05 Қараша, 2018

Қазақстан мен Эстония Премьер-Министрлері цифрландыру саласында ынтымақтастықты кеңейту келешегін талқылады

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстанға Digital Bridge форумына және Astana Hub АТ-стартаптар халықаралық технопаркінің таныстырылымына қатысу үшін ресми сапармен келген Эстония Республикасының Премьер-Министрі Юри Ратаспен кездесу өткізді.

Қазақстан мен Эстония Премьер-Министрлері цифрландыру саласында ынтымақтастықты кеңейту келешегін талқылады

Кездесу барысында екі елдің ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайту және кеңейту, сондай-ақ, экономиканың маңызды секторларын цифрландыру мәселелері талқыланды. Олардың арасында білім беру, денсаулық сақтау, сауда, көлік және логистика салалары бар. «Жасыл көпір» президенттік бастамасы аясында жүзеге асырылған Жасыл технологиялар орталығының базасында және жалпы қалдықтарды кәдеге жарату саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.

Ауыл шаруашылығы, кедендік декларациялауды автоматтандыру, сондай-ақ цифрлық экономика үшін білікті кадрларды даярлауда тәжірибемен алмасу саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларына ерекше назар аударылды.

Б. Сағынтаев қазақстандық тараптың цифрландыру саласында, әсіресе, Астанада «Экспо» аумағында халықаралық АT-университетті ашу жоспарларын ескере отырып, АТ мамандарын даярлау бойынша тәжірибе алмасуға үлкен қызығушылық танытатынын жеткізді.

Өз кезегінде Ю. Ратас форумға шақырғаны үшін алғысын білдірді, сонымен қатар екіжақты қарым-қатынастардың жоғары әлеуетін және Эстонияның одан әрі ынтымақтасуға деген ықыласын атап өтті.

2018 жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстан мен Эстония арасындағы тауар айналымы $21,7 млн (экспорт – $4,7 млн, импорт – $17 млн) құрады. 2005 жылдан бастап 2018 жылдың ІІ тоқсанына дейін Эстония Республикасынан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны $70,2 млн құрады. ҚР-да эстониялық капиталы бар 70 астам бірлескен кәсіпорын тіркелген.

Тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу, экономика мен ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, халықтың өмір сапасын жақсарту үшін цифрлық экожүйені дамыту мақсатында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданды, ол басты төрт бағытты қамтиды.

«Цифрлық Жібек жолын іске асыру» — сенімді, қолжетімді, жылдамдығы жоғары және қорғалған цифрлық инфрақұрылымды дамыту.

Креативті қоғамды дамыту — цифрлық экономика үшін құзыреттіліктер мен дағдыларды үйрену, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, салалар үшін АКТ мамандарын дайындау.

Экономика салаларындағы цифрлық түрлену — экономиканың түрлі салаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін цифрлық технологияларды жаппай енгізу.

Проактивті мемлекетке көшу — электронды және мобильді үкімет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызмет көрсету саласын оңтайландыру.