Еліміздің рухани дүниесінде жақсы жаңалықтар жүзеге асуда. Соның бірі – “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” жобасы. Оның басты мақсаты – түпнұсқалық орындаудағы қазақтың дәстүрлі музыкалық шығармаларын жинақтау. СД дискілеріне жазып, ұлт мәдениеті тарихындағы ең ірі, теңдесі жоқ акцияны жүзеге асыру болғандықтан үлкен жауапкершілік талап етілді. Ал осы жауапкершілікті Мәдениет және ақпарат министрлігі “Қазақстан халқының рухани даму қоры” АҚ пен “Ел” продюсерлік орталығына жүктеген болатын. Осы орайда жобаның басы-қасында жүрген аталмыш қордың төрағасы Алмаз НҰРАСХАНМЕН әңгімелескен болатынбыз.
– Алмаз Шәйкенұлы, “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” атты руханиятқа үлкен үлес қосар, маңызды стратегиялық жоба туралы толық ақпарат бере кетсеңіз.
– Иә, “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” көлемі жағынан да, маңызы жағынан да өте ауқымды шаруа. Жоба ұлтымыздың ән-күй өнерін насихаттауға, осы бағыттағы барша жәдігерлерімізді түгендеп, цифрлы жүйеге өткізуге, осы тұрғыдағы жұмыстарды ұйымдастыруға байланысты Елбасы тарапынан берілген тапсырмаларды орындауға бағытталған. Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен дүниеге келген “Мәдени мұра” бағдарламасымен рухтас, өзектес болумен қатар, оны жүзеге асыру барысындағы алға басқан үлкен қадам. Жобаның уақытында аяқталуы үшін 12 адамнан тұратын музыкатанушы ғалымдар мен 15 адамнан жасақталған арнайы ұйымдастырушы топ құрылып, аянбай еңбектенді.
– Жаңа СД дискілер туралы айтып өтсеңіз. Бір дискіге қанша дүние енді? Оның дизайны қандай болмақ?
– Өте орынды сұрақ. Ұзын саны 2000 дананы құрайтын қораптарға 41 дискіден жинақталып отыр. Оған сонау Қорқыт, Кетбұға, Сары Салтық дәуірінен бастау алатын күйлер енгізіліп, әр дискіге қорғаныш код салынды. Ал альбом бояуы ұлттық нақыштармен безендіріліп, қорап сыртындағы түсініктемелер, қорап ішіне салынатын анықтамалық кітап қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылып, оларды безендіруге республиканың жетекші дизайнерлері көп тер төкті.
Жоба жұмыстарын сараптау барысында қазақтың дәстүрлік мұрасының дәуірлік, жанрлық, мазмұндық, стилистикалық, аймақтық ерекшеліктерінің сақталу қажеттігі басты назарға алынды. Сондай-ақ, күй дискілерінің түсіндірме кітапшасы шығарылды. Онда қазақ күйлерінің тарихы, жүйелеу кезеңі, қазіргі хал-ахуалы, жинақтауы, географиялық орнына байланысты ерекшеліктері, аймақтық мектеп өкілдері туралы мәліметтер бар.
– “Қазақтың 1000 күйін” шығару барысында дыбыстық жазбалар қайда жазылды немесе қайдан алынды?
– Жобаны іске асыру барысында Қазақ радиосы алтын қорының, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның, Ұлттық Ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының, еліміздің Орталық мұражайы фонотекаларындағы дыбыс жазбаларын пайдаландық. Ал техникалық өңдеуге келмейтін аса құнды деп танылған туындылар бүгінгі дәстүрлі орындаушыға беріліп, қайта жазылды. Сонымен қатар көрші Астрахань, Моңғолияның Баян-Өлгий, Қытайдың және Өзбекстанның, т.б қазақтар тұратын елдерге арнайы сапарлап барып келдік.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ.
ҚОС ІШЕКТЕГІ ҚҰДІРЕТ
“Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” жобасына халқымыздың ұлы мұрасы еніп отыр. Біз бүгін сол жобаға енген күйлердің сарапталуы, жіктелуі жөніндегі музыка мамандарының мақаласын оқырман назарына ұсынамыз.
