Еркін ой алаңына қатысушылар бұл жолы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет: биік белестер» тақырыбында әңгіме өрбітті.
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз», – деп айрықша атап өткен болатын. Осылайша, Мемлекет басшысы әлем Қазақстанды табиғи байлығымен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымен ғана емес, мәдени жетістіктерімен де тануы керектігін меңзеді.
Бұл дегеніңіз, үлкен қажыр-қайрат пен ауқымды жұмысты қажет ететін іргелі іс. Соның ішінде ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің ең үздік туындыларын таңдап алып, оларды шетелдерде жан-жақты таныстырып, қазақы құндылықтардың аясын кеңейтудің берері мол.
Іс-шараны ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары отандық мәдениетті әлемдік аренаға шығару арқылы оған деген көзқарас пен түсінікті тағы бір жаңа қырынан өзгертуге болатынын айтты. Мұның ұлттық құндылықтарымызға ең алдымен өзіміздің сұранысымызды арттыруға жол ашатын маңызды қадам екені сөзсіз.
– Әлемге тек табиғи байлықтарымызбен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдениеттегі жетістіктерімізбен де танылуды алдымызға мақсат етіп қойды. Ол үшін біз Қазақстанмен бірге бүкіл әлемде үлкен сұранысқа ие болатын өнер туындыларын жазуға, шығаруға жағдай жасауымыз керек. Сол арқылы әлемдік мәдениеттің дамуына өзіндік үлесімізді қоса аламыз. Қазірдің өзінде бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, қаламгерлеріміздің туындылары басқа тілдерге аударылып, әртістеріміз әлемнің ең үздік сахналарында өнер көрсетуге мүмкіндік алып жатыр. Осының барлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нақты жемісі екені сөзсіз, – деді М.Әшімбаев.
Іс-шараға қатысушылардың бәрі қазақстандық кино, музыка, жалпы өнердің дамуына үлкен үлестерін қосып жүрген, осы салада өзіндік көзқарасын қалыптастырған қайраткерлер. Сондықтан олар қазақстандық мәдениеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, отандық өнердің көкжиегін қалай кеңейтуге болатынын өте жақсы білетіні сөзсіз.
Тақырып жайында пікір білдіргендер арасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» (2017) жобасының жеңімпазы Арман Жүдебаев, 71-ші Халықаралық Канн кинофестивалінің «Үздік әйел рөлі» аталымы бойынша жеңімпазы, белгілі актриса Самал Еслямова, Нью-Йорк киноакадемиясының (MFA) түлегі, халықаралық және республикалық кинофестивальдердің лауреаты, режиссер, сценарийст, актер, документалист Диас Әзімжан және «TSE Art Destination» арт-алаңы мен «Artios» креативті агенттігінің негізін қалаушы, өнертанушы, «Нұр әлем» Қазақстан ұлттық павильонындағы қазіргі заманғы өнер жиынтығы мен «Astana Art Show» халықаралық көрмесінің кураторы Дина Байтасова болды. Олар осы мәселеде өз ойларын ашық айтып, ұтымды ұсыныстарын жолдады.
Мәселен, әлемге танымал кино актриса Самал Еслямова қазақтың дәстүрлі әні мен күйі ешқандай әлемдік өнер туындыларынан кем еместігін айтты. «Шетелде көп жүрген қазақ ретінде дәстүрлі әніміз бен күйіміздің музыка саласындағы әлемдік шедеврлерден еш кем еместігін айтқым келеді. Кейде алыста жүріп, туған еліңді ауылыңды аңсайсың. Сондай кездерде дәстүрлі әндеріміз бен күйлеріміз жанға үлкен демеу болатынын байқадым. Сол себепті, біз мәдениет саласында әлемдік деңгейге өзіміздің ұлттық болмысымызбен, асыл құндылықтарымызбен шығуымыз керек. Өйткені олардың барлығы сұранысқа ие. Тек насихаттаудың ұтымды жолын таба білсек болғаны», – деді ол.
Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы партияның идеологиялық жұмысының негізгі тұғырнамасы болуы керектігіне ерекше назар аударған еді. Соған орай партия бұл бағдарламаны жүзеге асыруға белсене қатысып, жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»