«Мерзімді әскери қызметке қабылдауға шақырылғандардың 85-90 пайызының физикалық денсаулық дайындығы жоғары дәрежеде жарамды» деген Ардақ Кукатов биылдың өзінде күзгі-көктемгі маусым ішінде 35 мыңнан астам бозбалаға шақырту жіберілгенін хабарлады. Жалпы, елімізде жыл сайын денсаулығына байланысты әскери борыштан босатылғандар мен кейінге қалдырылған азаматтардан басқа 18 және 27 жас арасындағы азаматтарға 35 мыңға жуығына шақырту жіберіледі екен. Олардың шамамен 8 пайызы неврологиялық және хирургиялық ауруларына байланысты әскери қызметке жарамсыз деп табылады.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері әскери қызметке тұрғысы келетіндер қатары артып, Отан алдындағы борышын өз еркімен өтеуге ұмтылатындар саны көбейген. Десек те әскери борышын өтеуден себепсіз жалтаратындар, қашқақтайтындар үшін Қорғаныс министрлігі тарапынан алдын алу шаралары жүргізіледі. Мәселен, 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе түзету жұмыстарына жіберіледі. Тіпті бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал іс сотқа берілгенге дейін әскери шақыру пунктіне өз еркімен келгендер қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
Қоғамда әскери борышын өтеп жүрген жастардың арасында орын алып жататын келеңсіз жайттар туралы ақпараттар желдей есетіні жасырын емес. Олардың кейбірі негізсіз болса, кейбірі шындыққа жанасып жатады. Осының барлығы түптеп келгенде ата-аналардың өз баласын Отан алдындағы борышын өтеуге асықтырмауына немесе олардың өздерінің де осыған құлықсыз болуына әсер етіп жатқаны шындық. Түрлі жағдайлар орын алып, жас сарбаздардың өзі құралпыластар арасында өзін жайсыз сезінуі, стресстік жағдайға түсіп, соңы қайғылы жағдайларға ұласуы мүмкін. Ал аяқ асты ауырып, сырқаттың жылдам дамитын түріне шалдығуы әскери бөлімшелердегі денсаулық сақтау қызметінің қаншалықты деңгейде екендігін көрсетіп береді. Әскери дәрігерлердің біліктілігі қандай?! Осындай жауабы жоқ сауалдар кез келген ата-ананың баласы үшін алаңдауына себеп. Күзгі-көктемгі мерзімді әскер қатарына шақыру маусымына орай Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне бірқатар сұрақтар жолдаған едік. Соның бірі осы тақырып туралы болатын.
Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жас әскери қызметшілер әскери өмірге бейімделу кезеңінде лауазымды тұлғалар тарапынан қатаң бақылауға алынады екен. Яғни, жас буын толықтыруы арасында құқық бұзушылық пен жарғылық емес қарым-қатынастың алды алынады. Олар бос уақытын патриоттық бағыттағы кинофильмдер көріп, музыкалық аспаптармен, үстел ойындарымен, журнал-газеттермен қамтылған ақпараттық-тәрбие жұмыстары бөлмесінде өткізеді.
Елбасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығы мен ерекше назар аударуының арқасында 2017 жылдан бастап әскери қызметшілердің жалақысы 30 пайызға көтерілді. Сонымен бірге әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету механизміне өзгерістер енгізілді. Бұл кешенді шаралар әскери қызмет өтеуге деген көзқарас пен әскери қызметтің абыройын едәуір көтеріп, бұрынғы көзқарас сеңін қозғалтқаны анық.
Қоғамның мерзімді әскери қызметті өтеуге деген көзқарастың жақсаруына себеп болған шаралардың тағы бірі ретінде әскери борыш өтеу мерзімінің 2 жылдан 1 жылға қысқаруын, яғни бөлімдердің тек бір шақырылыммен толықтырылуын айтуға болады. Бұл шаралардың нәтижесінде сарбаздар мен әскери қызметшілер арасында «әлімжеттік» ұғымы жойылыпты. Ал жарғылық емес қарым-қатынас бірлі-жарым ғана кездесетін көрінеді. Мұның барлығы әскери қызмет абыройын көтеруге ықпал етіп, азаматтардың әскерге деген сенімін жоғарылатқан.
Қорғаныс министрлігіне қарасты құзырлы органдарының берген жауабы көңілге қонады, әрине. Бірақ орын алып жатқан оқиғаларды електен өткізсек, сарбаздардың жаңа жерде психологиялық дайындығы және денсаулығын күту мәселелері кемшін түсіп жатқандай көрінеді. Бірақ бұл біздің пайым. Қалай болғанда да әскери өмірдің кез келген жасты шыңдап, көңіл көкжиегін кеңейтетіні сөзсіз. Өрекпіген көңілге тоқтау салар ақпараттарға қарамастан, Отанын қорғағысы келетін жастардың қатары көп болса екен дейміз.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»