Карате Олимпиада бағдарламасына енгелі бері, спорттың бұл түріне деген қызығушылық арта түсті. Ресми мәліметтер бойынша, Мадридтегі додаға қатысушылар саны былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда көп болмақ.
WKF мәліметінше, 139 елден 1200-ге жуық спортшы әлем чемпионатының жүлдесіне таласпақ.
Каратеден Қазақстан құрама командасының бас бапкері Жасталап Санауов әлем чемпионатында сынға түсетін спортшылар тізімін жариялады.
Олар: Дархан Асаділов (67 келі), Ермек Айназаров (-75 келі), Данияр Юлдашев (-84 келі), Димаш Укматов (+84 келі);
Мөлдір Жаңбырбай (50 келі), Сабина Захарова (55 келі), Мадина Өтелбаева (60 келі), Александра Будкина (67 келі).
"Әлем чемпионатында үш спортшыға үміт артып отырмыз. Олар - Дархан Асаділов, Данияр Юлдашев және Мөлдір Жаңбырбай. Дархан өте тәжірибелі спортшы, әлемдік сынның күміс жүлдегері. Ал Данияр биылғы премьер-лигада финалға дейін жетті. Мөлдір қызымыз жасөспірімдер арасынан өзін жақсы көрсетті. Осы сенбіде Мадридке ұшып кетеміз. Спортшыларымызға сәттілік серік болсын", - дейді бас бапкер Жасталап Санауов.