– Жанат Бостанұлы, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры (ҚРҰҚ) еліміздің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету жүйесінде негізгі элементтердің бірі екені белгілі. Ұлттық Банктің басқаруындағы қордың қаражаты салынған инвестициялық портфельдің құрылымы туралы айтып берсеңіз.
– ҚРҰҚ құрылымы тұрақтандыру және жинақ портфельдерінен тұрады. Тұрақтандыру портфелі ҚРҰҚ өтімділігінің жеткілікті деңгейін ұстап тұру үшін қажет. АҚШ-тың 6 айлық қазынашылық облигацияларының индексі тұрақтандыру портфелі үшін эталон портфелі болып саналады. Өз кезегінде, жинақ портфелінің негізгі мақсаттары қаражатты жинақтау мен сақтау, сондай-ақ тәуекелдің тиісті деңгейі болған кезде ұзақ мерзімді болашақта кірістілікті қамтамасыз ету болмақ.
2016 жылдың соңында Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасы бекітілді, онда жинақ портфелінің активтерін консервативті бөлуден 3-5 жыл ішінде активтерді барынша теңгерімді стратегиялық бөлуге өту көзделеді.
ҚРҰҚ активтерін жаңа бөлу шеңберінде жинақ портфелінің құрамындағы акциялар үлесін 20%-дан 35%-ға дейін, балама құралдар портфелін 5%-ға дейінгі үлестік салмақпен құру, сондай-ақ облигациялар үлесін 80%-дан 60%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Дамыған мемлекеттердің тәуелсіз облигацияларының портфелі үшін эталондық композиттік индекске мынадай үлестік салмақтары бар индекстер кіреді: АҚШ – 55%, Еуро аймақ – 15%, Ұлыбритания – 10%, Жапония – 5%, Аустралия – 5%, Канада – 5%, Оңтүстік Корея – 5%. 2018 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша акциялар портфеліне 37 елдің эмитенттерінің акциялары кіреді. Негізгі инвестициялау валюталары мыналар: АҚШ доллары – акциялар портфелінен 60,10%, еуро – 13,18%, фунт стерлингі – 8,64%, Жапон иенасы – 8,36%, Канада доллары – 2,87%, Швейцария франкы – 2,43%, Аустралия доллары – 1,55%, қалған валюталар – 2,87%.
– Қазіргі уақытта ҚРҰҚ портфеліндегі қандай құралдар барынша көп табыс әкеледі?
– Тарихи тұрғыдан акцияларға инвестициялар барынша жоғары кірістілікті көрсетіп отыр. ҚРҰҚ жинақ портфелінің құрамындағы акцияларға инвестициялау активтерді әртараптандыру саясатын жалғастыруға және ұзақ мерзімді күтілетін кірістілікті арттыруға бағытталған. Акциялар бойынша кірістіліктің жоғары көрсеткіші барынша жоғары нарықтық құбылмалылықпен сипатталады. Мысалы, 2017 жылдың қорытындылары бойынша акциялар портфелінің кірістілігі 22,81%, ал 2018 жылғы бірінші жартыжылдықта (-)0,48% болды. Сондықтан ұзақ мерзімді болашақта кірістілікті қамтамасыз ету бойынша алға қойылған мақсаттарды ескере отырып кірістілік көрсеткіштерін бағалаған дұрыс.
– Ұлттық Банк Оңтүстік Азияның тез дамып келе жатқан нарықтарын инвестициялау үшін тартымды аймақ ретінде қарастыра ма?
– Осыған дейін атап өткен ҚРҰҚ активтерін жаңа бөлу облигациялар портфелінің ішінде дамыған мемлекеттердің тәуелсіз облигацияларына (35%), корпоративтік облигацияларға (10%) және дамушы мемлекеттердің тәуелсіз облигацияларына (15%) бөлуді де болжайды. Дамушы мемлекеттердің АҚШ долларымен деноминирленген тәуелсіз облигацияларының портфелі үшін эталондық индекске кредиттік рейтингі ВВ (S&P)-дан төмен емес елдер кіреді. Бұл өлшемшартқа Индонезия және Филиппин сияқты елдер сәйкес келеді, осылайша, дамушы нарықтарға инвестициялау Оңтүстік-Шығыс Азия өңірін ішінара қамтиды.
– Ұлттық қордың инвестициялық портфеліндегі долларлық қағаздардың үлесі қандай? Бұл үлес өткен бірнеше жылда қалай өзгерді?
– АҚШ долларымен деноминирленген бағалы қағаздардың үлесі әлемдегі басқа тәуелсіз қорлардағы сияқты ҚРҰҚ активтерінде де дәстүрлі түрде ауқымды саналады. ҚРҰҚ тұрақтандыру портфелінің активтері 99,99%-ға АҚШ долларымен деноминирленген.
