс медальмен қорытындылады. Былтыр Нью-Делиде Мақсат Ережепов (82 кило) Азия чемпионы атанды. 2018 жылы Азамат Құстыбаев (87 кило) Азия ойындарының қола жүлдесін еншіледі. Міне, ең сақа спортшылар осылар. Ал қалғандары осы күнге дейін ересектер арасындағы құрлық біріншілігінің өзінде жеңіс тұғырына көтерілген емес. Секем алуымыз да сондықтан.
Алайда айтулы дода барысында біз елімізде дарынды жастардың қалың шоғыры өсіп келе жатқанын аңғардық. Будапештте ұйымдастырылған байрақты бәсеке барысында есімдері көпшілікке етене таныс емес қос балуан – Айдос Сұлтанғали мен Мейіржан Шермаханбеттің (суретте оң жақта) асқан шеберліктеріне тәнті болдық. Мәселен, 60 кило салмақ дәрежесіндегі Сұлтанғалидің ең зор табысы – 23 жасқа дейінгілер арасындағы әлем біріншілігі мен жабық ғимараттағы Азия ойындарының қола жүлдесі, кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінің алтыны. Сол секілді Шермаханбет те пәлендей биік белестерді әлі бағындыра қойған жоқ. Бір есімізде қалғаны, биылғы жылдың сәуір айында Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатында бұл жігіт еліміздің даңқты балуаны Алмат Кебісбаевты қапы қалдырып, айды аспанға бір-ақ шығарды.
Өзге жерлестеріміздің арасынан тек Демеу Жадыраев пен Мақсат Ережепов қана жарты жолға дейін жетті. Алғашқы айналымдарда қарсыластарын қапы қалдырған олар ширек финал мен жұбаныш бәсекесінде сүрінді.
Венгриядағы жарыста біз Елмұрат Тасмұратовтың да табысына қуандық. Өзбекстанның туы астында өнер көрсетіп жүрген 26 жастағы қазақтың ұлы әлем чемпионатында осымен үшінші мәрте жеңіс тұғырына көтеріліп отыр. 2013 және 2014 жылдары ол қола медальды иеленсе, бұл жолы күміс алды. Барлық қарсыластарын бір деммен ұтқан Елмұрат финалда ресейлік Степан Маранянға ғана жол берді. Одан бөлек, қандасымыздың Рио Олимпиадасының қола жүлдегері және Азияның төрт дүркін чемпионы деген атағы бар.
Бір қызығы, былтыр Парижде өткен әлемдік додада Ресей балуандары күрестің үш түрінен де жеңіс тұғырының ең биік сатысына бірде-бір рет көтеріле алған жоқ еді. Сол сәтсіздіктен үлкен сабақ алып, тиісті қорытынды шығарған олар бұл жолы жарысқа керемет дайындықпен келген екен. Грек-рим күресінде айтулы мемлекет өкілдерінің қарқынына ешкім шыдай алған жоқ. 10 салмақ дәрежесінің алтауында бас жүлдені олжалаған ресейліктер командалық сайыста барлық қарсыластарынан қара үзіп кетті.
Әйелдер күресінен өткен жарыста Қазақстан құрамасына бірде-бір жүлде бұйырған жоқ. Ең мықты деген спортшыларымыздың өздері жарты жолға жетпей сүрінді. Сол себепті де спорттың бұл түріне кеңінен тоқталуды жөн көрмедік. Әйелдер күресінде әдеттегідей Жапония командасы озды. Күншығыс елінің әнұраны Венгрияның астанасында төрт мәрте шырқалды. Сондай-ақ Қытай, Болгария, Финляндия, Украина, Канада және АҚШ құрама командасының мүшелері де бір-бір реттен алтыннан алқа тағынды.
Міне, Будапештте өткен әлем чемпионатының нәтижесі осындай. Біздің бір өкінетін жеріміз – бұл жолы да бас жүлдені олжалай алмағанымыз. Сонау 1999 жылы грек-рим күресінен Мкхитар Манукян Қазақстанның балуандары арасынан ең соңғы болып сол белесті бағындырған еді. Содан бері табаны күректей 19 жыл өтті. Күрес өнерін жан-тәнімен сүйетін жанкүйерлер 19 жыл бойы алтын тұғырды аңсаумен келеді. Енді келесі жылы төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан дүбірлі дода Астанада өтеді. Бәлкім, өз елімізде, өз жерімізде жалауы желбірейтін жарыста біздің балуандар дәл 20 жылдан кейін өз жанкүйерлерінің үкілі үмітін ақтайды деп үміттенеміз.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»