Медицина • 01 Қараша, 2018

Міндетіміз – ұзақ өмір сүруге жағдай жасау

365 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда қатерлі ісіктен көз жұматындар жүрек-қантамыр ауруларынан кейін екінші орында тұр. Жыл сайын әлемде 8,7 млн адам онкологиялық ауруларға шалдықса, бұл көрсеткіш Қазақстанда 35 мыңға жуықтайды екен.

Міндетіміз – ұзақ өмір сүруге жағдай жасау

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде жаман аурудың сүт безі, тері, өкпе, асқазан, жатыр мойны, тоқ ішек, тік ішек және қандағы (гемобластоз) тү­рі көптеп кездеседі. Алайда дә­­рі­герлердің күш-жігерінің ар­­қа­сында Қазақстанда онко­ло­­гиялық аурулардың өлім деңгейі біртіндеп төмендеп келе жатқанын айтқан еліміздің бас онкологы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик Диляра Қай­дарова: «Ендігі міндетіміз – ұзақ өмір сүруге жағ­дай жасау және қатерлі ісік­терді ерте диагностикалау», дейді.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл күйінің аса маңызды ком­по­ненті болып саналатынын атап өткен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастау керек» деген болатын. «Елімізде онкология бойынша заманауи жабдықтармен жабдықталған орталық құру қажеттілігі туын­дағаны рас. Бұл көптеген адам­дардың өмірін құтқаруға кө­мектеседі. Астанадағы жаңа Ұлттық онкологиялық орта­лық­­тың құрылысы біз үшін өте маңызды және үлкен міндеттерді жүктейді», дейді еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарова.

Биыл Үкімет 2018-2022 жылдарға арналған онколо­гия­лық аурулармен күрестің кешенді жоспарын қабылдады. Келесі жылдан бастап меди­ци­налық көмектің сапасын арт­тыруға, онкологиялық диспан­серлер жабдықталу пар­кін жаңартуға қосымша 35 млрд теңге бөлінбек. «Біз Қазақ­стан­ның барлық өңіріндегі онко­логиялық мекемелердің жағ­дайына аудит жүргіздік. Кейбірінде жабдықтар мен жаңа технологиялар жеткіліксіз. Мұның бәрі мемлекеттік жеке­шелік серіктестік аясын­да шешіледі. Біз Америка, Жа­по­ния, Еуропа, Оңтүстік Корея елдерінің тәжірибесін зерттедік. Осы елдердің барлық озық технологияларын, соның ішінде молекулалық генетикалық зерт­теулерін Қазақстанға енгіз­гі­міз келеді. Әсіресе сүт безі обы­рының және колоректальды қатерлі ісік ауруларын ерте диагностикалау әдістерін жетіл­діруіміз керек. Астанадағы жа­ңа Ұлттық онкологиялық орталықта жыл сайын 8 мыңға жуық пациент емделетін болады. Осы арқылы еліміздегі ғана емес, көрші мемлекеттер­ден келген науқастарды қабылдап, медициналық туризмді да­мы­ту­ға да мүмкіндік аламыз», дейді ол.

Елімізде онкологиялық ауруларды емдеуге жыл сайын бюджеттен 36 млрд теңге бөлінеді. Бұдан бөлек 4 миллиардқа жуық теңге тегін онкоскрининг жүр­гізуге жұмсалады. Қазіргі таңда тегін онкоскринингтің 40 жас­тан 70 жасқа дейінгі әйелдердің сүт безі қатерлі ісік скринингі, 50 мен 70 жасқа дейінгі әйелдер мен ерлер арасындағы колоректальды қатерлі ісік скринингі және 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдердің жатыр мойны қа­тер­лі ісік скринингі сияқты үш түрі бар. Мұның барлығын емханалар тегін жүзеге асырып келеді. 

Сондай-ақ Елбасы өз сө­зін­де онкологиялық ауруларды емдеуде иммунотерапияны енгізу қажеттігін атап өтті. Жа­қында медицина бойынша Но­бель сыйлығы қатерлі ісік имму­­нотерапиясының жаңа әдісін ойлап тапқаны үшін жапониялық профессор Тасуко Хонджо мен америкалық профессор Джеймс Эллисонға берілді. «Қазіргі таңда аурудың өршуіне жол бермейтін дәрі-дәрмектер ойлап табылған. Нобель сыйлығының лауреаты жапондық профессор Тасуко Хонджо баяндама жасаған халықаралық конференцияда болдым. Оның айтуынша, иммунды емдеудің арқасында 2020 жылы біз онкологиялық ауруларды емдей аламыз және бұл ауру созылмалы аурулар санатына енеді. Өкінішке қарай, біз онкологиялық ауруларды тоқтата алмаймыз. Бірақ осының арқасында адамның өмірін ұзарта аламыз», дейді академик Диляра Қайдарова.

Майгүл СҰЛТАН, 

«Егемен Қазақстан»