2017 жылғы маусымда ҚРҰҚ жинақ портфелінің құрамында валюталық құбылмалылықты төмендету, сондай-ақ кірістілік мөлшерлемесі тартымсыз елдерге салу үлесін азайту мақсатында тіркелген кірістілігі бар бағалы қағаздар үшін АҚШ долларымен активтердің үлесі 45%-дан 10 пайыздық тармаққа ұлғайтылды. Осылайша ағымдағы сәтте жинақ портфелінің құрамында дамыған мемлекеттердің тәуелсіз облигациялар портфелі үшін эталондық композиттік индекстегі АҚШ долларымен активтердің үлес салмағы 55%-ды құрайды.
MSCI World индексі акцияларға инвестициялар үшін эталондық портфель болады. Бұл индекске кіретін бағалы қағаздардың 55%-дан астамы АҚШ долларымен деноминирленген. 2018 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша акциялар портфелінің құрамындағы доллардың үлесі 60,10% болды.
– Ұлттық Банк портфельде Қытай эмитенттері құралдарының үлесін өсіруді жоспарлап отыр ма? Бұл қағаздар доллармен деноминирленген бе әлде Ұлттық Банк юаньға тән тәуекелдерді өзіне қабылдай ма?
– Қазіргі кезде ҚРҰҚ мен БЖЗҚ активтерінде юаньмен деноминирленген қаржы құралдары жоқ. Сонымен бірге Қытайдың нарығын ырықтандыру жағдайында юаньмен деноминирленген қаржы активтері капиталдың әлемдік нарығының ажырамас бөлігі болады. Қытай қағаздарын MSCI және Bloomberg индекстеріне қосу оларға институционалдық инвесторлар тарапынан сұраныстың ұлғаюына апаруы мүмкін. Осыған орай Ұлттық Банк юань және Қытайдың бағалы қағаздары айналасындағы ағымдағы жағдайды, сондай-ақ АҚШ пен Қытай арасындағы сауда жанжалының дамуын тұрақты негізде қадағалайды.
– Портфельде Ресей эмитенттерінің қағаздары бар ма? РФ-ға қатысты санкцияларға қатысты ахуал Ұлттық Банктің инвестициялық саясатына әсер ете ме?
– Қазіргі кезде ҚРҰҚ портфелінде Ресейлік эмитенттердің бағалы қағаздары жоқ. Осылайша Ресей Федерациясына қатысты санкциялар Ұлттық қордың ағымдағы инвестицияларына тікелей әсер етпейді.
– Ұлттық қордың ағымдағы жылдың басынан бергі инвестициялық кірістілігі қандай? Бұл көрсеткішке валюта бағамының құбылмалылығы қалай әсер етті?
– ҚРҰҚ-ның активтерін Ұлттық Банк шетелдік қаржы нарықтарындағы айналыстағы қаржы құралдарына инвестициялайды. Қор активтерінің кірістілігін есептеу негізгі валюта – АҚШ долларымен жүргізіледі. Осылайша АҚШ долларының ұлттық валютаға қатысты айырбастау бағамы ҚРҰҚ кірістілігінің көрсеткіштеріне әсер етпейді, себебі ол АҚШ долларымен көрсетіледі.
Активтерді валюталармен әртараптандыруды сақтау қажеттілігіне байланысты АҚШ долларымен көрсетілген кірістілікке АҚШ долларының басқа әлемдік валюталарға қатысты бағамының өзгеруі әсер етеді. 2018 жылдың басынан бері АҚШ долларының нығаюы ағымдағы теріс кірістілікке әкеп соқты, ол бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша (-)0,73%-ды құрады. Сонымен бірге қордың құрылғаннан бері 2018 жылғы 30 маусымға дейінгі уақыттағы кірістілігі 79,51% болды, бұл жылдық көрсеткіш бойынша 3,54%-ды құрайды. ҚРҰҚ-ның соңғы 5 жылдағы жиынтық кірістілігі 8,12%, ал соңғы 3 жылдағы кірістілігі 5,87% болды. 2017 жылдың қорытындысы бойынша ҚРҰҚ кірістілігі 7,61%-ды құрады.
– Ұлттық Банктің тағы бір маңызды қызметі – БЖЗҚ активтерін басқару. Ұлттық Банктің активтердің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру сатысында екендігі белгілі. БЖЗҚ активтерінің қандай үлесін қазір Ұлттық Банк дербес басқарып отыр, қандай бөлігі тысқары басқарушылардың басқаруына берілді?
– 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтері портфелінің көлемі 8,9 трлн теңгені құрайды. Бұл ретте сыртқы басқаруда 79,4 млрд теңге немесе зейнетақы активтерінің 0,9%-ы бар.
Қазіргі уақытта Ұлттық Банк «Жаһандық актив акциялар» және «Жаһандық пассив акциялар» мандаттары шеңберінде шетелдік басқарушы компанияларды таңдау және тарту бойынша жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, портфельдердің өлшемдері, инвестициялық стратегия және сенімгерлік басқарудың басқа да талаптары талқылануда, сондай-ақ акциялар нарығына инвестициялаудың неғұрлым қолайлы сәтін айқындау жұмысы жүргізілуде. Акциялар нарығына кірудің қолайлы сәтінің маңыздылығын ескере отырып, БЖЗҚ-ның активтерін көрсетілген мандаттар бойынша сыртқы сенімгерлік басқаруға тарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Ұлттық Банк «АҚШ долларымен номинирленген, капиталдандырылуы жоғары инвестициялық деңгейдегі жаһандық корпоративтік облигациялар» мандаты бойынша шетелдік басқарушы компанияларды тарту жөніндегі жұмысты да жүргізуде.