Домбыра күйлері. Күйлер, негізінен, үш аспапта – домбыра, қобыз, сыбызғыда орындалған. Соның ішінде, дәстүрлі қазақ музыкасының мейлінше кең таралған және аса биік профессионалдық өреге жеткен саласы – домбыра күйлері.
Тарихи, мәдени және жағырафиялық ерекшелігіне, аспапта орындалу техникасына байланысты, қазақтың домбырашылық, күйшілік өнерінде жеті түрлі орындаушылық дәстүр мен мектептер қалыптасты.
Бұл дәстүрлі мектептер Шығыс, Арқа, Қаратау, Жетісу, Сыр бойы, Маңғыстау, Батыс мектептері деп аталады. Қазақтың домбыра күйлері орындаушылық ерекшелігіне, күйдің құрылымына байланысты шертпе және төкпе деп жіктеледі.
Біз “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” жинағына енген күйшілік мектептердің ретін архаикалық сипатымен ерекшеленетін Шығыс күйшілік дәстүрінен бастауды жөн көрдік.
Шығыс Қазақстан күйшілік дәстүрі. Шығыс өңірінің күйшілік дәстүрі аймақтық жағынан кең ауқымды қамтиды. Өйткені, Шығыс Қазақстан (Семей, Шыңғыстау, Шұбартау, Аягөз, Тарбағатай), Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесі, сонымен қатар, Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы қазақтарының күй мұралары осы дәстүрге жатады. Бұл өңірдегі, негізінен, архаикалық үлгідегі аңыз-күйлерден тұратын күйшілік, домбырашылық өнердің тамыры тереңнен бастау алады.
Шығыс күйшілік дәстүріндегі ең ірі тұлға – қазақ күй өнерінің, оның ішінде шертпе күй саласының дамып, көркеюіне көп үлес қосқан Байжігіт күйші.
Шығыс күйшілік дәстүрінің бір тармағы – Шыңжаң өлкесіндегі Алтай, Тарбағатай, Іле күйшілік мектептері. Алтай аймағында қалыптасқан күйшілік мектептің көрнекті тұлғаларының бірі Бейсенбі Дөненбайұлы күйлерінің тақырыбы сан түрлі. Бежең (ел арасында осылай атаған) туындылары Қытай Халық Республикасының Алтай аймағында, Моңғолияның Баян-Өлгий өлкесінде және Қазақстанның шығыс өңірінде кеңінен тараған. Бейсенбі күйлері осы жинаққа Уәли Бекенов, Ғабдылхақ Барлықов, Тайыр Белгібайұлы, Тұрсын Кәдейұлы сынды майталман домбырашылардың орындауында алынып отыр.
Сонымен қатар, жинаққа Алтай аймағында өмір сүрген Мүкей, Шақабай Шалап, Тайыр Белгібайұлы сияқты күйшілердің туындылары енгізілді.
Тарбағатай өңірінде өмір сүрген күйшілердің ішіндегі айтулы тұлға – Қайрақбай Шәлекенұлы домбырашылығымен қатар, сыбызғышы да болған. Қайрақбайдың күйлері баласы Әнжан арқылы жеткен. Бұл жинаққа Қайрақбай күйлері Кәсімбай Құсайынұлы, Мұқаш Таңғытұлы сынды күйшілердің орындауында ұсынылып отыр. Сол сияқты Тарбағатай өңірінде болған Бәзғалам, Бейісбай, Масығұт, Кәсімбай Құсайынұлы, Қизат Сейітқазин, Қазен Әбуғазыұлының күйлері де осы жинақтан орын алды.
Шығыс күйшілік дәстүрінің бір бөлігі – Шыңжаң өлкесінің Іле аймағындағы күйшілік мектептің ірі өкілі – Әшім Дүңшіұлы. Әшім күйлерінің басым көпшілігі майталман домбырашы Камал Мақайұлы арқылы жетіп отыр. Сонымен қоса, Мазақ, Тілеміс, Әтіхан, Әбеуғали, Әліпбек тәрізді ілелік күйшілердің мұралары да тыңдарман қауымға алғаш рет ұсынылып отыр.
