01 Қараша, 2018

Мұраттың мәңгілік мұрасы

1079 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Бұл дүниенің жүзінен, нешелер жақсы өткен жоқ?» деп жырлаған Мұрат Мөңкеұлының туғанына биыл 175 жыл. «Зар заман ақыны» деген желеумен бір кездері оның өлеңін оқу тұрмақ, атын атауға тыйым салынған еді. Бірақ уақыттан әділ не бар? Мөңкеұлының мұрасы әдебиеттанушылардан, жалпы халықтан лайықты бағасын алды.  

Мұраттың мәңгілік мұрасы

Зерттелді. Зерделенді. Аты­рауда өткен «Рухани жаңғы­ру: Мәңгілік ел мұраттары» ха­лық­­аралық форумы да Мұрат ақынның шығармашылығына арналды.

Облыстық әкімдік пен Х.Дос­мұхамедов атындағы Аты­рау мемлекеттік универ­си­теті ұйымдастырған «Мұрат Мөңке­ұлы мұрасы және туған жер идеясы» атты республикалық ғылыми-теориялық конфе­рен­цияға елімізге белгілі ғалымдар, әдебиет зерттеушілері, ақын-жазушылар қатысты. «Тарихта ерекше із қалдырған тұлғалар­ды дәріптеп, насихаттау – бізге парыз. Бұл тұрғыда Мұрат Мөң­ке­ұлының айшықты ізі бар, – деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. – Оның жыр жүйрігі, айтыскер ақын, кең тынысты жыршы, ел мен жер тарихын жетік білген шежі­реші болғаны баршаға белгілі. Толғау-жырлары, өлең-тер­мелері халқымыздың бағалы рухани қазынасына айналды. Ел-жұртқа Мұрат арқылы жеткен Махамбет жырлары әдебиетіміздің алтын қорына енді. Тәуелсіздікті аңсаған Мұрат ақын – ел үшін басын бәйгеге тіккен қайраткер. Жыр жампозының тағылымды мұра­сы ғасырдан ғасырға жал­ғаса берері анық».

Конференцияда Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­верситеті қазақ әдебиеті кафед­расының меңгерушісі, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сейіт Қасқабасов «Мұрат Мөңкеұлы мұрасындағы фольклорлық дәстүрлердің ел тарихымен үндестігі» тақы­ры­бын­да баяндама жасады. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті фи­лософия кафедрасының мең­геру­шісі, академик, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім «Мұрат Мөңкеұлы және «туған жер» ұғымының философиясы» жайлы айта келіп, «Мұрат пен Абай – заманы бір, зары бір, мұңдас ойшылдар. Екеуіне де ортақ ұғым – заман. Олардың ғұмыр кешкен заманы – қилы заман. Қилы заман – қазақ халқының басынан билігі кеткен заман. Сол заманның сипатын Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиянынан» таба аламыз. Мұрат жырау­дың бұл толғауын мектептер­де міндетті түрде оқыту қажет» деп атап өтті.

Ұлттық ғылым академия­сының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омаров, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, халық­аралық «Қазақ тілі» қоға­мы­ның вице-президенті, «Арыс» қорының директоры, фило­логия ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес, Х.Дос­мұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті­нің ректоры Абзал Талтенов және уни­верситеттің «Атырау өлкесінің тарихы, археологиясы мен этнографиясы орталығының» директоры, тарих ғылымдарының докторы Сайфулла Сапановтар Мұрат ақын шығармашылығын жан-жақты зерделеген ойларын ор­таға салды.

Конференциямен қатар «Бай­тақтан озып, бәйге алған» атты халықаралық ақындар айтысы да ұйымдастырылды. Қытай мен Моңғолиядан және еліміздің әр өңірінен келген 20 ақын екі күн бойы жыр көрігін қыздырды.

– Бұл айтыстың ерекшелігі, еліміздегі ең жүйрік деген ақын­дардың біразы қатысты, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман. –Мұрат Мөңкеұлының өмірі мен шығармашылығын кестелі сөзбен көркемдеді. 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламалық мақаласы аясында облыс әкімдігінің қолдауымен ұйым­дастырылған айтысқа халық әртісі, Мемлекеттік сый­лық иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы төрелік жасады. Жыр аламанының бас жүл­десіне белгіленген 2 млн теңгені батысқазақстандық Жансая Мусина жеңіп алды.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