Қазақстан • 02 Қараша, 2018

Батыс Қазақстан облысында инвестициялық портал жұмысын бастады

646 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында bko.invest.gov.kz инвестициялық порталы жұмыс істей бастады. Ол «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылып отыр.

Батыс Қазақстан облысында инвестициялық портал жұмысын бастады

«Порталдың негізгі мақсаты – қазақстандық және шетелдік кәсіпкерлерді Батыс Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстыру және осы өңірде өз бизнесін жүргізуіне көмектесу», дейді бұл ресурсты ұйымдастырушылар. Портал Батыс Қазақстан облысындағы іскерлік ахуал, инвестициялық жобалар, кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шаралары және облыс аудандарының инфрақұрылымдық ерекшеліктері туралы ақпарат беріп, басым секторлардың дамуына шолу жасайды. Сайттың құрылтайшысы – Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы.

Жаңа портал үш тілде - қазақша, орысша, және ағылшынша қызмет көрсетеді. Сайтқа кірушілер порталдың «Аймақ туралы» бөлімінен өңірдің өзіндік ерекшеліктері, инвестициялық әлеуетінен бастап, облыс орталығында тоқтайтын қонақ үйлер, тұрмыстық және демалыс орындары туралы барлық ақпаратты таба алады. «Индустриялық аймақ» бөлімі өңірде қолға алынған және жоспарланған жобалар туралы мәлімет берсе, «Инвестор жол сілтеуіші» бөлімінде ықтимал инвестордың әр қадамына нұсқаулықтар берілген. Осы арқылы порталдан қазақстандық және шетелдік инвестор өзіне қажетті ақпаратты, облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті, даму көрсеткіштері, мемлекеттік қолдау тетіктері, іске асырылып жатқан инновациялық жобалар, даму институттары туралы мәліметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша оп-оңай таба алады.

- Бұл портал инвесторларға сервистік қызмет көрсетеді. Бұрын инвесторларға қажетті ақпарат облыс әкімдігінің, «Орал» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының және өзге де құрылымдардың сайттарында бөлек-бөлек орналасқан болса, енді соның барлығы бір жерде тоқайласып, өзара кіріккен деуге болады. Басқа жақтан келген инвестор осы сайттан өзіне қажетті инвестициялық ахуал, инфрақұрылымдар, коммерциялық бос жер учаскелері, құрылып жатқан индустриалды аймақ, еліміздің заңдылықтары туралы барлық ақпаратты, кәсіпорынды қалай құрып, қалай тіркеу керектігі туралы нақты кеңесті таба алады. Сондай-ақ инвесторлар порталдың виртуалды қабылдау бөлмесіне өз пікірін жазып қалдырып, оған жауап ала алады, - дейді Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Хасен Тоясов.

Порталдың интерактивті картасында 30-дан астам инвестициялық жоба, өндірістік және әлеуметтік-экономикалық аймақтар туралы мәлімет берілген. Картада сондай-ақ көлік, әлеуметтік, энергетикалық және муниципалды инфрақұрылым нысандары, жер, минералды шөгінділер, балық шаруашылығы су қоймалары және т.б.туралы мәліметтер, өнеркәсіптік кәсіпорындар туралы ақпарат бар. «Портал іскерлік және мемлекеттік қарым-қатынас үшін тиімді алаң бола алады деп үміттенеміз» дейді ресурсты ұйымдастырушылар.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы