24 тамызда Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының филиалы – Орталық көрме залында сол эскиздер мен макеттердің көрмесі ұйымдастырылды. Мүсін эскиздері мен макеттерінің басым көпшілігі Алматы, Астана және Өскемен қалаларынан қатысты.
Сонымен байқаудың бас жүлдесін Алматыдан қатысқан Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлектері мүсіншілер Дулат Үсенбаев, Айдос Бүркітбаев, Қанат Бегулиев, Әлімжан Тоқбаевтар шығармашылық квартеті жеңіп алды. Бұл жігіттердің жұмысы «Болашаққа көзқарас» деп аталады.
Жеңіске жеткен жігіттердің бірлесіп еңбек еткеніне бірнеше жыл ғана болған және бұған дейін Алматы қаласында 31 мамырда ашаршылық құрбандарына қойылған ескерткіштің байқауында бас жүлдеге ие болған. Қазір ол ескерткіш те Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы қарағайлы бақта тұр. Сол сияқты таңдаудан өткен тағы бірнеше туындылары Алматы, Талдықорған, Жаңаөзен қалаларында тұр.
Біріккен төрт талант модерн стилінде орындалған мүсінге әр қырынан келген. Мәселен, Дулат Үсенбаев кескіндемеші болса, қалғандары скульптура, интерьерлік дизайнерлік тұрғыда мүсінге өз қолтаңбаларын кіріктірген.
– Бұл байқау бізге шабыт пен материалдық игілік алып келеді. Бізге байқаудың ұйымдастырылу деңгейі ұнады. Жарты жыл бұрын жарияланды. Бәсеке барысында оның бүкіл жай-жапсары хабарланып тұрды. Атақты және мықты мүсіншілермен қатар бақ сынадық. Барлық жұмыстар мен олардың тұжырымдамаларын көріп отырдық, – дейді кескіндемеші Дулат Үсенбаев.
Сонымен Polpharma тобы Бақылау кеңесінің хатшысы, «Starak Family Foundation» қорының президенті Эльжбета Джиковска «Болашаққа көзқарас» мүсіні Қазақстан Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы кезінде 2019 жылдың маусымында Шымкенттегі SANTO компаниясының зауытына қойылып, салтанатты түрде ашылады деді.
Бұл туындының айтар ойы төмендегідей: Адамның басы – ғылыми-техникалық өрлеу мен өнердің қозғалтқышы. Ол болашаққа көз салады, барлық жаңаны қабылдауға дайын.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