Жетісу күйшілік дәстүрі. Еліміздің Жетісу өлкесінде ертедегі аңыз күйлермен қатар авторлары ұмыт болып, ел арасында сақталып қалған халық күйлері молынан кездеседі. Мысалы: “Аққу”, “Аққудың зары”, “Жеті атан – ерке атан”, “Мұңлық – Зарлық”, “Жетім қыз”, “Жетім бала”, “Жиренше шешен”, “Тепеңкөк”, “Шұбар киік”, “Ақсақ қыз” сияқты көне күйлер ерте дәуірлерден сыр шертеді. Тамырын тереңнен тартатын Жетісу күйшілік өнерінде, бертін келе, үлкен екі мектептің қалыптасқандығын байқаймыз. Бұл мектептер дәулескер күйші-композиторлар Байсерке Құлышұлы және Қожеке Назарұлы есімдерімен тығыз байланысты. Қожабек, Сатқынбай, Қатшыбай, Темірбек Ахметов арқылы бүгінге жалғасып келген Байсерке күйшінің көп мұрасынан, өкінішке қарай, кезінде жинақталып, жазылып алынбағандықтан, көз жазып қалып отырмыз. Осы бір ұлан-ғайыр күйшілік мектептің жұқанасындай болып жинаққа Байсеркенің “Ұран күй”, “Толқытатын күй” деп аталатын туындылары ғана енді. Жетісу күйшілік өнеріне тоқталып, Байсерке күйшінің шығармашылығына қатысты “Ғасырлар пернесі” еңбегінде алғаш А.Жұбанов сөз қозғаған болатын.
Жетісу өңіріндегі тағы бір оқшау көзге түсетін мектеп – Шыңжаң өлкесі күйшілік дәстүрімен сабақтас, Қожеке Назарұлы бастаған домбырашылық үрдіс. Қожеке күйші Жетісудың төрі Қарқара жайлауында дүниеге келген. Қожекенің өмір сүрген заманы аумалы-төкпелі қиын кезеңге тұспа-тұс келді. Ресей империясының қазақ елін отарлау саясатына бағынбаған Қожеке тағдыр тауқыметімен Қытай асып кетеді. Ол жақта да қиын өмірді бастан кешіп, ақырында озбыр заманның саяси құрбаны болған күйші мұрасы бүгінге өзінің ұлы Рақыш, немерелері Шаңия мен Тұрсынғазы, Ясын, жиені Орынбек арқылы жетті.
Жинаққа Қожеке, Сыбанқұл мектептерінің өкілдерімен қатар, Бөлтірік, Қосдәулет, Омархан Керімқұлов, Елемес Таласбай сынды күйшілердің, Тіленді, Шортанбай сияқты Жетісу өлкесінде өмір сүрген белгілі тұлғалардың шығармалары да қосылды.
Арқа күйшілік дәстүрі. Қазақстанның шығыс, солтүстік, орталық аймақтарын алып жатқан байтақ өңірдің атымен аталатын Арқа күйшілік мектебінің ең көрнекті тұлғасы – Тәттімбет Қазанғапұлы. Тәттімбеттің философиялық ой-толғамдарға құрылған “Қосбасар” (9 нұсқасы), “Сарыжайлау”, “Көкейкесті”, “Бес төре” (І, ІІ түрі), махаббат сырын шерткен “Сылқылдақ”, “Көш жанаған”, “Балбырауын”, тарихи оқиғаларға арналған “Айдос”, “Алшағыр”, “Азамат қожа”, “Бозайғыр”, т.б. күйлерін үйреніп, кейінгіге жалғастырған – өз інісі Жақсымбет, балалары Мұсатай, Исатай болған.
Тәттімбет күйлерінің басым көпшілігі белгілі күйші, домбырашы Әбікен Хасенов арқылы жетті. Тәттімбет тәлімі дегенде, ауызға ең әуелі әйгілі Тоқа Шоңманұлының есімі ілігеді. Ел іші оны шыққан руына байланысты “Сайдалы сары Тоқа” атап кеткен. Тәттімбеттен он бес жас кіші Тоқа ұлы күйшімен өнерде үзеңгілес бола жүріп, одан күйшілік өнердің қилы тағылымын меңгерген. Өзінің біліп, үйренгенін Тоқа айналасындағы ізбасарлары Қыздарбек, Әбди, Баубектерге табыстап отырған. Бұлардың барлығы дерлік Тәттімбеттің ізімен “Қосбасарлар” циклын жалғастырды.
Табиғаттың бұла бір сәтін күй арқылы жеріне жеткізіп суреттеген Арқаның тылсым күйшілерінің бірі Әшімтай еді. Оның соңында қалған бір ғана күй “Қоңыр қаз” деп аталады. Атақты Дайрабайдың да күйлерінің көбісі бүгінге жетпеген. Бұл екі күйшінің туындыларын елге табыстаған – әйгілі күйші Мағауия Хамзин.
Қаратау күйшілік дәстүрі. Қаратау күйшілік мектебіндегі негізгі тұлға – Сүгір Әлиұлы. Сүгір өзіне дейінгі Тәттімбет, Тоқа, күйлерін жете меңгере отырып, түр, мазмұн, көркемдік жағынан байытып, дамыта түсті. Әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлын өзіне ұстаз тұтқан Сүгірдің қобыз сазын домбыра күйімен қабыстыра білуі үлкен жаңашылдық болды, қобыздағы мұңды әуеннің Сүгір күйлерінде домбырамен астасуы күйшілік дәстүрге өзгеше рең берді. Ол өмір сүрген өңір – қарт Қаратау, көне Отырар, қасиетті Түркістан аймағы – тоғыз жолдың торабы, түрлі мәдениеттің тоғысқан жері. Сондықтан қазақ музыкасындағы озық жетістіктерді бойына жинаған Сүгір шығармаларында Арқа, Жетісу, Алтай-Тарбағатай, Батыс әуен-саздарының кездесуі кездейсоқ құбылыс емес. Оның күйлері мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекше. “Шалқыма”, “Ілме”, “Бес жорға” (5 тараудан тұрады), “Қаратау шертпесі”, “Жолаушының жолды қоңыры” (2 тарау), т.б. туындыларының қай-қайсысын алсақ та, кемеліне келген көркемдік, мүлтіксіз жаңашылдығымен, соны сипатымен оқшау тұрады. Сүгір күйлерін алғаш республика жұртшылығына танытқан дарынды өнерпаз, қобызшы әрі домбырашы Жаппас Қаламбаев болды.
Сүгір күйлерін асқан шеберлікпен орындап жеткізушілер қатарында күйші, домбырашы Төлеген Момбековтің есімін айрықша атауға болады. Сүгірдің “Қосбасар”, “Жолаушының жолды қоңыры” (2 тарау), “Бес жорға”, “Қаратау шертпесі”, “Телқоңыр”, “Шалқыма”, “Бозінген” сияқты күйлерін өзіндік мәнерімен орындап, өз жанынан да көптеген күйлер шығарған Төлеген Момбеков – Сүгір мектебінің көрнекті өкілі. Антологиядан Сүгір, Бапыш, Төлеген, Жаппас, Боранқұл, Айкен сынды қаратаулық күйшілердің туындылары қомақты орын алды.
Сыр өңірінің күйшілік дәстүрі. Сырдың бойында ертеректе өткен Құрманай Төремұрат, Асан Көнек, Бекпенбет сынды күйшілердің мұралары көнеден көшкен керуендей жалғасын тауып келеді. Одан беріректе Сыр өңірінде өмір сүрген күйші-композиторлардың ішінде үш дәулескер күйшінің есімін атауға болады. Олар: Мырза Тоқтаболатұлы, Әлшекей Бекпенбетұлы, Досжан Құрақұлы. Сыр бойы күйшілік дәстүріндегі көрнекті тұлғалардың бірі Мырза Тоқтаболатұлының ғұмыр кешкен, музыкалық мұрасының молынан сақталған жері – Қызылорда облысының Қазалы өңірі. Бүгінгі күні Мырза күйшінің “Асанқайғы”, “Бұғының күйі”, “Баулы ешкі”, “Алпыс екі Ақжелеңнің бауыр шешпесі”, “Ташауыз” сияқты бітімі, құрылымы бөлек, композициялық жағынан оқшау тұрған жиырмадан астам күйлері белгілі болып отыр.
Мырза күйлерін, сонымен қатар, Сыр бойында сақталған халық күйлерін, Құрманай Төремұрат, Жалдыбай күйшілер мұрасын шашау шығармай, ерекше нақышпен орындап, насихаттаушы – қазалылық дүлдүл домбырашы Нәби Жәлімбетов.
Жоғарыда аттары аталған күйшілердің шығармаларымен қатар, осы антологияға Жалдыбай, Қобылаш, Исламбек Ысқақов, Жалғасбай Аралбаев, Төлеген Қаражанов, Мұзарап Жүсіпов тәрізді Сыр бойында өмір сүрген күйшілердің туындылары да енгізілді.
Батыс Қазақстан күйшілік дәстүрі. Батыс күйшілік дәстүрінің көрнекті өкілдері Махамбет, Боғда, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Мәмен, Түркеш туындыларын қазақ өнерінің ғана емес, бүкіл түркі әлемі музыкасының жетістігі деп айтуға болады. Батыс күйшілік мектебінің қайнар көзінде күйші, әрі жырау, батыр бабамыз Махамбет тұр. Көнеден тамыр тартқан жыраулық дәстүр өкілі Махамбеттің күйлері айбынды жырларымен сарындас болып келеді. Ішкі Бөкей ордасында бүкіл ғұмырын өткізген Махамбет күйлерін сол Исатай бастап, өзі қостаған жорық жылдарының музыкалық портреті десе де болады.
Махамбеттің толғау жырларындағы тегеурінді сарындар осы мектептің теңдессіз тұлғасы Құрманғазы күйлеріне де жат емес. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Бөкей ордасында аса күшті домбырашылық мектеп қалыптасты.
Құрманғазы қалыптастырған күйшілік мектептің аса дарынды өкілі Дина Нұрпейісова – ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр дәстүрін біріктірген, сондай-ақ, Құрманғазы мектебінің жігерлі екпінін, Дәулеткерей дәстүрінің фәлсәфасын, ақсүйектік нәзіктігін терең меңгерген күйші.
Осы дәстүрді алға апарушылар қатарында дүлдүл күйшілер Оқап Қабиғожин, Қали Жантілеуов, Рүстембек Омаров, Төлеген Аршанов, Ғылман Қайрошев, Ғылман Әлжанов, Рысбай Ғабдиев, Әзидолла Есқалиев сияқты күйші-орындаушылардың есімдерін атауға болады. Жинақтағы Батыс күйшілік дәстүріне арналған бөлімде әрқайсысы өз алдына бір төбе – Түркеш, Сейтек сияқты көптеген біртуар күйшілер шығармалары кеңінен орын алды.
Батыс күйшілік дәстүріндегі тағы да бір айтулы тұлға Дәулеткерей Шығайұлы – қазақ халқының күйшілік өнеріндегі айрықша тұлғалардың бірі.
Дәулеткерейдің “Қыз Ақжелең”, “Құдаша”, “Ысқырма” “Керілме”, “Ақбала қыз”, “Бұлбұл”, “Көркем ханым” күйлері лирикалық әуені басым, сырлы сезімге толы болып келсе, “Топан”, “Салық өлген”, “Охота”, “Шолтақ”, “Жігер” сияқты туындылары терең ойға, философиялық толғанысқа құрылған. Орда төңірегінде Баламайсаң, Мүсірәлі, Байжұма, Арынғазы сияқты дарынды күйші-домбырашылар болды. Ал Дәулеткерейдің ізін баса шыққан Әлікей, Түркеш, Салауаткерей, Сейтек сынды дәулескер күйшілер Дәулеткерей алтын діңгегі болған осы бір күйшілік мектептің орнығуына өз үлестерін қосты. Дәулеткерей күйлерінің жеткізушілері – Науша, Махамбет Бөкейхановтар. Ал жеріне жеткізе орындап, жаздырып, насихаттап, кейінгіге мұра қылып қалдырған әйгілі домбырашы Қали Жантілеуов болды.
Қазанғап Тілепбергенұлы шығармашылығы ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақтың аспаптық кәсіби өнерінде үлкен орын алады. Күйшілік өнерде өзгеге ұқсамайтын сара жол салып, өзіндік орындаушылық мектебін қалыптастырған саңлақ күйші, әсіресе, “Ақжелең” деп аталатын тармақты күйлерді дамытуға айтарлықтай үлес қосып, оны түр және мазмұн жағынан байыта түсті.