Ұлттық Банк БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін бермейтінін, Ұлттық Банктің шартты кез келген сәтте бұзу құқығымен инвестициялық шектеулер шеңберінде БЖЗҚ активтерінің бір бөлігін басқару жөніндегі өкілеттіктерді шетелдік басқарушы компанияларға беретінін атап өткен жөн. Осылайша БЖЗҚ-ның сыртқы сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтері кез келген жағдайда Ұлттық Банктің кастодиан-банктегі шоттарында қалады.
– БЖЗҚ-ның Ұлттық Банктің басқаруындағы портфелінің құрылымы қандай?
– 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша валюталық активтердің үлесіне жалпы портфельдің 30,9%-ы тиесілі, оның 30,5%-ын АҚШ доллары, 0,3%-ын Ресей рублі және 0,1%-ын басқа да валюталар құрайды.
Қарастырылып отырған күнгі жағдай бойынша инвестициялардың негізгі үлесі Қазақстан Республикасы эмитенттерінің қаржы құралдарына тиесілі. Олардың портфельдегі үлесі – 77,4%. АҚШ эмитенттерінің үлесі – 7,2%, Ресей Федерациясының үлесі – 3,4%. 12,0% мөлшеріндегі қалған бөлігі халықаралық қаржы ұйымдарының және Франция, Нидерланд, Сингапур, Индонезия, Мексика, Перу және басқа да шет мемлекеттер эмитенттерінің қаржы құралдарына тиесілі.
Қаржы құралдарының түрлері бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі 86,7%-ға облигациялардан, 9,1%-ға депозиттерден, 2,0%-ға акциялардан, 1,3%-ға ақшадан және РЕПО-дан, сондай-ақ 0,9%-ға сыртқы басқарудағы активтерден тұрады.
– Доллардың әлемнің басқа елдерінің, бірінші кезекте, дамушы нарықтардың валюталарына қатысты нығайғанын ескерсек, БЖЗҚ портфеліндегі доллармен салынған құралдардың үлесі ұлғайып жатыр ма?
– 2016 жылдан бері Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің портфелін әртараптандыру, оның ішінде БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін кезең-кезеңімен ұлғайту және оны 30% деңгейінде ұстап тұру есебінен белсенді жұмыс жүргізуде. 2016 жылғы 1 қаңтар – 2018 жылғы 30 қыркүйек аралығындағы кезеңде зейнетақы активтерінің валюталық үлесі портфельдің 17%-дан 31%-на дейін ұлғайтылды. Валюталық позицияның болуы елдер бойынша инвестициялар географиясын және сатып алынатын қаржы құралдарының аясын кеңейтуге, инвестициялық портфельдің сапасы мен өтімділігін арттыруға, сондай-ақ ұлттық валюта әлсіреген кезеңдерде салымшылардың зейнетақы активтерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық бөлігінің қолдау көрсетілетін үлесі бүгінде оңтайлы және ішкі экономиканы БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерінің есебінен сатып алуға рұқсат етілген сенімді құралдар тізбесіне инвестициялау арқылы қорландыруға мүмкіндік береді.
– БЖЗҚ активтерінің жылдың басынан бергі инвестициялық кірістілігі қандай? Валюта бағамының құбылмалылығы бұл көрсеткішке қалай әсер етті?
– 2018 жылғы 9 айда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің БЖЗҚ салымшыларының шоттарына бөлінген кірістілігі инфляция деңгейі 3,3% мөлшерінде қалыптасқан кезде 7,75%-ды құрады. Осылайша 2018 жылдың басынан бері БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері бойынша 4,45% мөлшерінде нақты кірістілік қамтамасыз етілді.
Бағамдық асыра бағалаудан түсетін кірістердің 2018 жылғы 9 айдағы жалпы инвестициялық кірістегі үлесі шамамен 37% болды. Бағалы қағаздар, депозиттер және басқа да қаржы құралдары бойынша сыйақы түріндегі кірістер үлесі шамамен 63%-ды құрайды.
– БЖЗҚ портфеліндегі дефолттық құралдардың үлесі қандай?
– Бүгінде БЖЗҚ зейнетақы активтерінің портфеліндегі дефолттық қаржы құралдары құнсызданған және салымшылардың зейнетақы жинақтарының көлеміне әсер етпейді. Мұндай эмитенттер міндеттемелерінің номиналдық құны бойынша көлемі зейнетақы активтерінің 1%-на жетпейді. БЖЗҚ-ның барлық борышкерлеріне қатысты салынған қаражатты қайтаруға бағытталған шағым-талап ету және басқа да жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»