Қазақстан • 01 Қараша, 2018

Алматының орталық саябағы қайта жөндеуден өтті

802 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыға келген қонақтар мен шетелдік меймандар  қаладағы  ғасырлық тарихы бар Орталық саябаққа соқпай кетпейді. 1856 жылы іргесі қаланған демалыс саябағы мың жылдық шаһардың өткенінен сыр шертетін айшықты орындардың бірі. Әсем саябақтың жуырда ғана қайта жаңартудан өтіп, адам танымастай өзгергені  мегаполис тұрғындары үшін ерекше қуанышты  жайттың бірі деуге болады.     

Алматының орталық саябағы қайта жөндеуден өтті

Мұндағы су жаңа жарық бағаналары мен түрлі-түсті субұрқақтар саябаққа айрықша салтанат сыйлап тұр. Бұған дейін көлік тұрағы болған алаңқайда бой түзеген алаңнан спорттың бірнеше түрімен еркін айналысуға мүмкіндік беретін құрал-жабдықтарды түгел таба аласыз. Стрит-воркаут, баскетбол және футбол алаңдары, роллердром мен скейтодром қала жастарының жиі жиналатын орнына айналған. Асфальт төсеніштер мен жаяу жүргіншілер жолы тұтастай жаңарған.  Заман талабына сай навигациялар орнатылып, саябақ ішін көмкерген жасыл желек саны бұрынғыдан да арта түскен. Демалыс пен мереке күндері мұнда келушілердің саны 100 мың адамнан асады. Қаладағы хайуанаттар бағы мен ең үлкен аквапаркті де осы саябақтың ортасынан табасыз.

«Бұл жер біздің жастық шағымыздың куәсі. Қос немеремізді ертіп күнде осы саябаққа келу жолдасым екеуміздің өмір салтымызға енген.  Жаңадан салынған алаңдар балалар үшін қандай тамаша болды. Мұнда таза ауамен тыныстап, сергіп қайтамыз» дейді қала тұрғыны Райхан Жусанбаева.      

Әкімдік мамандарының сөзінше, басқарушы компания тарапынан жаңа субұрқақтарды, балалар мен спорт алаңдарын салу үшін 1,6 млрд. теңге жеке қаржы инвестицияланған. Бүгінде мемлекеттік-жеке әріптестік принципі бойынша сонау 90-шы жылдары істен шыққан «Велотрек» қайта жасалуда. Келер жылдан бастап бұл жерден балалардың жаңа қалашығын салу ісі жоспарда бар көрінеді. Орталық саябаққа апаратын Гоголь көшесін абаттандыру жұмыстары да қолға алынған. Жөндеу барысында тротуарлар жаңарып, көше жиһаздары қойылмақ. Бұрын қаланың тарихи орталығын реконструкциялау кезінде Қалдаяқов көшесінен Желтоқсан көшесіне дейінгі Гоголь көшесінің бір бөлігі жаңарған еді.

Жалпы  мегаполисте биылғы жылы 524 көше жөндеуден өткен. 1400 ескі аула мен қаланың барлық жер асты жолдары қайта жаңарды. 300 км арық пен 800 км аумаққа инженерлік желі тартылған. Жыл аяғына дейін барлық көше жарықтарының үштен бірі жарық диодты және энергия жинақтаушы шамдарға ауыстырылады, ал жаңа қоғамдық көліктің үлесі 87%-ке жетеді. Уақыт талабына сай қайта түрленген Орталық мәдени және демалыс саябағының есігі қала тұрғындары мен қонақтары үшін айқара ашық.

 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар