Осы орайда Жамбыл облысы әкімдігінде өңірдегі құрылыс сапасына және тұрғын үйлердің сәулеттік келбетіне қатысты жиын өтті. Жиын барысында облыс әкімі Асқар Мырзахметов құрылысы жүргізіліп жатқан 15-ші жаңа мөлтекауданының сәулеттік келбеті, ондағы көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы бейнесі заманауи әрі көрікті болуы шарт екенін айтты.
Басқосуда мөлтекауданда жаңадан салынатын көпқабатты үйлердің бірінші қабатында әлеуметтік және коммерциялық мақсаттағы нысандар орналастыру мәселелері талқыланды. Жиында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаров мақсатты жұмыстардың іске асу жүйесі туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда 25 үйдің жобасы дайындалуда екен. 2020-2021 жылдары құрылысы жүргізілетін ол көпқабатты тұрғын үйлердің 12-сінің бірінші қабатттарына өзгерістер енгізіледі. Яғни мемлекеттік орган (тапсырушы) жобалау тапсырмада бірінші қабатта әлеуметтік, коммерциялық және тағы басқа нысандар болу қажеттігін көрсетеді, соған орай жоба-сметалық құжаттама тапсырмаға сәйкес дайындалып, құрылыс жер телімінің, фундамент, жертөленің құндық үлестері тең пропорцияда бөлінеді. Мемлекеттік сатып алу тек тұрғын пәтерлер және үлесіне қарай жертөле көлеміне жүргізіледі, мемлекеттік сатып алуға қатысушы мердігер осындай шартқа келісіп қатысады.
Асқар Мырзахметов тек бес қабатты тұрғын үйлермен шектелмей жеті, тоғыз қабатты үйлерді де салу қажеттілігін ескертті. Сол арқылы инфрақұрылым тарту жұмыстарын, жер аумағын үнемдей отырып, пәтер құнын төмендетуге болатынын жеткізді. Облыс әкімі ең бастысы шағын аудандардағы көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінші қабаттарын әлеуметтік және коммерциялық мақсаттағы нысандарға бере отырып, ғимараттардың сыртқы көрінісін, сәулеттік келбетін арттыруды талап ету керектігін баса айтты.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы