Жуырда аудандық орталық аурухананың инсульт орталығы, соңғы заманауи құрылғымен жабдықталған томография кабинеті ашылды. Өткен жылы 209 медициналық аппараттар алынса, биыл алынатын жаңа жабдықтар саны одан да арта түсті. Ауруханаға қарасты 75 медициналық емдеу нысандары халыққа қызмет көрсетуде. Осы Сарыағаш аудандық ауруханасында жұмыс істеп келе жатқаныма 22 жыл болыпты. Яғни денсаулық сақтау мекемесі көз алдымда жыл өткен сайын жаңарып, қызметі жақсарып келеді. Аурухананың заман талабына сай болуы, өсіп-өркендеуі, әрине Елбасының медицина саласына жасаған қолдауының нәтижесі екені мәлім.
Аудандық орталық ауруханада 2121 адам жұмыс істейтін болса, оның 307-сі дәрігер, 1600-і орта және кіші буын медицина қызметкерлері. Айтайын дегенім, бір ғана біздің ауруханадағы осыншама қызметкер Елбасы Жолдауындағы игі бастамалар мен нақты міндеттерді қызу қолдауда, жүзеге асырылуына өз мүмкіндіктері шеңберінде үлес қоспақ. Жолдауда жалпы тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған оң шешімдер көп. Мемлекет басшысы адами капиталдың сапалы өсуіне жағдай жасауға ерекше назар аударып отыр. Бұл орайда білім беру, ғылым және денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығындарды ІЖӨ-нің 10 пайызына дейін жеткізу еліміздің әлеуметтік дамуын анықтайтын негізгі бағыттарға серпін беретіні анық. Бүкілхалықтық қолдауға ие болып отырған маңызды құжатта медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл күйінің аса маңызды компоненті болып саналатыны айтылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігін» атап өтті. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтары-
нан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырды. Міне, осындай қолдау, ынталандыру қосымша күш-жігер беріп, әрбіріміздің алаңсыз және мінсіз еңбек етуімізге ықпал етіп отыр. Дәрігерлер аудан тұрғындарының денсаулықтары мықты болып, науқастың алдын алу мақсатында ғана көмекке жүгінгенін қалайды. Сондай-ақ Елбасы Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын қалыптастыру арқылы халықтың денсаулығын нығайту қажеттігі айтылып келеді. Осы жолғы Жолдауда да спорттық нысандардың жастарға, балаларға қолжетімді болуы керектігі айтылды. Бұл орайда дәрігерлеріміз көпшілікке үлгі көрсетуде. Ауруханада спорттық жаттығу жабдықтары орнатылған. Ол жерде аурухана қызметкерлерімен бірге денешынықтырумен айналысқысы келетін кез келген азамат жаттыға алады. Дәрігерлеріміз түрлі спорттық жарыстарға қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.
Дәрігерлердің қағазбастылықтан арылуы да тұрғындарға көрсететін қызмет сапасын жақсарта түсетіні анық. Елбасы Жолдауында «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлы нұсқада жүргізуге көшуге тиіс» делінген болатын. Бұл қадам дәрігерлер жұмысын жеңілдетудің жолы екеніне қағаз толтырудан құтыла бастаған біздің көзіміз жетіп отыр. Әрбір тармағы халықтың өсуіне, табысының артуына, тұрмысының жақсара түсуіне арналған Жолдауда жүктелген міндеттердің сапалы орындалуына аурухана дәрігерлері де мүдделі.
Әділбек СӘРСЕНОВ,
Сарыағаш аудандық орталық
ауруханасының ревматолог-дәрігері
Түркістан облысы