Қазақстан • 06 Қараша, 2018

Ананың алдында тұр баба бесік

1104 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Адам баласы үшін туған жердің топырағынан қасиетті не бар дейсіз?! Сол топырақтан өніп-өсіп шыққан әр тіршілік иесінің, тіпті өсімдіктер мен жәндіктердің, жан-жануарлардың да танығаны мен табынғаны – туған жер. 

Ананың алдында тұр баба бесік

Туған жер мәртебесінің биіктеп, атақ-даңқының кең жайылуы – әрбір азамат үшін зор бақыт, үлкен қуаныш. Ал жеке бастың шат-шадыман өмір сүріп, белгілі бір жетістіктерге жетуі – сол зор бақыттың кішкентай бір бөлшегі ғана.

Менің туған жерім – Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы Ақсуат ауылы. Осы бір алтын аймақтың ауасы – менің жанымның дауасы, суының тамшысы – арымның жаршысы.

Қазір сонау тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңдегі кейіске толы кескінін көз алдыма елестете отырып, туған жерімнің бүгінгі бейнесіне жан толқынысымен сүйсіне қараймын. Әр тасына тәу етіп тұрып, «Құдай көпсінбесін!» деп тәубе етемін. Әрине оған себеп – кейінгі уақытта Тарбағатай ауда­нының жалпақ Қазақстанға жар салып, сан түрлі салауатты іс-шараларымен, салтанатты мә­дени, спорттық ірі-ірі бас қосуларымен бүкіл елдің назарын аударып отырғандығы болар.

Тарбағатай ауданының орталығы – Ақсуат ауылының тез арада-ақ көркейіп кеткеніне бәріміз таңбыз. «Адам танымастай өзгеру» деген – осы. 

Қазір бүкіл елдің алғысы мен ақ тілеуіне бөленіп отырған аудан әкімі Ділдәбек Ораз­баевтың ұшқыр ойы мен ұтқыр әре­кеттеріне басқа жерлестер сияқты мен де дән ризамын. Әрине бұл жолы оның бітірген, тыңдырған істерін тізбелеп отыруды мақсат еткен жоқ­пын. Айтарым – бір-ақ нәрсе. 

Ділдәбек Оразбаев аудан әкімі болып келгеннен кейін саябақтарды өңдетіп, жөн­детіп, оның біріне ұлы Абайдың еңселі ескерткіштерін орнаттырды. Мұнымен ғана шектеліп қалмай, екінші саябаққа бүкіл елдің анасы – атақты Мұрын ананың ескерткішін тұрғызды. Міне, менің айтпағым осы бір ананың алып мүсіні және оның алдына қойылған баба бесік туралы еді.

Мұрын ана – Алты Алашқа белгілі, аты аңызға айналған әулие аналардың бірі. Ол үйсіннің ұлы биі болған Бәйдібек Қарашаұлының үшінші әйелі Домалақ анадан туған Жүзей қыз. (кейде Дүзей деп аталады. Бұл дыбыстың тарихи өзгеріліміне байланыс­ты. Мысалы, «жүз» дегенді «дүз» деп дыбыс­тау осы күнге дейін бар). Жүзейдің анасының азан шақырып қойған аты Нұриланың әулиелікпен атағы шығып, Домалақ ана деген есіммен аталып кеткен. Жүзей қыз Найманның атақты батыры және биі болған Байыстың ұлы Сарымырзаға ұзатылып, келін болып түсе салысымен-ақ зор парасат иесі екендігін тұтас ел мойындаған. Сарымырза сүйікті жарын еркелетіп, Мұрын деп атап, содан Жүзей қыз Мұрын бәйбіше аталып кетіпті. Мен осы Мұрын анамыз туралы «Мұрын ана – Жүзей қыз» деген тарихи дастан жазып, ол жарияланған болатын («Егемен Қазақстан» 2018 ж. 12 наурыз. №48).

Қазіргі Тарбағатай ауданының тең жарымынан артығы – осы Мұрын ананың ұрпақтары. Олар өздерін «Мұрынбыз» дейді. Оның себебі – Сарымырза бабамыз жер ортасы жасқа жетпей жау оғынан өліп бара жатқан кезде, «Менің әулетім Мұрын атансын» деп аманаттап кеткен екен.

Міне, осы Мұрын анамызға осыдан екі жылдай бұрын тұрғызылған ескерткішінің алдына таяуда ғана бесіктің бейнесі қойылды. Осы бір жаңалық ел мен жұрттың ойынан шығып, шат-шадыман болғаны рас. Бұл – аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың өзі ойлап тапқан көрегендік және көркемдік бір табысы деп білеміз.

Әбубәкір ҚАЙРАН,

ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының 

лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, 

Тарбағатай ауданының құрметті азаматы