Жинақтағы Қазанғап күйлері күйші дәстүрін жалғастырған ізбасарлары Жәлекеш Айпақов пен Кәдірәлі Ержановтың, елге танытып, насихаттауға көп еңбек сіңірген майталман домбырашы С.Балмағамбетовпен қатар, Б.Басығараев, Ж.Әлбетов, Қ.Жармағамбетов, І.Ілиясов, А.Райымбергенов, Р.Омаров, Н.Жанаманов, Ж.Асылхановтың орындауларында беріліп отыр.
Маңғыстау күйшілік дәстүрі. Маңғыстау өлкесінде аңыз-әңгімелерімен баяндалатын көне күй үлгілері, айтыс-тартыс, тармақты, тізбекті, тарихи күйлер мол сақталған.
Маңғыстау күйшілік дәстүріндегі көрнекті тұлғалардың бірі – Абыл Тарақұлы. Абылдың бізге жеткен “Абыл”, “Нарату” күйлері – қазақ күй өнеріндегі шоқтығы биік, философиялық мәні терең, эпикалық сарыны басым кемел туындылар.
Маңғыстау күйшілік өнерінің тағы бір айтулы тұлғасы Есбай Балұстаұлы шығармашылығының айшықты бөлігі – “Үш ананың тартысы” деп аталатын циклды күйлерден тұрады. Маңғыстау түбегінде өмір сүрген саңлақ күйші Есір Айшуақұлының “Қос айырған”, “Тоғыз түйеші”, “Көктөбе”, “Манатау”, “Ақжарма” атты тармақты күйлері ұлы даланың симфониясындай сол дәуірдегі ел басынан өткен тарихи оқиғаларды сипаттайды.
Адайдың “жеті қайқысы” атанған өнерпаздар қатарында Маңғыстау күйшілік дәстүрінің көрнекті өкілдерінің бірі Өскенбай Қалмамбетұлының есімі ерекше аталады. Өскенбай күйшінің мұрасы, негізінен, бел баласы Мұрат Өскенбаев арқылы жетіп отыр. Ол Абыл, Есір, Құлшар, Өскенбай, Қартбай сынды күйшілердің туындыларын, ертедегі аңыз күйлерді, өз күйлерін қосқанда, ұзын саны, үш жүздей күй тартқан. Бұл антологияға Абыл, Есір, Есбай, Құлшар, Өскенбай сияқты аттары белгілі күйші-композиторлар күйлерімен қатар, Жолды, Қартбай, Қоңыр, Мұрат Өскенбаев, Айдарбай, Самиғолла Андарбаевтың шығармалары да толық еніп отыр.
Қазіргі заман күйлері. Қазақ музыкасының арнайы кәсіпқойлық жүйеде қалыптасуына, дамуына атсалысқан күйші-композиторлар шығармалары да осы жинаққа арнайы топтастырылды. Академик А.Жұбановтан бастап, С.Мұхамеджанов, М.Қойшыбаев, Х.Тастанов, Р.Омаров, Н.Тілендиев, К.Күмісбеков сияқты Қазақстан кәсіби музыкасының іргетасын қалауға үлес қосқан композиторлардың айшықты шығармаларымен қатар, осы буынға ілесе шыққан М.Әубәкіров, А.Мырзабеков, М.Қалауов, Ә.Есқалиев, С.Балмағамбетов, Ш.Әбілтаев, Қ.Ахмедияров, А.Жайымов, Қ.Тасбергенов, С.Тұрысбеков, т.б. композиторлардың туындылары және С.Құсайынов, Ә.Желдібаев, М.Сыдықов сынды күйшілердің кең тараған күйлері де жинақтан орын алды.
Қобыз және сыбызғы күйлері. Күй жанрының мейлінше профессионалдық сипат алуы, салқар дамуы домбыра аспабына қатысты. Алайда, ең көне күйлер қобыз бен сыбызғыда орындалғаны – даусыз ақиқат.
Әңгімені таратып айтуға газет мүмкіндігі көтермей отыр. Сондықтан да біз бүгін антологияға қобыз бен сыбызғы күйлерінің ең озықтары кіргенін айтумен шектелмекпіз.
Айтжан ТОҚТАҒАН, домбырашы, өнер зерттеуші, профессор,
Мұрат ӘБУҒАЗЫ, домбырашы, өнер зерттеуші,
Талғат МҰҚЫШ, сыбызғышы, өнер зерттеуші,
Саян АҚМОЛДА, қобызшы, домбырашы.